«Матрицадан қашу»: миымызды бағдарламалап қойған жүйеден қалай құтыламыз?
Адамдардың көпшілігінің өмір сүретін бір шаблоны бар: таңертең оянады, киінеді, жұмысқа барады, үйге кешкі сағат сегіз шамасында оралады, теледидар көреді және ұйықтайды. Келесі күні осы әрекеттер қайталанады. Сосын бүкіл өмірі қалай өтіп кеткенін байқамай қалады. Біз бұл өмірді қалыпты деп санаймыз, бірақ бір сәтке ойланып қарасаңыз, бұл мүлдем қалыпты жағдай емес екенін түсінесіз. Шындығында, матрицадан шығатын уақыт келді!
Өмір деген – ең құнды, ең ғажайып сый. Сондықтан біз оны барынша пайдалы әрі қызықты өткізудің орнына, осылай сұрықсыз, бірқалыпты өткереміз. Себебі біздің миымыз солай бағдарламаланған.
Жүйелер қалыптастырған дәстүрлер, әдеттер, сенімдер бізді өмірден ләззат ала алмайтын, қоғам бағдарламалап қойған белгілі бір траекториямен ғана жүретін миы жоқ роботтарға айналдырды.
Егер біздің сүріп жатқан өміріміз өзімізге ұнамайтынын түсінсек, бұл бағдарламаны бұза аламыз. Ол үшін ойлау тәсілімізді, іс-әрекетімізді өзгертуге батылдық қажет. Сонда ғана өмірді сүйіспеншілікке толы әдемі мерекеге айналдыруға болады.
«Матрица дегенің – жүйе ғой, Нео. Бұл жүйе – біздің жауымыз. Айналаңа қарашы, не көріп тұрсың? Бизнесмендер, мұғалімдер, адвокаттар, жұмысшылар. Біз құтқарғымыз келетін адамдар. Бірақ олар әлі дайын емес. Олар бұл жүйеге тәуелді боп қалғаны сонша, тіпті сол үшін күресуге де бар».
— Морфеус, «Матрица»
Біз «Матрица» фильмін қызығып көретініміз соншалық, өз өміріміздің де сол матрицаның ішінде қалқып тұрғанын сезбейміз де…
Матрицадан шығудың қандай жолдары бар?
«Qadam.Asia» сайтынан 9 кеңес:
Биліктің сізді басқаруына жол бермеңіз
Кішкентай кезімізден-ақ өзімізден күмәндануға және биліктің бізге бұйырғанын ғана істеуге үйренгенбіз. Тіпті өзіміз оны сезінбедік те. Есейген соң да өзімізге сенбейтін болдық және өз өмірімізді басқалардың қолына ұстатып қойдық.
Болашағымызды таңдау мүмкіндігіне ие боламыз деген иллюзияның жетегінде жүріп, өтірікші саясаткерлерге дауыс береміз, ал іс жүзінде біздің таңдауымыз өте шектеулі. Сондықтан, қоғамды жақсартуға үлес қосамыз деген сылтаумен өз пайдакүнемдік мақсаттары үшін жұмыс істейтін адамдардың шағын тобына аңғалдықпен сеніп, бізді басқаруларына жол береміз.
Егер, шынымен де, әлемнің жақсы жағына өзгеруін қаласақ, билікке ерік беруден, оларды біздің өмірімізге жауапты етуден бас тартуымыз керек. Керісінше, жауапкершілікті өз қолымызға алып, өз тағдырымыздың жасаушысы болуға тиіспіз.
Өзіңізді догматикалық діннің бұғауынан босатыңыз
Догматикалық, ұйымдасқан дін адамдарға не туралы ойлануға болатынын және не туралы ойлана алмайтынын, ненің жақсы, ненің жаман, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін жүктейді. Осылайша, догматикалық дін бізге сыни тұрғыдан ойлауға, өз бетімізше ақиқатты іздеуге және тұжырым жасауға мүмкіндік бермейді. Керісінше, догматикалық дін соқыр сенімділікке үйретеді. Нәтижесі не? Эмоционалды тұрғыдан азап шегу.
Егер сіз матрицадан шыққыңыз келсе, жеке индивидтік тұлғаңызды қалпына келтіріңіз. Ұйымдасқан діннің тізбегін үзіп, ақиқатты іздеуді нөлден бастаңыз. Әлем соншалықты үлкен әрі қызықты және өз бетіңізше зерттеуге тұрарлық. Үлкендер жүрген жол екен деп әр нәрсеге көзсіз сене беруге болмайды.
Қазіргі экономикалық жүйе туралы ойланыңыз
Ақша негізінен қарыздан жасалады да, ресурстардың жетіспеушілігі иллюзиясын тудырып, адамдарды нарықтағы бәсекелестікке итермелейді де өмірінің көп бөлігін жалдамалы құл ретінде жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Бұл сөзсіз әлеуметтік қақтығыстар мен жеке адамдардың қайғы-шеріне әкеп соқтырады.
Сонымен қатар, біздің экономикалық жүйеміз адамдардан үнемі тұтынуды талап етеді. Бізге қажет емес заттарды сатып алуға міндеттейді. Ол заттар ақыр аяғында қоқыстан табылады да, қоршаған ортаға зиянын келтіреді. Ал қоршаған ортаның ластануынан өзіміздің денсаулығымыз құриды.
Егер мұндай өмірді қаламайтын болсаңыз, матрицадан шығыңыз да, экономикамыздың өте жағымсыз салдары туралы зерттеулермен айналысыңыз және қазіргі экономикаға альтернатив ретінде техникалық тұрғыдан тиімді, экологиялық тұрғыдан тұрақты экономикалық жүйені іздеңіз.
Өзіңізді материализмнен бөліп қараңыз
Тұтыну мәдениетіндегі «тәрбиеміз» бойынша біз ақша арқылы қажеттінің бәрін сатып алуға болады және бұл өмірімізге бақыт әкеледі деп санаймыз. Сондықтан шексіз көп нәрсені сатып аламыз да, одан сайын қанағатсыздана түсеміз. Шындығында, бізге материалдық заттар емес, достық, махаббат, шығармашылық секілді рухани азық болар заттар қажет. Қандай қымбат, әдемі зат сатып алам деп, соған бас қатырғанша, ақшаға сатып ала алмайтын дүниелерге қалай қол жеткізем, ақыл-ойымды қалай кеңейтем деп бас қатырыңыз. Бұл – матрицадан шығудың бірден-бір жолы.
Жейтін тамағыңызға назар аударыңыз
Жейтін асыңыз денсаулығыңызға пайдалы ма әлде ағзаңызды улап жатыр ма? Жейтін асыңыз экологиялық тұрғыдан таза ма әлде қоршаған ортаға зиянын тигізе ме? Бәріміз аузымызға бір қасық ас салып жатқанда осы сұрақтарды өзімізге қоя білуіміз керек.
Көпшілігі қант пен консервантқа толы тағамдарды жегенді ұнатады. Ондай астың өз денсаулығына да, қоршаған ортаға да залалы болады-ау деп ойлап жатқан ешкім жоқ.
Бұдан былай жеген тамағыңызға назар аударып үйреніңіз. Өзіңізге де, әлемге де тигізер пайдаңыздың үлкені – осы.
Ақпарат көзін таңдап оқыңыз
Білім деген – күш, бірақ біз қазір ақпараттар мұхитына батып бара жатырмыз. Корпоративті БАҚ бізді жалған нәрсеге сендіру үшін және өздері қалағандай манипуляция жасау үшін үнемі біржақты ақпарат беріп отырады.
Білімді шынайы іздеушілер ешнәрсені жай қабылдай салмайды: фактілер іздейді және сол тақырып туралы түсінікті дамытуға тырысады.
Егер ақпараттар ғаламында адасып қалғыңыз келмесе және әлемде не боп жатқанын түсінгіңіз келсе, бірнеше дереккөздерден ақпарат іздеп үйреніңіз, шындық пен өтіріктің аражігін ажырату үшін сыни ойлау қабілетіңізді іске қосыңыз да, өз тұжымырыңызды шығарыңыз.
«Ақылды» кітаптарды оқыңыз
Әлемде өмірлік проблемалар және оларды қалай жеңуге болатындығы туралы өз ойларын жазып үлгерген көптеген дана адамдар өтті. Қоғам қызметін сынға алып, одан да әдемі әлем құруға қалай көмектесуге болатындығы туралы өз идеяларын ұсынғандар да жетерлік. Кітаптар біздің көзімізді ашып, өміріміздің сапасын жақсартуға өте пайдалы білім көзі бола алады. Кітап оқудың тиімділігін арттыру үшін бос уақытта оқитын кез-келген қызықты кітапты ғана емес, ақыл мен жүрекке әсер ететін, өзіңізді және қоршаған әлемді жақсы түсінуге көмектесетін кітаптарды таңдап оқыңыз.
Шығармашылық қабілеттеріңізді ашыңыз
Өзіңізді қоғам таңған бағдарламадан босату үшін таптырмайтын тамаша тәсілдердің бірі – шығармашылықтың кез келген түрімен айналысу. Біз бәріміз де табиғатымыздан шығармашылыққа бейім едік, бірақ уақыт өте келе миымызды шаблондап тастағанымыз сонша, шығармашылық тұлға боп қалыптаса алатынымызды ұмытып кеткенбіз.
Шығармашылық қабілет дегеніміз – ойымыздың белгілі бір стандартқа бағынбауы, өмірге әртүрлі көзқараспен қарай білу. Шығармашылықтың адамы болу дегеніміз – өмір сүрудің жаңа тәсілдерін табу және өзіңіз қалаған өмірді таңдай алу мүмкіндігі.
Дәл осы сәтте өмір сүріңіз
Матрицадан шығудағы ең маңызды қадам – дәл осы жерде және дәл осы сәтте өмір сүріп үйрену. Бұл принцип кез келген сәтте кез келген нәрсеге жылдам реакция жасау үшін және өткен шақтың құрбаны болмау үшін қажет.