Қоғам

Пандемиядан кейін: болашақта қандай апаттар болуы мүмкін?

Голливудтық фильмдерді жасаушылар үнемі адамзатты жоюдың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Бірақ қайсысының болу ықтималдылығы жоғары? Qadam.Asia болашақта болуы мүмкін әлемдік апаттар жайлы сөз қозғайды.

Күннің жазасы

Күн біздің планетамызды жылытып, барлық тіршілікке өмір сыйлағанымен, қазіргі адамзат толығымен электр мен электроникаға тәуелді. Біз технологияға байланған сайын, күн тәжінен үлкен плазма бұлттары ұшып шығып, біздің планетамызға түседі де полярлық шұғыла мен геомагниттік дауылдар тудырады.

1859 жылы әуесқой астроном Ричард Каррингтон геомагниттік дауыл тудырған күннің жарқылын байқайды. Магниттелген плазманың Жерге соққысы бірнеше күн бойына телеграф таратылымдарын қуаттандыруға жеткілікті электр зарядын тудырған. Содан бері астрономдар осындай «Каррингтон оқиғаларын» (күннің қуатты дауылдарын) күннен-күнге алаңдаушылықпен бақылап отыратын болды.

Егер біз Күннен соққы алатын болсақ, бұл бүкіл бір континентте электр қуатының үзілуіне, жасанды жерсеріктердің жоғалуына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл мыңдаған адамдардың құрбан болуына, триллиондаған доллардың шығынына әсер етеді.

Жасанды интеллекттің шабуылы

Біреулер ақырзаман оттан болады, екіншілер судан болады десе, ақырзаман жасанды интеллекттен болады дейтін үшінші топ та бар және бұл болжам негізсіз емес. «OFF» батырмасы жоқ Франкенштейнге ұқсайтын құбыжық ойлап табуымыз екіталай, әрине. Бірақ кішкентай ғана қателіктен үлкен апаттар туындауы мүмкін екенін ұмытпағанымыз жөн. Әсіресе, қазіргідей технологияның дамыған дәуірінде Франкенштейн жасап шығарғысы келетіндер де табылады.

Спутникті навигация бізге жол көрсетеді, электронды құрылғы таңертең ұйқымыздан оятады, ал компьютерлер ядролық станциялар мен ұшақтарды басқарады. Электронды бағдарламалық жасақтаманы (БЖ) «жасанды интеллект» деп атауға болатындай етіп жасау соншалықты фантастика емес боп қалды. Бұдан кейін неден қорқу керек екенін «Терминатор» мен «Матрицаны» көргендер түсінеді.

Үшінші дүниежүзілік соғыс

«Үшінші дүниежүзілік соғыста қандай қарумен соғысатынын білмеймін, бірақ төртіншісінде таяқпен, таспен соғысатыны анық» – Альберт Эйнштейннің бұл сөзі пайғамбарлық боп шықса ше? Қазір адамзат өз түрін жойып жіберу үшін небір құралдарды ойлап тапты, сондықтан жаһандық қақтығыс бола қалған жағдайда сәтті нәтижеге деген сенім жоқ.

Ядролық қарулар, кибершабуылдар, биологиялық және химиялық қарулар, біз атын да біле бермейтін әртүрлі құпия қарулар… Егер осы арсенал толығымен іске қосылса, планетадағы бүкіл тіршілік иесін жойып жіберуге қауқары жететіні анық.

Жаһандық экономикалық коллапс

Соңғы 20 жыл ішінде экономика көптеген қиындықтарды бастан өткерді. Сарапшылардың айтуынша, 2008 жылдан бастап қоғам жылдан жылға дүниежүзілік экономикалық дағдарыс жағдайының асқындауына ұшырап жатыр. Биылғы пандемия экономиканы одан сайын басып-жаныштап тастады. Сарапшылар жаһандық экономиканың хәл-ахуалын бұдан әрі тек нашарлауы мүмкін деп болжайды. Әлемдік экономиканың күйреуі аштыққа, соғыстарға және соның салдарынан миллиондаған адамның өліміне алып келеді.

Генетикалық эксперименттің сәтсіздігі

Этика мамандары мен фантаст-жазушылар біздің генетикалық амбицияларымыз қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете алмай қалуы мүмкін деген қорқыныштарын жасырмайды. CRISPR-Cas9 секілді жаңа әдістер генетикалық манипуляцияны дәл және өте қауіпті құралға айналдырды.

2015 жылдың сәуірінде қытайлық ғалымдар тобы өмірге қабілетсіз эмбриондарды өңдеу кезінде CRISPR-Cas9 әдісін қолдану процесін сипаттады. CRISPR-Cas әдістері аурумен күресуде пайдалы болуы мүмкін, мысалы, безгек тарататын масалардан сақтана аласыз. Алайда генетикалық өзгерістердің салдарын болжау өте қиын, ал оны түзету одан да қиын.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button