Бизнес

Байлар ғана оқитын бизнес-тәмсілдерді сіз де оқып көріңіз

Кейде дұрыс шешім қабылдау үшін немесе істен қорытынды шығара білу үшін қысқа-нұсқа әңгімелерді оқып, жауап табуға болады. Біз бүгін сіздің бизнесіңізге көмектесетін тәмсілдерді оқуға ұсынамыз.

Аяқ киім сататын екі адамның Африкаға сапары

Аяқ киім өндіретін бір ірі компания нарықты талдау үшін екі сатушыны Африкаға ұзақ мерзімді іссапарға жібереді. Бір аптадан кейін бір сатушы басшыларына жеделхат арқылы: «Мен қайтамын. Мұнда бизнесіміздің келешегі болмайды. Мұнда ешкімге аяқ киім керек емес, бәрі жалаңаяқ жүреді екен», – деп жазады. Ал екінші сатушы бастығына мынадай хабарлама жібереді: «Бұл нағыз сәттілік болды! Осы жаққа бәрін жіберіңіз, нарық мұнда іс жүзінде шектеусіз! Мұнда барлығы жалаңаяқ жүреді!»

Қорытынды: кез-келген бизнестегі сәттілік немесе сәтсіздік проблеманы бастапқыда жеке адамның қабылдауына және көңіл-күйіне байланысты.

Екі ағаш кесушінің хикаясы

Жарысқа түскен канадалық және норвегиялық екі ағаш кесушіге мынадай тапсырма беріледі: таңғы сегізден кешкі төртке дейін мүмкіндігінше көп ағаш кесу керек.

Таңғы сегізде ысқырык естіліп, жұмыс басталды. Ағаштан ағаш қоймай кесіп жатқанда канадалық норвегиялықтың демалуға тоқтағанын көріп, осы сәтті пайдаланып, озу үшін жұмысқа бар күшін салады. Норвегиялық қайта іске кіріскеннен кейін екеуі синхронды түрде ағаш кесуді жалғастыра береді. Бір сағат өткен соң норвегиялық тағы да демалады. Бұл кезде канадалық тағы да жұмысын екі есе күшті жасайды. Сөйтіп норвегиялық бір сағат сайын демалып тұрады. Ал канадалық демалмастан жұмыс істейді.

Сағат  төртте жарыстың аяқталғаны туралы белгі берілгенде канадалық ағаш кесуші жүлденің қалтасында тұрғанына сенімді болатын. Бірақ жеңілгенін естіп қатты таңғалады.

Норвегиялықтан: – Бұл қалай болғаны? Сенің әр сағат сайын демалғаныңды көрдім ғой, менен де көп ағаш кесіп қалай үлгердің? – деп сұрайды.

Сонда норвегиялық: – Мен сағат сайын балтамның жүзін қайрау үшін тоқтадым, – деп жауап берген екен.

Қорытынды: әрбір күрделі мәселені шешетін кезде маңызды сұрақтардың жауабын табу үшін арасында тоқтап, ойлану керек.

Бір көйлектің құны

Ертеректе атақты тігін шеберханасы болыпты. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ең шебер мамандар жұмыс істейді екен. Сәйкесінше, ешкімде жоқ, ерекше дизайнда жасалған киімдер тігіп шығарады. Бағасы да сапасына сай қымбат болады. 

Бір күні осы шеберханаға бір кісі келеді. Шеберлердің тіккен көйлегін кезек-кезек қарап шығады да:

– Мына көйлекке де әкеңнің құнын сұрап тұрсың ба? – дейді. 

– Негізі біз қойған баға бұл көйлек үшін қымбат емес, – деп шеберхана иесі сыпайы жауап береді. 

– Қалай қымбат емес? Мынаған ары кетсе матасына 25 сом, жібі мен инесіне 3 сом, түймесіне 8, ілмегіне 12 сом кетер, барлығы 48 сом болды ма? Ал сендер оны бақандай 120 сомға бағалапсыңдар.

– Жарайды. Сізге өзіңіз айтқан 48 сомға өнім ұсынамыз. Арғы күні келіп алып кетіңіз, – дейді.

Келісілген күні бағаға көңілі толмайтын кісі келеді. Шеберхана иесі оның қолына қорап ұстатып:

– Тапсырысыңыз дайын, – дейді.

Қорапты ашып қараса ішінде мата, жіп, түйме жатыр екен. Ол ашуланып кетіп:

– Бұл қай мазағың? Маған мата мен түйме емес, анау қызыл көйлек секілді киім керек, – дейді.

– Ол көйлек 120 сом тұрады. Ал сіз 48 сомға бағалаған нәрсе осы. Киімге баға берерде сіз менің төккен терімді, жұмсаған уақытымды, еңбегімді бағаламадыңыз. Міне, мен де оны қосқан жоқпын, – деп жауап берген екен. 

Қорытынды: әрдайым өз еңбегіңнің бағасын біл, ешкімге желінбе.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button