Қоғам

Әр адамға 18 млн теңге беріледі: нәтижелері мен салдары қандай?

«Алматы жастары» бағдарламасы биыл тағы іске қосылады. Сондай-ақ, әр адамға 18 млн теңгеден берілетін болды.

Бұл туралы 2021 жылдың 15 қаңтар күні өткен VII шақырылымдағы мәслихаттың бірінші сессиясында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өзі айтқан.

Қала әкімі өз сөзінде: «Былтыр банкпен біріге отырып 13 млрд теңге бөлдік. Бүгінде қаламыздың экономикасының әр саласында еңбек етіп жатқан 1000-ға жуық жас осы бағдарламамен пәтер алды. Биыл да осыны жалғастырамыз. Инфляцияға байланысты нарықта пәтер қымбаттап барады. Соған байланысты несие көлемін 18 млрд теңгеге жеткізіп жатырмыз. Биыл да 1000 пәтер беріледі. Бұл «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламаларынан бөлек болмақ», – деген болатын.

Яғни, алматылық жастардың тағы 1000 пәтер алуға мүмкіндігі бар. Алайда, «Алматы жастары» бағдарламасының ресми сайтында бұл туралы ақпарат әлі жарияланбады. Мұның себебі бағдарламаны талқылау әлі де жалғасып жатқандығынан болса керек.

Өйткені, 15 қаңтар күнгі сессияда әкім «осы бағытта әкімдік «Отбасы банк» АҚ талқылау жасап жатыр» деген еді.

Бірақ, бір нәрсе анық – қала әкімінің ресми отырыста айтқан сөзі аяқсыз қалмайды.  

Демек биыл 18 млрд теңге 1000 пәтерге арнап бөлінеді. Яғни, іріктеуден өткен әр адамға 18 млн теңгеден несие беріледі деген сөз.

Мұның нәтижесі мен салдары қандай болуы мүмкін?

Сарапшылар тұрғын үйге байланысты жеңілдетілген бағдарламалар шыққанда үй бағасы өсетінін айтады. Былтыр қыркүйек айында «Etagi Almaty» жылжымайтын мүлік агенттігінің қызметкері Қалтай Байқожаевтан сұқбат алғанымызда бұл сөзімізді растаған болатын.

«Наурыздың басынан мамырдың ортасына дейін (2020 жылдың ред.) «Алматы жастары» бағдарламасының бірінші кезеңі іске қосылды. Бүгінге дейін бағдарламаның үш кезеңі өтті. Осы аралықта үйдің бағасы қайтадан өсіп кетті. Мысалы, Алатау ауданындағы Зерделі, Саялы шағын аудандарында бір бөлмелі пәтердің бағасы 10-11 млн теңге болатын. Қазір 13 млн теңгеден кем емес. «Алматы жастары» үй бағасын 20%-ға өсіріп жіберді…

Біз бағаны үнемі бақылап отырамыз. Соңғы бір аптада үй бағасы тағы да көтеріле бастады. Бұл «Алматы жастарының» үшінші кезеңі жарияланғанына байланысты. Үй бағасы жыл басынан бері 20%-ға көтерілсе, қазір (қыркүйек айы ред.) тағы 10%-ға жоғарылады», – дейді сарапшы Қалтай Байқожаев.

Әрине, әр адамға 18 млн-нан берілгенінің жақсы жақтары да жетерлік. Әкімдіктің «Алматы жастары» бағдарламасына арналған бюджетті өсіруі, нарықтағы бағаның жоғарылағанына байланысты болып отыр. Бұл туралы қала әкімі өз сөзінде келтіргенін жоғарыда айттық.

Енді «Алматы жастарына» бөлінетін соманың өсуінің жақсы және жаман жақтарына тоқталайық. Қандай нәтижеге қол жеткізе аламыз? Салдары қандай болуы мүмкін?

Нәтижелері:

  • Табысының негізгі бөлігін пәтерақыға төлейтін 1000-ға жуық жастар баспаналы болады;
  • Былтыр «Алматы жастары» бойынша алған 13 млн теңгеге 1 бөлмелі пәтер алуға болатын. 2 бөлмелі пәтер алғысы келген алматылық жастардың дені екінші дәрежелі банктерден қосымша кредит алды. «Алматы жастарының» пайыздық мөлшерлемесі 5%. Ал, екінші дәрежелі банктерден алынатын кредиттің пайызы бұдан едәуір жоғары. Яғни, өзге банктерден қосымша кредит алмауға мүмкіндік туады;
  • Былтыр 18 млн теңгеге 2 бөлмелі пәтер алуға мүмкіндік бар еді. Егер нарықтағы бағы тіптен қарыштап кетпесе, биыл да бөлінген қаражатқа 2 бөлмелі пәтер алуға болады.

Салдары:

  • Тұрғын үй бағасының өсімі байқалады;
  • Жылжымайтын мүлік мамандарының, риэлторлардың, алып-сатар делдалдардың қызметақысы өсуі мүмкін;
  • Тұрғын үй бағасының өсімі жыл сайынғы салыстырмалы өсімнен бірнеше есеге ұлғайып, қымбатшылық өте жоғары көрсеткішке көтеріледі деп болжам жасауға болады. 

«Qadam.asia»

Тағы оқи отырыңыз:

2021 жылы тұрғын үй бағасы тағы да қымбаттай ма?

Қазақстанда үй бағасын қымбаттатпаудың жолы бар ма?

Үй алу үшін депозит ашарда нені ескеру қажет?

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button