Мәдениет

Отандық туындымыз «Оскар» алсын десек, қолдайық

30-шы жылдардағы ашаршылық жайында түсірілген «Ұлы дала зары» кинотуындысы «Оскарға» ұсынылып отыр. Бұған дейін еліміз «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша айлық шорт-листке 3 рет, номинациялық шорт-листке 1 рет ілінген болатын. Ал, жалпы Қазақстанның «оскарлық» тарихы сіз ойлағаннан да тым арыда жатыр.

«Шет тіліндегі үздік фильм» марапаты «Оскар» аясында 1947 жылдан бері бар. Бірақ алғашында бұл номинация конкурстан тыс құрметті сый ретінде ғана қарастырылатын. Тіпті бәйгеге түскен кинотуындылардың аттары да аталмайтын. Бұл номинация тоғыз жыл өткенде ғана «Оскардың» толыққанды құрамына енді. Оған тікелей әсер еткен – 1956 жылы «Шет тіліндегі үздік фильм» жүлдесін жеңіп алған Федерико Феллинидің «La Strada» фильмі еді. Аты жер жарған жеңімпаздар, географиялық әртүрлілік және кинематографиялық экзотика уақыт өте келе бұл категорияны ең беделді номинациялардың біріне айналдырды.

Қазақтың «Оскар» алуға деген алғашқы талпыныстары…

Алғаш рет қазақтар 1974 жылы америкалық киноакадемияның беделді сыйлығы «Оскардан» үміттенген еді. Мұхтар Әуезовтің әңгімесі желісімен түсірілген «Көксерек» фильмі КСРО атынан «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясына ұсынылған болатын. Бірақ фильм шорт-листтердің біріне де ілінбеді.

«Оскардан» дәмету кезекті рет 1986 жылы жалғасын тапты. «Қазақфильм» мен «Мосфильмнің» бірлескен жобасы «Чужая белая и рябой» (режиссері Сергей Соловьев) КСРО-ның атынан қатысып, тағы да шорт-лист тізімдеріне кіре алмай қайтты. Осы фильмнің арқасында үлкен экранда түсірілім жұмысы өткен Ақтөбе қаласы көрсетілді.

Шорт-листке енген отандық туынды

Тәуелсіздік алғаннан кейін «Оскарға» өз еліміздің атынан қатысуға мүмкіндік алдық. Бірақ ұсынылған фильмдердің көпшілігі басқа елдермен бірігіп жасалған жобалар еді. 1991 жылы Ардақ Әмірқұлов режиссерлік еткен «Отырардың күйреуі» картинасы «Оскарға» ұсынылған болатын. Ежелгі Отырарды Шыңғысхан әскерінен ерлікпен қорғау жайын баяндаған бұл тарихи фильм номинацияға ие болған жоқ. 

Бұдан соң 15 жыл бойы «Оскардан» үміт үзілді.

Тек 2006 жылы ғана «Оскар» жүлдесінен үміткер ретінде қазақстандық кинематографистердің өнімі – «Көшпенділер» қатысты. Бұл мемлекеттің әлемдік киноолимп шыңынан көргісі келген амбициясы жоғары киножобасы еді. Бірақ бұл жоба тек шығыннан басқа түк әкелмеді.

«Көшпенділерден» кейін жыл сайын «Оскарға» еліміздің атынан фильмдер ұсынылып отыратын болды. Ал 2007 жылы «Оскарға» ие болудың аз-ақ алдында қалдық. Қазақстанның Германия және Ресеймен бірігіп түсірген «Монгол» кинокартинасы (режиссері Сергей Бодров) «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша 5 картинадан тұратын шорт-листке енді. Бірақ жеңісті австриялық режиссердің «Die Fälscher» туындысы қанжығалады.

Тұрсыновтың «Келіні», Самал Еслямова ойнаған «Айка» – Оскарда

«Оскардың» айлық шорт-лист тізіміне кірген тағы екі кинотуындымыз бар. Біріншісі – халықты біраз дүрліктірген «Келін». Елдегі сынау мен мінеуге қарамастан, «Келін» «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша қаңтар айындағы үздік ондықтың қатарына ілікті. «Келіннің» жоғарыда атаған фильмдерге қарағанда бір ерекшелігі – 100% отандық өнім боп саналатындығында. 

Шымкенттің тумасы, режиссер Сергей Дворцевой түсірген «Айка» картинасы 2018 жылы еліміз үшін үлкен марапат әкелген туынды болды. Басты рөлде ойнаған актриса Самал Еслямова «Канн» кинофестивалінде «Үздік актриса» атанды. Бұл «Канн» тарихындағы Қазақстанның алғашқы үлкен жеңісі болды. Сол жылдың желтоқсанында «Айка» фильмі «Оскардың» шорт-лист тізіміне кірді, бірақ режиссердің айтуынша, қаражат жетпегендіктен, промоушен де болмаған.

Дәл осы қаражаттың тапшылығы былтыр ғана экранға шыққан «Ұлы дала зары» кинотуындысын да тұсап тұр. «Оскардың» шорт-лист тізіміне ену үшін 30 миллион теңге керек екен. 

Бұл 30 миллион теңге қайда кетеді?

«Бүкіл әлемге тарихи ақиқатты паш ету үшін фильмді ары қарай жылжытып, тиісті деңгейде жарнамалап, дауыс беретін 14 000 кино академиктің құлағына жеткізу керек. Ол үшін «LA TIMES ENVELOPE», «SCREEN INTERNATIONAL», «SCREEN DAILY», «THE WRAP», «THE HOLLYWOOD REPORTER», «VARIETY», «AWARDSLINE», «INDIEWIRE», «ACADEMY EBLAST» және т.б. ауқымды газет-журналдар мен порталдарда жарнамалау қажет», –  дейді фильмнің продюсері Ернар Мәліков. Мұндай ауқымды соманы жинау үшін Smart Time компаниясымен бірігіп, краудфандинг ұйымдастырылып отыр. Smart Time интернет алаңында 27 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін қаржы жинау уақыты белгіленіп, қолдау білдіргісі келетін адамдарға төлем жүргізу ашылды.

Енді отандық туындымыздың топ жарар сәтін көру үшін қазірден бастап бүкіл ел боп атсалысуымыз қажет болып отыр. 

Отандық фильмді қолдау үшін осы сілтемеге өтіңіз: https://start-time.kz/project/details/1458/description

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button