Қоғам

Қазақстанда соңғы 30 жылдағы ең ірі мұнай кен орны ашылды

Маңғыстау облысында жаңа мұнай кен орны ашылды. Бұл мұнай кен орны соңғы 30 жылда ашылғандардың ең ірісі.

Жаңа кен орны Тепке учаскесінде орналасқан. Ол екі ауданның – Маңғыстау және Бейнеудің аумағын қамтиды. Сарапшылардың пікірінше, бұл Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан аумағынан табылған көмірсутектердің ең үлкен қоймасы.

Зерттеушілердің талдауы бойынша, Тепкеден табылған мұнай жеңіл әрі күкіртті емес екен. Жаңа кен орнына аты аңызға айналған геолог-барлаушы және Қазақстан мұнайын алғаш ашқан мұнайшылардың бірі Халел Өзбекқалиевтің есімі берілді.

«Қазір кен орнындағы мұнай қорын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл біздің ел үшін шынымен де тарихи оқиға. Қысым, дебит, газ коэффициенті және басқа да параметрлер туралы алынған мәліметтер бойынша Халел Өзбекқалиев кен орны – Тәуелсіздік алғаннан бері Маңғыстау облысында ашылған ең ірі кен орны», – деп атап өтті «Меридиан Петролеум» компаниясының президенті Балтабек Қуандықов.

Ал Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов мұнай кен орнының ашылуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қуатты серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына себеп болатынын айтты.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button