Университет ұжымы қоғамдық көліктерде тегін жүреді
Елордада университет ұжымы қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басшылығы мен жергілікті кәсіподағы ЖОО-да жұмыс істейтін әрбір адамның атқаратын лауазымы мен еңбек функцияларына қарамастан тұрақты әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіп отырады.
2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен ұжымы қалалық және қала маңындағы қоғамдық көліктерге тегін жол жүру билеттерін алады. Сондай-ақ оқытушылар мен қызметкерлерге жеке кеңсе тауарлары мен жұмысқа қажетті керек-жарақтар жиынтығы беріледі.
Қазіргі уақытта университетте әлеуметтік қолдау жүйесі 3 бағыт бойынша дамып жатыр. Олар – үздіксіз медициналық көмек көрсету, қаржылық қолдау және нарықтық бағадан төмен бағамен экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз ету, – дейді жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Айтхожин.