Ағылшын тілін білмей жақсы жұмыс табуға бола ма? Әрине, болады, бірақ жоғары еңбекақыға әрі беделді жерде жұмыс істегіңіз келсе ағылшын тілі бәрібір керек болады. Бүгін біз 6 заманауи және қызықты мамандықтар туралы сөз етеміз, оларды ағылшын тілін білмей меңгере алмайсыз.
БАҒДАРЛАМАЛАУШЫЛАР, ТЕСТЕРЛЕР (IT САЛАСЫ)
IT саласында ағылшын тілінсіз маман атану өте қиын. Осы салада жұмыс істейтін мамандар ағылшын тілін білмесе, тіпті халықаралық корпорацияларды айтпағанда, отандық компанияларда да жұмыс істей алмайды. Біріншіден, сайт құру немесе оны тестілеу ағылшын тілімен тығыз жұмыс жасауды (түстер мен пішіндердің қарапайым атауларынан бастап күрделі терминдерге дейін) қажет етеді. Екіншіден, жұмыс туралы анықтама көбінесе ағылшын тілінде жазылады. Қазір ақпараттық технологиялар саласы тез дамып келеді, сондықтан ағылшын тіліндегі білім беру курстарына қатысу да пайдалы болады.
ІРІ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ МЕНЕДЖЕРЛЕРІ
Бұл санатқа клиенттермен жұмыс істеу, сату, сатып алу және т.б. айналысатын менеджерлер кіреді. Мұндай кәсіп көптеген отандастарымыз үшін танымал әрі беделді кәсіп. Ірі компанияларға үлкен тәжірибесі бар адамдарды ғана алады, ал университет түлектері алдымен кішігірім компанияларға жұмыс істеуге мәжбүр болады деген жаңсақ түсінік бар. Бұл мүлдем дұрыс емес. Ағылшын тілін жетік меңгерген әрі өз саласында қызығушылықпен жұмыс атқаратын жастар қалайша халықаралық компанияда жұмыс істемеуі тиіс? Шетелдік серіктестермен, ағылшын тілді клиенттермен және жеткізушілермен байланысты орнататын да ағылшын тілін жетік меңгерген жастар.
ЖОБА МЕНЕДЖЕРЛЕРІ
Сұранысқа ие мамандықтардың бірі – осы. Менеджер тапсырыс берушімен байланыс орнатып, белгілі бір тапсырмаларды орындау үшін мамандар тобын жинауы керек (мысалы, веб-сайт құру, өнімді әзірлеу және т.б.), содан кейін дайын жоба мен клиентке есеп беру керек. Әдетте, мұндай позициялар шетелдік клиенттер үшін жұмыс істейтін ірі фирмаларда қалыптасады. Кәсіп өте қызықты және жоғары ақылы, бірақ ағылшын тілін жетік білуді қажет етеді.
ЭКОНОМИСТЕР, ҚАРЖЫГЕРЛЕР, БРОКЕРЛЕР
Соңғы 10-15 жыл ішінде ішкі еңбек нарығы әртүрлі экономистер мен қаржыгерлермен толықты. Бұл сенімді, тұрақты мамандық боп есептеледі. Шынында да, осы саланың мамандары сұранысқа ие. Сондықтан жұмыс берушілер үміткерлердің артықшылықтарын салыстыра отыра жұмысқа қабылдайды. Ағылшын тілін жетік білгеніңіз сіздің артықшылығыңыз бола алады.Сонымен қатар, елімізде шетелдік капиталы бар банктердің үлесі күн сайын артып келеді. Жылына кемінде бір рет инвесторлар қаржы институтына жеке барады. Ағылшын тілін білетін маман ғана қаржылық есептің нәтижелерін түсіндіріп, презентация жасап, жиналыс өткізе алады.
КӘСІПКЕРЛЕР МЕН КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЛАРЫ
Әлемдік интеграция мен жаһандану процестері бизнестің бір қаламен, аймақпен немесе тіпті бір елмен шектелмейтініне көз жеткізуде. Кәсіпкерлер шетелдік өндірушілермен жұмыс істеп, кәсіптерін кеңейткенді құп көреді. Сіз, әрине, ағылшын тілін жетік білетін менеджеріңізге бар жұмысыңызды тапсыра аласыз. Бірақ, дегенмен, өз бизнесіңіздің толық картинасын түсіну үшін және іскерлік келіссөздер мен кездесулер өткізу үшін тіл білу артық болмайды.
ВЕБ-ДИЗАЙНЕРЛЕР
Жастар үшін трендтегі мамандық. Бір жағынан, бұл кәсіп, шынымен, шығармашылық еркіндік сыйласа, екінші жағынан «прагматикалық», «қарапайым» білімді қажет етеді. Графика мен дизайн бағдарламалары 100% қазақ тіліне, 90% орыс тіліне аударылмаған. Түрлі бағдарламаларды меңгеріп, өз салаңызда «суда жүзген балықтай» болу үшін және отандық компанияларға қарағанда екі-үш есе көп жалақы төлейтін шетелдік компанияларда жұмыс істеуді қаласаңыз, ағылшын тілінің көмегі артық болмайды.