Қазақстандық жігіт Илон Маск компаниясында өз технологиясын сынақтан өткізеді
Санжар Тайжан есімді қазақ жігіті негізін қалаған The Warwick Boring командасы Not-A-Boring Competition байқауының финалына өткен 12 команданың тізіміне енді.
Конкурстың құрылтайшысы – The Boring Company. Бұл компанияның негізін қалаған миллиардер Илон Маск болып табылады. Небәрі 23 жастағы отандасымыз Санжар Тайжан 2021 жылдың 11 ақпан күні Илон Масктың компаниясында өз технологиясын сынақтан өткізуге жолдама алып отыр.
Бұл туралы өткен жылы ғана Ұлыбританиядағы University Of Warwick оқу орнын бітірген Санжар Тайжанның өзі айтып берді.
«Ұйымдастырушылар маған біздің команданың 12 финалистің қатарына кіргенін жазды. Not-A-Boring Competition байқауының финалына әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан командалардың 3%-ға жуығы ғана өтіпті. Тізімге енгеніме әлі сене алмай отырмын», – дейді Санжар.
Илон Маск Not-A-Boring Competition конкурсы туралы 2020 жылдың 8 шілде күні өзінің Twitter-інде жариялаған болатын. Жарысқа қатысушылардың алдында Hyperloop және Tesla электромобильдеріне арналған тоннельдердің төсемесін арзан әрі жылдам жасайтын технология құрастыру міндеті тұрды.
The Boring Company «Қазір туннельдеу өте баяу жүруде, тіптен бұрғылау машиналары кәдімгі ұлуға қарағанда 14 есе баяу қозғалады» деп хабарлаған болатын. Сондықтан байқау ұйымдастырушылары «Кәдімгі ұлуды жеңе аласыз ба?» деген ұран тастап, қатысушыларды жаңа технология жасап шығаруға шақырды.
«Мен бұл жарыс туралы оқыған кезде бірден команда жинауға кірістім. Командамыздың құрамына 30 адам кірді. Олар негізінен инженер-механик мамандығы бойынша оқитын Warwick университетінің студенттері. Команда жетекшілерінің бірі ретінде ағылшын перзенті Том Ченонды бекіттік. Біз бұрғының 3D прототипін жасадық. Жобамыз екі кезеңнен өтті, енді финалға да жеттік. The Boring Company-да технологиямызды сынақтан өткізіп, Илон Маскпен кездесу үшін осы жазда АҚШ-қа барамыз», – дейді Санжар Тайжан.
Санжар Тайжан туралы қысқаша мағлұмат:
Санжар Тайжан 2015 жылы Алматыдағы «Республикалық Физика-Математика Мектебін» (РФММ) бітіріп, 2017 жылы University Of Warwick жоғарғы оқу орнына түседі. University Of Warwick – QS стандарты бойынша әлемдегі ең үздік 60 университеттің қатарына кіреді.
Бұл университет машина жасау саласындағы мамандарды даярлайтын ең үздік оқу орнының бірі болып саналады және Warwick Manufacturing Group-тың (WMG) қолдауына ие. Университет аумағында Ұлттық автомобиль құрастыру инновациялық орталығы (NAIC) орналасқан. Бұл машина жасау саласындағы ең ірі орталық.
Санжар 2019 жылы Jaguar Land Rover-де тәжірибеден өткен.
«Qadam.asia»