Технология

Стрим деген не, стример деген кім?

Стрим – бұл провайдерден пайдаланушыға аудио және бейне деректердің онлайн түрде үздіксіз беріліп отыруы. Дәлірек айтқанда, «интернеттегі тікелей эфир».

Қазіргі жастардың лексиконына берік енген «стрим» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «ағын» дегенді білдіреді. Бүгінгі күні стример болу тек сәнде ғана емес, сондайақ қосымша табыс көзі десе де болады.

Сонымен, стример деген кім? Қалай стример болып, ақша табуға болады?

«Стрим» деген қарапайым тілмен айтқанда…

Жаһандық іздеу жүйесінде «қалай стрим жасауға болады?» деген сауал мегатанымал боп кеткен. Теория бойынша бәрі түсінікті боп көрінгенімен, іс жүзінде сұрақ тудыратын кейбір нюанстары бар. Біз осыны телеэфирді мысалға ала отырып, түсіндіріп көруге тырысайық.

Теледидардан берілетін тікелей эфирдің не екенін білмейтініміз кемде кем. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл ыңғайсыз жағдайларды, сәтсіз кадрларды қиып тастай алмайтын, көрерменге тікелей көрсетілетін түсірілім. Стрим де осындай «тірі» эфир. Көбінесе трансляциясы Twitch, YouTube, GoodGame, т.б. интернет алаңдарында өтеді. Телеэфирден бір ерекшелігі, мұнда кез келген адам жасы мен жынысына және дикторлық біліктілігіне қарамастан, эфирді жүргізе алады.

Харизмасымен, экрандағы тартымдылығымен танымал стримерлер жастардың назарын көбірек аударып, біздің заманымыздың басты кейіпкерлерінің біріне айналуда.

Стрим – ақпарат берудің мүлдем жаңа форматы, тіпті мектеп оқушысы да стрим жүргізіп жұлдызға айнала алады. Әрі көрермен де эфирді тамашалау үшін гаджеттеріне қосымша бағдарлама жазып,  әуре болмайды.

Стримде не туралы әңгіме айталады?

Стримнің қандай тақырыпта болатыны өте маңызды. Өйткені тақырып актуалды әрі қызықты болса, көрілімі де көп болады. Мәселен, кең таралған тақырыптар: компьютер ойындары, кітап пен кино талқылау, білім беру вебинарлары, мастеркласстар, make up жасауды үйрету, жаңалықтарға шолу, тағам әзірлеу, саяхат, спорт, т.б.

Стрим түсіру үшін не керек?

Стримердің жұмыс орны мүлдем стандартқа жатпайтын кез келген жерде: ванна бөлмесінде, автокөлік салонында, тіпті Гавайи жағалауларында да болуы мүмкін. Интернет бар жердің бәрінде креатив жасауға болады. Стримердің басты жабдығы – сапалы гаджет: смартфон, планшет, компьютер, ноутбук, т.б. Сондай-ақ, жоғары жылдамдықтағы интернет, сапалы микрофон мен вебкамера да маңызды. Стримнің сапалы шығуы жинақы құрал-жабдыққа байланысты.

Стрим арқылы ақша табуға бола ма?

Әрине! Стример болу тек виртуалды достармен әңгімелесіп, ой-пікірді еркін жеткізе алу ғана емес, сонымен қатар, жақсы ақша табудың да көзі. Табыс деңгейі стримердің харизмасы, оның шешендігі, қарым-қатынас жасау қабілеті, әзілге бейімділігі секілді бірнеше факторларға байланысты. Мұның бәрі эфирдің мазмұнына да, стримердің танымал болуына да әсер етеді.

Стример үшін өз контенті арқылы табыс табудың жолдары:

жарнама;

ақылы жазылым;

донаттар (қайырымдылық)

Жарнама

Тікелей эфир кезінде пайда болатын жарнамалық блоктар, әрине, стримерлердің қазынасына қомақты қаражат әкеледі. Алайда оның мөлшері жарнаманың басылған санына немесе қаралу санына байланысты. Бұл ең танымал стримиңдік қызметтер қолданатын төлем принципі.

Ақылы жазылым

Ақылы жазылымдардың белгілі бір пайызы стримердің жалпы табысының көп бөлігін құрауы мүмкін. Әсіресе, егер стример өзінің тыңдармандарының көзайымына айналса. Интернеттегі ақпаратқа сәйкес, ең танымал ресейлік стримерлер ақылы жазылым арқылы айына 500 долларға дейін табады.

Донаттар

Стримнен түсетін қосымша табыс – стримердің еңбегі үшін көрерменнің ерікті түрде қайырымдылықпен жіберетін ақшасы. Көбінесе стримерлер қосымша жабдық сатып алу үшін ерікті төлемдер ұйымдастырады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button