WhatsApp-тан бас тартқандар қандай мессенджерлерді пайдаланып жатыр?
Соңғы үш аптада WhatsApp 30 миллионнан астам пайдаланушысынан айырылған. Пайдаланушылардың WhatsApp-тан жаппай бас тартып жатқаны осы платформадағы қызмет көрсету шарттарының нашар дайындалғандығымен байланысты болды.
WhatsApp 2014 жылдан бері Facebook компаниясына қарайтынын білеміз. Енді олар Facebook-ке пайдаланушылар туралы мәліметтерді беретінін жариялады. Бұл адамдар арасында хабарламалардың құпиялылығы сақталмайды деген қауіп тудырды.
Естеріңізге сала кетейік, WhatsApp биыл 8 қаңтар күні қолданушыларға арналған жаңартылған келісім-шартты жариялаған болатын. Қосымшаның жаңа нұсқасында Facebook әлеуметтік желісімен ақпарат бөлісуді бастайтыны туралы хабарланды.
Негізінде әңгіме геолокация туралы және Facebook-ке тиесілі бағдарламаларды орнату мен жоюға қатысты ақпараттар туралы болған. Алайда, бұл әлемнің түкпір-түкпіріндегі пайдаланушылардың жағымсыз реакциясын тудырды. Олардың көпшілігі күнделікті байланыс үшін басқа мессенджерлерді пайдалануды қазірдің өзінде бастап кетті.
Telegram-ды білеміз, ал Signal қандай мессенджер?
Қазір WhatsApp-тан бас тартқан адамдардың шамамен 25 миллионы Telegram мессенджеріне ауысты. Ал тағы 7,5 миллион адам Signal мессенджерін пайдалануды бастады.
АҚШ Ұлттық Қауіпсіздік Агенттігінің бұрынғы қызметкері, қашқында жүрген белгілі диссидент Эдвард Сноуден бірнеше жыл бұрын Signal мессенджерін жарнамалап, ең қауіпсіз сервистердің бірі деп айтқан болатын.
Әлемді аузына қаратқан Илон Маск те Signal мессенджеріне көшу туралы үгіт-насихат жүргізгенін естеріңізге сала кеткіміз келеді.
Signal мессенджері – бұл тегін әрі жылдам хабар алмасуды қамтамасыз ететін сервис. Signal-дың ең басты ерекшелігі – құпиялылық пен қауіпсіздікке қалтқысыз жауап береді.
Соңғы уақытта әлемдік танымалдылыққа қол жеткізген Signal мессенджері арқылы да хат алмасуға, аудио және видео қоңыраулар жасауға, сондай-ақ, WhatsApp-та жасауға болатын барлық операцияларды орындауға мүмкіндік қарастырылған.
Дегенмен, біршама пайдаланушысынан айырылғанымен, WhatsApp мессенджері әлі де өз тұғырынан түскен жоқ.
«Qadam.asia»