Жарнамада бейне технологияларды қолдану: өндірістің тиімділігі мен сипаттамаларын талдау
Ғаламтор желісінде видео-жарнаманың артықшылықтарының бірі – бейнені өте тиімді және салыстырмалы түрде арзан пайдалануға мүмкіндік береді. Расымен де, егер сіз видео – жарнаманы цифрлық маркетинг стратегияңыздың бөлігі ретінде қолдана алмасаңыз, онда сіз бәсекелестеріңізден артта қалдыңыз деп есептей беріңіз. Қазіргі таңда адамдар күн сайын Youtube-те шамамен 4 миллиард бейнені көреді және бұл жарнамалар арқылы «B2b (business-to-business)» қолданушылары өздеріне тауарды сатып алу туралы шешімді қабылдауға көмектеседі.
Бұл статистикадан бөлек, назарыңызға жарнамада видео технологияларды қолданудың жеті артықшылығын ұсынамын.
- Бейне технологиялар сатылымды арттыруға септігін тигізеді.
EBay және Amazon мәліметтері бойынша, өнімнің сипаттамасына бейне қосу сатылымды 35%-ға арттыруы мүмкін. Бейне жарнамалар практикалық нұсқаулықтардан бастап тұтынушылардың пікірлеріне дейін кез келген нәрсені қамтуы мүмкін. Дұрыс видео-жарнама сіздің ұсынатын өнім мен мақсатты аудиторияңыздың кім екеніне байланысты.
- Бейнелерді басқа қолданушылармен бөлісуге болады.
Адамдар сіздің өніміңізді сатып алмаса да, қызықты бейнемен әлеуметтік желілерде бөлісуі мүмкін. Бұл сіздің компанияңыз туралы ақпарат беріп қана қоймай, сонымен қатар SEO-ны (Search Engine Optimization) арттырады.
- Бейне – мобильді пайданушылар үшін өте ыңғайлы.
Ұялы телефон арқылы онлайн сауда жасайтын адамдардың саны өсуде. 2016 жылы ұялы телефондар онлайн сауда үшін ең көп қолданылатын құрал ретінде дербес компьютерлерден асып түсті. Және статистика бойынша қысқа видео-жарнамалардың шамамен 88%-ы мобильді құрылғылар арқылы қаралады.
- Бейне – тұтынушыларды ақпараттандырудың озық технологиясы.
Ұзақ мәтіндермен, шектеусіз суреттермен танысу көп уақытты қажет етеді. Және ақпараттандырудың мұндай тәсілі өтімсіз. Ал бейненің фотосуреттерден айырмашылығы қысқа да нұсқа және аудиторияның назарын бірден өзіне аударады. Адамның миы «жалқау» болғандықтан, ол әрдайым ақпаратты қабылдаудың жеңіл жолын іздейді.
- Бейне шектеулі уақыт ішінде үлкен көлемдегі ақпарат бере алады.
Бейнелер арқылы сіз мәтінге қарағанда әлдеқайда қысқа уақыт ішінде ақпаратты тез әрі тартымды етіп жеткізе аласыз. Сонымен қатар, бейне көбірек сезім мүшелеріне (көру, есту) әсер етеді. Бейне технологияларды компанияның тарихын, өніміңіздің артықшылықтары мен кері байланыс үшін пайдаланаңыз. Сізге тек аудиториямен қалай жақсы байланысуға болатындығын анықтау керек.
- Бейне технологиялар өте қолжетімді.
Бейне-жарнамамен айналысатын кәсіби компаниялардың қызметіне әрдайым жүгіне аласыз. Бірақ, егер сізге қаражат үнемдеу керек болса, қолыңыздағы смартфонның көмегімен керемет нәтиже шығаруға болады. Ол үшін тегін мобильді қосымшалар мен бағдарламалық жасақтамалар бар. Ал оларды әлеуметтік желілерде жариялау бір тиын да тұрмайды. Компанияңыз өскен сайын кәсіби бейне қызметтеріне жүгінуіңіз мүмкін, алайда ғаламтордағы бейне – барлық адамдар үшін қолжетімді.
- Сапалы аналитикалық құралдардың болуы.
Facebook және Youtube платформаларында бейне мазмұнының қаншалықты өтімді екенін көрсететін аналитикалық құралдар бар. Бұл құралдар арқылы бейненің қанша қаралым, «Like» жинағанын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сіз бұл деректерді маркетингтік науқандар мен бейне жарнамаларды жоспарлау үшін пайдалана аласыз.
Материалды әзірлеген: Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы, «Медиажурналистика» мамандығының 2-курс студенті Аяулым Темірбек