Қоғам

Доллардың арзандауы қашанға дейін созылмақ?

Биыл жыл басынан бері доллардың арзандауы байқалуда. Ақпан айында да доллар арзандап, ұлттық валюта біршама нығайды. Ал алтын-валюта резервтері өзгерген жоқ.

Ұлттық валютамыздың бағамы ақпанның  басынан бері 1,7%-ға нығайған.

Себептері:

  • Биыл ақпан-наурыз айларында мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы ОПЕК+ шешімінің есебінен қаңтарда өскен мұнай бағасының оң серпіні ақпанда да жалғасып, бір баррель үшін 63,3 АҚШ долларына жетті.
  •  Сондай-ақ, республикалық бюджетке трансферт бөлу, квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюта түсімінің бір бөлігін сатуы аясында Ұлттық қор активтерін конвертациялау теңге бағамына оң әсерін тигізді.

«Биржадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша биылғы жылғы 15 ақпанда теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 416,92 теңге болып, ай басынан бері 1,7%-ға нығайды», – дейді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.

Елдегі инфляция жағдайы қалай?

Қаңтарда жылдық инфляция 7,4%-ға дейін баяулаған.

Азық-түлік инфляциясы бағаның жалпы өсуіне үлкен үлес қосуда. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі жекелеген тауар нарықтарында теңгерімсіздіктің сақталуы аясында былтырғы желтоқсандағы 11,3%-дан биыл қаңтарда 11,4%-ға жетті.

Инфляцияның азық-түлікке жатпайтын және сервистік компонентінің серпіні салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуда. Бұл, әрине, коронадағдарыс жағдайында түсіп кеткен тұтынушылық сұранысқа байланысты.

Осы ретте азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,5-тен 5,3%-ға дейін, ақылы қызметтер – 4,2-ден 4,1%-ға дейін баяулады.

Ұлттық қор автивтері 1 млрд долларға кеміген

Ұлттық қор активтері осы жылдың басынан бері 1 млрд долларға кеміп, қаңтардың соңында 57,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Ұлттық қор активтерінің азаюына себеп болған бірнеше факторды атады:

  • Ұлттық қорға түсімдер 43 млрд теңге, оның ішінде валюталық түсімдер 56,2 млн АҚШ доллары немесе теңге баламасында 24 млрд болды;
  • Жыл басынан бастап 381 млрд теңгеге нысаналы және кепілдендірілген трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін 720 млн доллар сатылды;
  • Инвесторлардың тәуекелге бару деңгейінің төмендеуіне байланысты биыл қаңтарда MSCI World акциялар индексінің төмендеуі -1% болған.

Ұлттық қордың аталған кезеңдегі инвестициялық кірісі (-)340 млн АҚШ доллары немесе -0,59% болды. Қаңтарда қор нарықтарындағы құбылмалылық экономиканың біркелкі қалпына келмеуіне, сондай-ақ кәсіби емес инвесторлардың сауда платформаларындағы белсенділігі аясында шығыны көп компаниялар акцияларының шарықтауына байланысты күшейе түскен.

Пандемияның экономикаға әсері тағы жалғаса ма?

Алдын ала дерек бойынша төлем теңгерімінің ағымдағы шоты Ұлттық банктің болжамына сәйкес, 5,9 млрд доллар тапшылықпен қалыптасқан.

Ағымдағы шот тапшылығының негізгі себебі: мұнай және газ конденсаты экспортының қысқаруы есебінен тауарлар экспортының төмендеуі болып отыр. Тауарлар импортының төмендеуі инвестициялық және аралық тауарларды әкелудің қысқаруына байланысты болды. Бұл коронавирустың салдарынан орын алған жағдай.

Вирустың жаңа штамының таралуы және бірқатар елдерде вакциналық протекционизмнің күшеюі әлемдік экономиканың қалпына келу қарқынын тежеуде.

Сарапшылардың сөзіне сенсек, әлемнің ірі экономикаларында вакцинация деңгейі айтарлықтай төмен. Мәселен, Ұлыбританияда – 20,2%, АҚШ-та – 10,9%, Еуроодақта – 2,9% ғана.

Көптеген дамушы елдер әлі вакцина егуді бастаған да жоқ. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, вакциналаудың қазіргі қарқыны кезінде әлем халқының 75%-ын қамту және қалыпты өмірге қайтару үшін 7 жылдан астам уақыт қажет болатын көрінеді.

Қаңтарда пандемияның қайта өршуі мен вакциналарды таратудың кешігуінен экономиканың баяулауы мүмкін деген алаңдаушылыққа байланысты жаһандық қор нарықтары төмендеді.

АҚШ-тағы нарықтар бірқатар компанияға қатысты кәсіби емес трейдерлердің алыпсатарлық мәмілелеріне байланысты қосымша қысымға ұшырады. Бұл АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздары кірістілігінің өсуімен бірге алтын бағасының төмендеуіне алып келді.

Вакциналаудың қазіргі таңдағыдай баяулығы және біркелкі жүргізілмеуі, тауар жеткізу мен өндірудегі қиындықтар, жаңа штамдардың пайда болуына байланысты үнемі енгізіліп тұратын шектеулер 2021 жылы жаһандық сұраныстың өсуін тежейтін болады дейді сарапшылар.

Яғни нақты сектордағы экономикалық белсенділіктің қалпына келуі де біршама уақытқа созылуы мүмкін.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button