Бизнес

Өзі бай, өзі ақымақ: саудадан сауаты жоқ кәсіпкер кім?

Тимоти Декстер бизнесте көп жетістікке жеткен сауатсыздау әрі әпенділеу жан болған екен. Ол әйелінің ақшасына болымсыз акциялар сатып ала бастайды. Қандай акция сатып алу керектігін де зерттеп білмей, ең арзан дегендерін ала берген. Кейін ол акциялардың бағасы өседі де, Декстер өзіне пайда көру үшін қайта сатады.

Бәсекелестері жартылай ғана сауатты Декстерді мазақ етіп, оған мағынасыз кеңестер беретін болыпты. Бір саудагер Декстерге отарлау жүріп жатқан Кариб теңізі аралдарына табалар, қолғаптар мен Библия кітаптары өте қажет екенін айтады. Бұл аралдарда өте ыстық болады деп ойламаған Декстер саудагердің кеңесімен 40 000-нан астам таба, 40 000 жұп қолғап және 40 000 Библия кітабын сатып алып, оларды кемемен жібереді де, сәтті өткенін күтіп жүреді.

Декстер ешкімнің түсіне кірмеген сәттілікке қол жеткізеді. Өйткені тауар жіберген кемесі жеткен кезде аралдарда діни қозғалыстар боп жатады да, оның Библиясы 100% өтіп кетеді. Бұл кезде Ресейдің сауда кемелері арал порттарында тұрақтап тұрған. Олар қолғаптарды соңғы данасына дейін сатып алады. Ал табалар бір фермердің қажетіне жарағанша қоймаларда жатады. Фермер балықтарды цистернаға ауыстыратын кезде табаларды сүзгіш ретінде пайдаланғысы келеді де барлығын сатып алады. Мұндай таңғажайып сауда Декстерге 150 000 доллар табыс әкеліп, кәдімгідей байып кетеді.

Декстердің сәттілігін көре алмаған басқа саудагерлер оны бүкіл табысын көмірге салып, Англияның Ньюкасл қаласына жіберуге көндіреді. Тәжірибесіз Декстер Ньюкасл Англиядағы көмір өнеркәсібінің орталығы екенін білмеген еді. Ол жалдап алған он шақты кемесіне Вирджинияның көмірін тиеп, Англияға жібереді.

Бұл жолы да Декстердің жолы болады. Жұмысшылардың ереуілі ұзаққа созылып, шахтадағы жұмыс тоқтап қалады да, қалада көмір тапшылығы біліне бастаған тұста Америкадан Декстердің көмірі де жеткен еді. Көмірді тұрғындар өте қымбат бағаға сатып алады. Бұл Декстерді екі есе байытады.

Декстер қайтыс болар алдында мемуар жазуға кіріседі. 20 беттен тұратын кітабында саясат, дін және әйелі жайында баяндалады. Мемуар орфографиялық қателерден көз ашпайды және пунктуация деген атымен жоқ. Оқырмандар осы үшін көп шағым түсіреді. Сондықтан Декстер кітаптың екінші басылымында соңғы жағына тек пунктуациядан тұратын бет қосып, «тиісті жеріне өздерің қойып алыңдар» деп жазады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button