Қоғам

Қазақстанда қандай мамандықтардың табысы жоғары?

Қай кезде де жалақы мәселесі өзекті болып қала береді. Әсіресе, қазіргі пандемия жағдайы мен дағдарыс кезеңінде табысы қысқарған немесе жұмысынан айырылған адамдар үшін бұл өте маңызды тақырып.

Елімізде ең төменгі жалақы алатын кімдер? Ал, орташа жалақы мөлшері қанша? Елімізде қай салалардың табысы жоғары? Қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Осы сұрақтарға жауап беріп көрейік.

Еліміздегі ең жоғары жалақы алатын мамандықтар

Айына орта есеппен 472,2 мың теңге алу үшін сіз тау-кен өнеркәсібінде және карьерлерді қазу саласында жұмыс істеуіңіз керек. Ал егер айына 422,6 мың теңгені қанағат тұтатын болсаңыз, қаржы және сақтандыру қызметіне жұмысқа барғаныңыз жөн.

Бұл салалардың беретін айлығы еліміздегі ең жоғары жалақыға жатады.

Кәсіби тұрғыдағы ғылыми-техникалық мамандықтар айына 379,9 мың теңге, ал ақпарат және коммуникация саласындағы жұмыс 318,6 мың теңге көлемінде табыс әкеледі.

Еліміздегі ең төменгі жалақы алатын мамандықтар

Ұлттық статистика бюросы ең төменгі жалақы сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою салаларына, сондай-ақ ластанудан қорғау жөніндегі мамандарға тиесілі екенін айтады. Олардың орташа жалақысы 145,7 мың теңге.  

Ауыл, орман және балық шаруашылығында істейтін мамандар болса 147,5 мың теңге алады екен.

Еліміздегі орташа жалақы алатын мамандықтар

Жалпы Қазақстанда бір жұмысшының орташа атаулы жалақысы айына 233 136 теңгені құрайды. Атырау облысы ең көп орташа жалақы алатын аймаққа жатады. Орташа жалақы 377,4 мың теңге. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 1,6 есе жоғары.

Ел астанасындағы орташа жалақы айына 349 649 теңге болса, Алматыда бұл көрсеткіш айына 274 414 теңгені құрайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, ең аз жалақы алатын аймақ – Түркістан облысы. Түркістан облысында орта есеппен айына 166,7 мың теңге алады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 28,5% төмен.

Есте сақтаңыз:

Ұлттық статистика бюросы жалақы туралы бұл мәліметтерді қалыптастыруда кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмаған.

Халықаралық стандарттарға сәйкес, бір қызметкердің орташа атаулы жалақысы қосымша төлемдер, үстемелер, сыйлықақылар, сондай-ақ салықтар мен басқа да аударымдарды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары) ескере отырып қалыптастырылады.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button