Қарапайым халық Зейнетақы қорындағы ақшасын ала ала ма?
Президенттің Жарлығына сәйкес, биылдан бастап Зейнетақы қорындағы ақшамыздың бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге және қаржы ұйымдарына басқаруға жіберу мақсатында пайдалана алатынымыз жайлы жарыса жазып жүрміз.
Сарапшылардың алдын ала болжағанындай, көпшілік бұл ақшаны баспана алу үшін пайдаланғысы келеді.
Алайда, қарапайым халық Зейнетақы қорындағы ақшасын ала ала ма?
Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы төлемдерін пайдаланудың шарты
Құжатқа сәйкес, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы төлемдерін пайдалана аламыз:
- тұрғын үй сатып алуға – оның ішінде үлестік қатысу, жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, айырбастау туралы шартты ресімдеу жолымен;
- сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге;
- жеке тұрғын үй салуға немесе жер учаскесін (үй немесе жеке қосалқы шаруашылық үшін) сатып алуға пайдалануға болады.
Бұл туралы толығырақ «Qadam.asia» сайтында жарияланған «Зейнетақы қорындағы ақшамызды тұрғын үйге қалай ала аламыз?» атты мақаладан оқи аласыздар.
Еске сала кетейік, Зейнетақы жинақтарын екінші деңгейлі банктерден яки ипотекалық ұйымдардан ипотекалық тұрғын үйге ақша алу үшін бастапқы жарна ретінде де пайдалануға болады. Ипотека тұрғын үй сатып алуға да, оны жөндеуге де беріледі.
Сондай-ақ, зейнетақы қорындағы ақшаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен несие алу үшін, тұрғын үй құрылыс жинақ шарты бойынша салымды толықтыру үшін және ипотекалық несиені қайта қаржыландыру үшін де пайдалануға болады.
Ипотекасы бар қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын өз қарыздарын ішінара немесе толық өтеуге, сондай-ақ қолданыстағы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға пайдалана алады.
Қарапайым халық Зейнетақы қорындағы ақшасын ала ала ма?
Қазақстан азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) салым мөлшері «жеткілікті шектен» асқан жағдайда ғана оның бір бөлігін алуға құқылы. Яғни, сіз «жеткілікті шектен» асқан қаржыны ғана ала аласыз.
Бұл туралы толығырақ «Зейнетақы қорындағы ақшаны қалай аламыз?» атты мақаладан оқыңыз.
«Жеткілікті шек» деген не?
Сіз Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жалақыңыздың бір бөлігін аударасыз. Яғни, салым саласыз. Бұл сіздің есепшотыңызда жиналады. Сізге жиналған қаржыңыздың белгілі бір бөлігін жұмсауға болмайды. Ол қаржы есепшотыңызда сақталуы тиіс. Есепшотыңыздағы сақталуы тиіс жинақ ақшаңыздың ең төменгі мөлшері «жеткілікті шек» деп аталады.
«Жеткілікті шек» салымшының жасына қарай белгіленеді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған адамдардың жасына байланысты «жеткілікті шек» мөлшеріне бүгін ғана өзгеріс енгізілді.
Төмендегі кестеде 2020 жылы жарияланған «жеткілікті шек» мөлшері көрсетілген.
Министрліктің айтуы бойынша, халықтың сұранысына сәйкес «жеткілікті шек» мөлшері азайтылды. Иә, расымен азайтылған. Тек әр жастың «жеткілікті шек» мөлшері 15-20 теңгеге ғана.
«Жеткілікті шек» мөлшерін ең қарапайым математикалық есептеуден өткізіп көрейік.
Мысалы, сіз 30 жастасыз делік, жұмысқа университетті бітіре сап араласқан күннің өзінде 21 жасыңызда еңбек кітапшаңызды қолыңызға ұстадыңыз. Осы 10 жылдың ішіндегі орташа жалақыңыз 150 000 теңге деп алайық.
10 жылды 12 айға көбейтсек, 120 болып шығады. Жалақыңыздың 10 %-ы 15 000 теңге. Енді 120 айды 15 000 теңгеге көбейтейік. Сізде 1 800 000 теңге жиналған.
Бүгін ғана жарияланған кесте бойынша 30 жастағы «жеткілікті шек» мөлшері 2 500 000 теңгені құрайды. Бұрынғы кестеде 2 518 000 теңге болатын.
Яғни, сізге әлі 700 000 теңге жинау керек.
Сонда Зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін кімдер алатыны жұмбақ күйінде қалып отыр.
«Qadam.asia»