Мәдениет

Сіз білмеген Жаңа жыл

Жаңа жыл көктемде тойланатын

Жаңа жылды тойлау тарихының тамыры Месопотамиядан бастау алады. Онда табиғаттың көктемгі оянуын тойлау дәстүрі пайда болған. Бұл наурыз айында аталып өтілетін. Бұл күндері ешкім жұмыс істемейтін, адамдар мерекелік шараларға, көңілді маскарадтарға қатысатын.

Кейінірек гректерде, содан кейін мысырлықтар мен римдіктерде Жаңа жылды тойлау 1 қаңтарға ауысты. Біздің Жаңа жылымыз – ежелден келе жатқан Наурыз тойы боп есептеледі. Жер-дүниенің жаңарып, табиғаттың жанданған шағын жылдың басы деп санап, ал 1 қаңтардағы мерекені орыстардан «жұққанын» білеміз. Бірақ орыстарда да бұл күн нақты Жаңа жыл боп саналмаған, олардың Жаңа жылды тойлау дәстүрі қыстың соңымен тұспа-тұс келген.

1699 жылы Петр I патша Жаңа жылды 1 қаңтарда атап өту туралы жарлық шығарады. Бұл Григориан күнтізбесі бойынша өмір сүрген барлық еуропалық елдердің үлгісі бойынша жасалған еді. Содан бері 1 қаңтар – біз өмір сүретін күнтізбе бойынша Жаңа жыл боп саналады.

Жаңа жылдық дәстүр

Әр елдің өз жаңа жылдық дәстүрлері бар, бірақ бәріне ортақ қалыптасқан ғұрыптарды кез келген шаңырақтан көруге болады.

Жанұялық отырыс

Көптеген адамдар мерекені жылы, жайлы, үй жағдайында атап өтуге бейім. Көпіршігін шашыратып аққайнар құйылған бокалдарды көтеріп, ізгі тілектер айтып, жанұямен, достармен бірге Жаңа жылды қарсы алуға не жетсін!

Үйді безендіру

Ежелгі уақыттан бері үйде мерекелік атмосфераны құру әдетке айналған. Ерте замандағы адамдар алма, жаңғақ, картоп, жұмыртқамен үйлерін әрлеген көрінеді. Кейіннен шыны шарлар, гирляндтар және басқа да таныс сәндік элементтер пайда болды. Бүгінгі таңда үйіңізді ертегіге айналдыру қиын емес боп қалды.

Сыйлық жасау

Жаңа жыл сыйлықсыз өтпейді. Жақын адамдар бір-біріне тосын сый жасап, ескі жылды аман-сау өткеріп, жаңа жылдың құтты болуын тілейді. Бұл барлық халықтарға ортақ боп кеткен дәстүр.

Әр елдің салты басқа, сенімі бөлек…

Вьетнам тұрғындары Жаңа жыл түнінде үй құдайы сазан балықтың артына мінгесіп алып, көкке ұшады деп сенеді екен. Сол үшін алдын ала балық сатып алып, түнде су айдынына жіберетін көрінеді. Сонда үйді қорғайтын құдайды келер жылға дейін транспортпен қамтамасыз етеді екен.

Кипр аралының тұрғындары қараңғылық жаңа жылда сәттілік әкеледі деп сенгендіктен, түн ортасында үйлеріндегі шамдарды бір сәтке сөндіріп қояды.

Мереке ортасында көптеген итальяндықтар ескі заттарын терезелерінен лақтырып тастайды және сол сәтте олар өздері тек қызыл іш киіммен ғана қалады.

Қытайлықтар мереке күні пышақ, қайшы, т.б. өткір заттарды мүлдем қолданбайды. Олар Жаңа жылмен бірге келетін сәттілікті «қиып, кесіп» алудан қорқады екен.

Француздар дөңгелекті бақытты жаңа жылдың символы деп санайды, сондықтан олар достары мен отбасы мүшелеріне сыйлық ретінде дөңгелек сыйлайды.

Жаңа жылдық дастархан

Англия Рождество пудингі

Англияда кез-келген үйдің дастарханында ұннан, қантталған жемістерден, лимон қабығынан, алма, мейіз, жаңғақ және дәмдеуіштерден жасалған тәтті десерт бар. Ол десерт мерекеге бір ай қалғанда дайындала бастайды. Әсіресе, жас отбасылар бұл десертсіз Жаңа жылды өткізбейді.

АҚШ фаршталған күркетауық еті

АҚШ тұрғындары кез келген мерекеде күркетауықтың фаршталған етін жегенді жақсы көреді. Жаңа жылда да сол. Бірақ әр отбасы өздерінің рецепттері бойынша әзірлейді.

Австрия мен Венгрия штрудель

Дәстүрлі десерт жаңа жылдық үстелде өзінің құрметті орнын алған. Ол әдетте балмұздақпен бірге беріледі және жаңғақтармен, жидектермен, сироппен безендіріледі.

Жапония «Моти» тәтті тоқашы

Күріш қамырынан жасалған тәтті тоқаштар Жаңа жылдағы мерекелік дастарханға қойылып қана қоймай, қонаққа келген достарға, көршілер мен туыстарға таратылады.

Германия шошқа сирағы

Немістердің бұл сүйікті тағамы жаңа жылдық дастарханнан міндетті түрде табылады. Шошқаның сирағы, әдетте, сыра қосылып қайнатылады да, орамжапырақ тұздығымен, картоппен беріледі.

Жаңа жылдық фильмдер:

Home Alone, 1990

Miracle on 34th Street, 1994

Joyeux Noël, 2005

Чародеи, 1982

Ирония судьбы, или С легким паром! 1975

How the Grinch Stole Christmas, 2000

Карнавальная ночь, 1956

Жаңа жылдық әндер:

«Jingle bells»

«Happy New Year»

«Let it Snow»

«Last Christmas»

«Аппақ-аппақ жапалақтап»

«Жаңа жыл»

«Новогодняя»

«Песенка про 5 минут»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button