Жаңалықтар

Кредит төлей алмаймын: Несиесін жаба алмаған адам не істеуі керек?

Жаңа заң күшіне енеді

Несиесін төлей алмаған адам банкпен келісе отырып жеңілдік алуына болады. Ол үшін не істеу керек, несие нарығында қандай жеңілдіктер бар және заңнамамен қалай өз құқығыңды қорғауға болады, сол сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Қаржы нарығын реттеуші Агенттік мамандарының айтуынша, несиесін төлей алмаған адам уақыт жоғалтпай банкке жүгінгені жөн. Бір жағынан ерте баруына да болмайды. Заңға сәйкес 30 күн «просрочкаға кіріп кеткен» азамат банкке барып жүгінуіне болады.

Яғни, банкке барып неге несие төлей алмағанын, себебін, басында болған қиындықтарын айтып, өтініш жазуы керек. Өтініш бере отырып келесідей жеңілдіктерді сұрауына болады:

Пайызды төмендету;

– Займ валютасын өзгерту;

– Негізгі қарыздың пайызы мен төлемін уақытша кейін қалдыра тұру;

– Қарызды төлеудің амалын өзгерту;

– Келісімшарттың уақытын ұзарту не қысқарту;

– Қарызды кешіру, пайызды азайту.

Ал банк өз кезегінде азаматтың берген өтінішін 15 күнтізбелік күнде қарастырып, жазбаша түрде жауап береді. Банк өтінішті қабылдауы да мүмкін. Қабылдамауы да мүмкін. Қабылдамаса, неге қабылдамаған себебін түсіндіріп жазады.

«Егер азамат табысынан айырылғанын не төмендеп кеткенін толық дәлелдей алмаса, онда банк өтінішті қабылдауына құқылы», – дейді Агенттік мамандары.

Ал банк өтінішті мақұлдамаған жағдайда, азамат 15 күнтізбелік күннің ішінде құқық қорғау органдарына жүгініп, шағым жазуына болады.

«Несие нарығын реттеуге қатысты биыл жаңа заң қабылданды. 2021 жылы 1 қазаннан бастап күшіне енеді. Аталмыш заңда кешіктірілген төлемді (просрочка – ред.) реттеудің бірыңғай режімі бекітілген. Шағын несие ұйымдары да заңға бағынады. Банк пен несие беруші ұйымдардың елді қанауға жол бермеуі үшін өсім, комиссия мен айыппұл, басқа да үстеме ақыларды алуына қарсы шаралар қолданылады. Бұрын ипотекалық несиеге ғана қолдыналған бұл шаралар енді тұтынушылық несиені қорғау үшін де қолданылмақ. Егер азаматтың басына қиын жағдай туса (мәселен, денсаулығы нашарлау, жұмыста жарақат алу), онда банк несиенің пайызы мен өсімін кешіруі де мүмкін», – дейді Қаржыгерлер қауымдастығының тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі директоры Ляззат Үсенбекова.

Одан бөлек, несие алушылардың құқығын қорғаумен айналысатын Банк омбудсмені атты ұйым бар. Бұл ұйым несие беруші ұйым мен несие алушы адамның арасындағы кикілжіңді шешумен айналысады.

«Аталмыш ұйымның заңдық қорғауы жағы мықты. 90/180 күнге дейін төленбей қалған несиенің айыппұлы мен өсімін толық тоқтатуға, негізгі қарызды ғана қалдыруға, қарыз жүктемесін әжептәуір азайтуға қауқарлы«, – дейді Ляззат Үсенбекова.

Айта кеткен жөн, егер банкпен арадағы дауды шеше алмаған сәтте не банк өтінішті қабылдамаған жағдайда Қаржылық нарықты реттеу агенттігіне шағымдануға болады. Ал өтініш пен шағым жазуға кеткен уақыттың өсімпұлын банк алмайды.

Сарапшылардың қарызын төлей алмай жүрген жандарға берер кеңесі – мүлде қашуға болмайды. Сөйлесіп, бәрін түсіндірген абзал. Мұндай жағдайда банк өсімпұл пен айыппұл салуға толық құқылы.

 

Ұқсас мақалалар

Back to top button