Хейс кодексі: Голливудтағы цензура қандай еді?
Интернетте «Үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығын берудің жаңа ережелері туралы пікірталастар легі тоқтамай тұр. Біз бұл туралы «Оскар» сыйлығының талаптары неге өзгерді? деген мақаламызда жазған болатынбыз. Кейбіреулер тіпті мұндай қатаң цензура үшін Америка киноакадемиясын айыптауда. Осыған байланысты біз шын мәнінде Голливуд цензурасының қандай болғанын және 1930-1960 жылдардағы Америка киносын өзгерткен Хейс кодексін еске түсіруді жөн көрдік.
1920 жылдары Голливуд киносының жұлдызы жарқырай бастады. Діни ұйымдар экранға шыққан фильмдерді азғындық деп айыптады. Ал экран жұлдыздары жанжал туғызатын қылықтарымен одан сайын отқа май құя түсті. 1921 жылы Голливудтың шулы кештерінің бірінде өте күдікті жағдайда қайтыс болған жас актриса Вирджиния Рапптың оқиғасы бүкіл елге тарады. Оның өліміне сол кездегі танымал актер Роско Арбакл кінәлі деп айыпталды.
Арбакл кейіннен ақталғанымен, киноиндустрияның азғындап кеткені жайлы жарыса жазған баспасөздегі дүрбелең тоқтамады. Енді АҚШ үкіметі фильмдерді цензуралау үшін мемлекеттік орган құру туралы ойлана бастайды. Осы мәселеде діни ұйымдар фильмдегі адамгершілік стандарттарын жасауға қатысты. Америка Кинокомпаниялар Ассоциациясының Кодексі (қысқаша, Хейс кодексі – сол кездегі Ассоциацияның басшысының атымен аталған) 1930 жылы қабылданып, 1934 жылы толық күшіне енді.
Кодекс негізінде зорлық-зомбылықты, жыныстық қатынасты және адамгершілікке жат мінез-құлықтың басқа да түрлерін көрсетуге шектеулер енгізілді. Некесіз, ұлтаралық және гомосексуалдық қатынастарды, құмарлықтың, есірткіні қолданудың айқын көріністерін көрсетуге рұқсат етілмеді. Азғындық пен қылмысты жағымсыз жағынан бейнелеуге болатын, ал дін мен діни қызметкерлерді келемеждеуге тыйым салынды.
Кинода жалаңаш денені көрсетуге болмайтын. 1943 жылы режиссер және киномагнат Говард Хьюз «The Outlaw» фильмінде осы ережеге сай келмейтін 30 секундтық кадрды қиып тастауға мәжбүр болған. Цензорлардың пікірінше, бас кейіпкердің киімі тым ашық болған екен. Киноассоциация тіпті бұл фильмді бір аптадан кейін көрсетілімнен алғызып тастаған.
Кодекс бойынша дөрекі естілетін әдепсіз сөздер де экранға жіберілмеді. 1950 жылдары шыққан «I Love Lucy» ситкомында «аяғы ауыр» деген сөзді «бала күтіп жүр» деп өзгерткен. «Gone with the Wind» фильміндегі «Frankly my dear, I don’t give a damn» деген әйгілі фраза да мүмкін цензурадан өтпес еді. Өйткені, кинокартинаның шығуына бір жарым ай қалғанда кодекске түзетулер енгізіліп, «damn» сөзін белгілі бір жағдайларда қолдануға мүмкіндік берілді.
Нәсілдік қатынастарды көрсетуге тыйым салынғандығы көпшілік үшін қиындық туғызды. Мәселен, «The Good Earth» фильміндегі басты рөлден қытай текті актриса Анна Мэй Вонг алынып тасталды, өйткені басты рөлде ойнайтын актер Пол Муни ақ нәсілді болатын. Фильмде қытай фермерлерінің өмірі суреттелген.
Кодексті бұзған киногерлер айыппұл төледі. Бірақ ең үлкен жаза – киноны экранға шығармау еді, елдегі барлық кинотеатрлар Ассоциацияның бақылауында болды. Тыйым салынған тақырыптарды қозғағысы келген режиссерлер тұспалдап жеткізуге, астармен көрсетуге мәжбүр болды. Сценаристер қатаң цензурасы жоқ болғандықтан, театрларға арнап сценарий жазуға көше бастады.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кинода өзгерістер енді. Голливуд киносына енді Еуропа киносы мен телевизиясы бәсекелестік таныта бастады. Қоғамның табу болған тақырыптарға көзқарасы өзгерді – 60-шы жылдардағы Жыныстық революция да соның нәтижесі болса керек. Киностудиялар кодекстегі ережелерді бұза бастады, ал қоғам оларды ашық қабылдады. 1966 жылы MGM компаниясы кинотеатрлардан Антонионидың «Blowup» фильмін шығарып, кодексті мүлдем елеусіз қалдырды. Екі жыл өткен соң Хейс кодексі толығымен жойылды. Оның орнына жас бойынша есептелетін рейтинг жүйесі енгізілді.