Денсаулық & Психология

ПЭТ/КТ қандай аппарат? Отандық медицина қатерлі ісікті емдей ала ма?

2018 жылы статистика бойынша әлемде онкологиялық дертке шалдыққандар саны 18,1 миллион болған. Оның 9,6 миллионы сол дертпен күресіп қайтыс болған. Ал елімізде сол жылы 32 228 жағдай тіркеліп, 14 369 адам дерттен көз жұмған. 

Әлемді де, біздің елді де алаңдатып отырған бұл дерттен құлан-таза айығып кететін әдісті тапқан әлі ешкім жоқ. Нақтысы емі бар бірақ, өте күрделі. Химия терапиядан, сәулелендіруден өту кезінде науқастар шыдай алмайды. 

Qadam.asia редакциясының бүгінгі қонағы Алматы қаласында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты базасындағы ПЭТ/КТ орталығының администраторы Кунтуарова Бақыт Нұрланқызы. 

ПЭТ/КТ аппараты

ПЭТ/КТ деген қандай аппарат? Оның көмегімен нені анықтауға болады?

ПЭТ/КТ – екі жиһазды біріктіру арқылы жасаған медициналық аппарат. «ПЭТ» деген аббревиатура позитрондық эмиссиялық томографияны білдіреді. Екіншісі бұл бізде компьютерлік томография. Оның көмегімен онкологиялық дертке шалдыққан науқастардың дертінің ағзасына қаншалықты жайылғанын анықтай аламыз. Мәселен, бір науқастың омырау бездерінде ісік болса, оның ем қабылдамас бұрын ПЭТ/КТ жасаймыз. Сол арқылы оның басқа мүшелерінің зақымданғанын әлде зақымданбағанын тексереміз. Сосын барып оған емделу әдісін ұсынамыз. 

Бұдан бөлек химия және сәулелендіру терапиясын алған адамдардың мүшелерінде қандай өзгеріс барын, емнің қаншылықты әсер етіп жатқанын көре аламыз. 

ПЭТ/КТ орталығының администраторы Кунтуарова Бақыт Нұрланқызы

Елімізде ПЭТ/КТ аппараттары барлық өңірде бар ма? Егер жоқ болса себебі неде?

Қазақстанда бұл аппарат тек екі қалада бар: Нұр-Сұлтан және Алматыда. Барлық өңірде ПЭТ/КТ аппаратының болмауын нақты айта алмаймын, бірақ әр әр өңірде болуы керек деп есептеймін. Себебі елімізде онкологиялық ауруға шалдыққандар саны жыл сайын артып келеді. 

Алматыдағы Онкология институты базасында орналасқан ПЭТ/КТ аппаратына түсуге күнделікті қанша адам келеді?

Алматыдағы Онкология институтындағы ПЭТ/КТ орталығына күніне орташа есеппен 25-30 адам осы аппаратқа түсуге келеді.

Алматыдағы ПЭТ/КТ аппараты қайта өңдеуден өткен. Бұрын 15 минут уақыт алатын болса, қазір науқастың салмағына байланысты 7 минут ішінде түсіру қабілеті бар. 

Тексеруден өткен қазақстандықтардың дені әйелдер ме әлде ерлер ме?

Нақты біздегі орталық бойынша айтатын болсам, негізінен әйелдер өтеді. Себебі FDG-18 дәрісі ерлердегі онкологиялық аурудың барлық түрін көре алмайды. 

Қазір онкологиялық ауруға шалдыққа адамдар бірден шетелге шығуды көздейді. бізде емдей алмай ма әлде басқа себебі бар ма?

Дәл солай. Тіпті емді айтпағанда қазақстандықтан осы аппараттан да өту үшін шетелге барады. Меніңше, халықтың дәрігерлердің біліктілігіне сенбеуінен бұл мәселен туындап отыр. Өйткені біздің халық өзіміздің медицинаға сенбейді. Ал емдеуге келсек, отандық дәрігерлер онкологиялық ауруды емдей алады. Бізде білікті, мықты әрі дарынды мамандар бар. Ескеретін бір мәселе бар, бұл дарынды дәрігерлерге халықтың қолы жете бермеуі мүмкін.

Мәселен шетелде тексеріліп, дертінің сараптамасын алып келген науқастарды қайта тексеруден өткізіп, шетелдік дәрігерлердің өзі қате диагноз қойғанын тауып, қайта емдеп жіберген дәрігерлеріміз бар. Қазір өзімізде ем алып, өмірін жақсартып, жақсы жаққа бет алған науқастардың да саны артып келеді. 

ПЭТ/КТ түсу ақылы ма? Тегін емделуің жолдары бар ма?

ПЭТ/КТ аппаратына ақылы да тегін де түсуге болады. Дегенмен ескерту болсын, бұл аппаратқа түсу керек екен деп келе салуға болмайды. Мамандар да оны түсіре салмайды.

ПЭТ-ке түсу үшін УЗИ, МРТ, КТ деген секілді диагностиканың әдістерін қолданып, тексерістен өту керек. Содан кейін барып көрсеткіштерге қарай аппаратқа түсіреміз. Бұл тегін де, ақылы да өтетін науқастарға ортақ ереже. 

Тегін өткісі келетін науқастарға бөлек шарттар бар. Атап айтқанда: 

  • Науқас Онкологияда есепте тұру керек;
  • FDG-18 дәрісі науқастың диагнозын нақты көре алатын болуы керек;
  • Науқасқа керек құжаттар реті бар, соны жинау керек.

ПЭТ/КТ түскен адамдар нені ескеру керек? Өзінің арнайы ережелері бар ма?

Әрине. Тіпті міндетті түрде бар. Себебі біз айтып отырған медициналық аппараттың радиациялық күші бар. Сондықтан науқас ПЭТ-ке келер алдында мыналарды ескеру керек:

  • Қант диабеті бар ма жоқ па соны білу керек;
  • Толық диагнозын анықтау керек;
  • Салмағын білу маңызды;
  • Аш қарынға келу керек. Тек су ішуге рұқсат беріледі.

Аппараттан өткеннен кейін науқас:

  • Қоғамдық ортаға;
  • Жүкті әйелдерге;
  • Кішкентай балаларға зиян келтірмес үшін үйінде отыру керек. 8 сағатқа дейін бұл ережені сақтауы тиіс. Сол кезде ғана біз нақты нәтижені ала аламыз.

Пайдалы сұқбатыңызға рақмет!

«Qadam.asia».

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button