Қоғам

Қазақтілді оқырман сауатсыз ба?

Қазақтілді оқырманға қатысты екі түрлі пікір жиі айтылады. Біріншісі, «қазір қазақтілді оқырманның белсенділігі артты». Екіншісі, «қазақтілді оқырманның талғамы төмен».

Ең бастысы, қазақтілді оқырман туралы көп айтылып жүргендігі қуантады. Алайда, оларға қатысты түрлі негатив пікірдің қалыптасуына не себеп?

Қазақтілді оқырманның белсенділігі ірі компанияларды қазақшалауға сеп болуда

Елімізде шартты түрде қалыптасқан екі түрлі ұғым бар. Қазақтілділер және орыстілділер.

Бәріміз білетіндей, 30 жылдың алдында ғана Кеңес билігінің ықпалынан азат болдық. Кеңес билігі тек саяси атқарушы тетік қана болған жоқ. Сонымен қатар, орыс мәдениетін, орыс тілін насихаттаушы алып құрылым қызметін атқарды.

Осының салдарынан орысша ойлайтын ұрпақ қалыптасты. Бұл кішкентай ғана халықтың екі дүниетанымға жарылуы еді. Кеңес кезінде де, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да орыстілділердің ықпалы басым болды. Орысша білмейсің бе, түсінікті – сен мемлекеттік қызметке де, интеллектуалдық жұмыстарға да жарамсызсың.

Қазір жағдай өзгерген. Иә, орыс тілінің ықпалы жойылды деп айтуға әлі ерте. Дегенмен, қазақтілді халық өз комплекстерінен арылды. Қайта өзге шетел тілдерін білудің әлдеқайда маңызды екенін түсінді.

Нақты дәйектерге жүгінейік. Кез келген компания өз өнімін сату үшін сұраныс қалыптастыруды көздейді. Бұрын әсіресе, шетелдік компанияларға оңай болатын. Қазақстанның ішкі нарығына кірді, жаппай халыққа орыс тілінде қызмет көрсетуге болатын. Ал, қазір олар қызметті екі тілде де көрсететін болды. Бұл қазақтілділердің белсенділігі артқанының белгісі.

Қазақ тілі сұраныс қалыптасқан жағдайда ғана ұшпаққа шығатынын уақыт өзі дәлелдеді.

Эстрада жұлдыздары қазақ тіліне қалай үлес қосты?

Қазір отандық эстрада жұлдыздарының әлеуметтік желіде 4 миллион, 5 миллион оқырманы бар. Бұл 5 миллион кім? Әрине, қазақтілді оқырман.

YouTube видео сервисінде қазақ тіліндегі бейнебаяндар 50 миллион мен 100 миллионның аралығында қаралады. Бұл цифрлар қайдан келуде? Әрине, қазақтілді оқырманның арқасында.

Біз отандық эстрада жұлдыздарының орындауындағы әндердің сапасы жайлы немесе олардың бет-бейнесі жайлы айтып отырған жоқпыз. Біз қазақ тіліндегі әнге деген сұранысты айтып отырмыз.

Бірқатар сарапшылар қазіргі әндердің сапасы, мәтіні кәсіби талаптарға сай емес деген пікір айтады. Бірақ осы әндердің қазақ тілінде ән тыңдағысы келетін халықтың сұранысын қанағаттандырып отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Әлеуметтік желіде қазақтілді оқырманның белсенділігі өте жоғары екенін көріп жүрміз. Бір эстрада әншісі өз парақшасында жаңа жазба қалдырар болса, асында мыңдап комментарий жазылады.

Ninety One сынды субмәдениет бағытындағы топтар мен әншілердің де тыңдарманы қазақтілділер. Қазақ тілінде жасалған субмәдениет батыстық субмәдениеттің тасқынына тосқауыл қоюға жарап қалды.

Эстрада жұлдыздарының қазақ тілінде ән шырқап әрі өз парақшаларын тек қазақ тілінде жүргізуі қарапайым халыққа жағымды әсер етті. Қала берді, қазақтілді вайнерлер мен блогерлер де халықтың орыс тілін білмегеннен қорсынбауына сеп болды. Сөйтіп қазақтілді болсаң да танымал болуға, табысқа кенелуге болатынын көпшілік түсінді.

Бұл қазақтілді халықтың комплекстерден арылуына ықпал еткен негізгі факторлардың бірі деп ойлаймыз.

Қазақтілді оқырманның талғамы төмен бе?

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақтілді халықтың – қазақтілді тұтынушыға айналуы түрлі салаларда қазақ тілінде қызмет көрсету қажеттілігін тудырды.

Алайда, қазақтілді халық, яғни қазақтілді оқырман қандай ақпараттардың тұтынушысына айналды?

Егер де бір инновациялық, ғылыми-танымдық материал жазар болсаң немесе биотехнология, заманауи өнер, жаратылыстану туралы жазғың келсе, қалайда осы салалардың бірінде елең еткізер жаңалық болуын күтуге тура келе ме?

Мәселе «елең еткізер жаңалықта» болып тұр. Бір қарағанда, оқырман елең ету үшін журналистер негізінен өзі жазғысы келген салада келеңсіз жағдай болуын, даулы мәселе туындауын күтуге тура келетіндей күйге жеткендейміз.

Мәселен, нанотехнологияның тарихын, болашағын баяндайтын танымдық материал қазақтілді оқырманды қызықтырмай ма? Қадірлі оқырман, өзіңіз айтыңызшы, сізді бұл қызықтырмай ма?

Мүмкін, журналистер оқырманды қызықтырудың жолын таба алмай жүрген болар. Журналистерді жазып жатқан материалдан гөрі, қойылатын тақырыбы көбірек толғандыратындай. Себебі, бәрін «елең еткізу» керек. Оқырман тақырыпқа «елең етпесе» оқымайды.

Біз солай ойлаймыз. Солай ойлайтын жағдайға жеттік.

Мысал үшін, «Әбілхан Қастеев қандай бағыттарда сурет салған?» деген тақырып өтімді ме, әлде «Әбілхан Қастеевтің немерелері қазақша білмейді» деген тақырып сұранысқа ие ме?

Қадірлі оқырман, шыныңызды айтыңызшы, сіз қайсысын оқисыз?

«Әнші қыздарымыз шетінен шешіне бастады», «Пәленше күйеуім көзіме шөп салып жүрген сыңайлы деп айтты», «Түгеншенің көзілдірігі осынша доллар тұрады екен»… осылай жалғаса береді.

Ешқандай пропагандасыз танымдық материалдарды қашан оқимыз? Мәселен, «Кока-коланың тарихы қашан басталды?», «Apple компьютерлерінің құрылымдық функцияларын меңгерейік», «Мұнай өңдеудің қандай жолдарын білеміз?» деген сынды мақалардың рейтингі жоғарыдағы «өсек-аяңнан» әлдеқайда төмен болады десем келісетін боларсыз.

Енді айтыңызшы, қазақтілді оқырманның талғамы төмен бе?

Жоқ, олай емес. Біз өзіміз жұмыс істейтін сайтқа немесе басылымға рейтинг жинау үшін пропагандалық тақырыптарды жаза береміз, жаза береміз. Журналистерге рейтинг керек. Себебі, оларға қаржы құйып отырған мемлекеттік немесе жекеменшік мекемелерге рейтинг керек.

Бірақ, оқырманның өзі де «өсек-аяңға» құрылған ақпараттарға құмар екенін жоққа шығара алмаймыз. Тек бұл қазақтілді оқырманға ғана тән жағдай емес. Бүкіл әлемде осылай.

Телеарналардағы интеллектуалдық бағдарламалардың рейтингі жоғары болмайтынын, сонда да мұндай бағдарламаларға эфир арналатынын бұған мысал ретінде келтіруге болады.

Сауатты оқырман қайдан қалыптасады?

Барша журналистердің ендігі мақсаты интеллектуалдық санасы жетілген қазақтілді оқырман қалыптастыру болуы керек.

«Қазақтар да осындай кітап оқи ма?», «Ғылымды қазақша жазатын осындай да сайттар бар ма?», «Қазақ тілінде интеллектуал парақша бар деп ойламаппын» деген сынды сауалдармен ұшырастыңыз ба?

Ендігі жерде ешкім мұндай сөзді айта алмайтын болуы керек. «Қазақтілділер де…» деп басталатын сөзді естігенде намысың келеді. Өзіңді қоярға жер таппай кетесің.

Әлем ғылымын, өнерін, дүниежүзінің кәсіпкерлік, іскерлік тәжірибелерін меңгерген заманауи түсініктегі сауатты оқырман жоқ дегенге сенгің келмейді.

Кішкентай халықтардың армандары алып болады. Кішкентай халықтардың ерік-жігері, интеллектуалдық қабілеттері ерекше мықты болады.

Бәріміз бірге қазақтілді интеллектуал оқырманның санын көбейтуге атсалысайық.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button