БизнесДенсаулық & Психология

Уоррен Баффеттің «Қос тізім» стратегиясы

Назарды тек маңызды іске ғана аударуға көмектесетін әдістердің бірін әйгілі инвестор Уоррен Баффетт ойлап тапқан болатын.

Баффетт өз қызметкерлеріне белгілі бір істі басты назарға алу үшін және сол бойынша жоспар құруға көмектесу үшін «үш сатылы өнімділік стратегиясын» қолданады.

Бірде ол өзінің жеке ұшқышына үш қадамнан тұратын қарапайым жаттығуды орындауды ұсынады.

1-қадам:

Баффетт Майк Флинт есімді ұшқыштан өзінің кәсібіне байланысты 25 негізгі мақсатын жазуды сұрайды. Флинт мақсаттарын анықтап жазуға біраз уақыт жұмсайды.

Кеңес: бұл жаттығуды қысқа мерзімді жоспарлар үшін де орындауға болады. Мәселен, осы аптада атқаруға тиісті 25 істің тізімін жасап көріңіз.

2-қадам:

Келесі қадамда Баффетт Флинттен осы 25 мақсаттың ішінен ең негізгі 5-еуін ғана таңдап алуды өтінеді. Ең маңызды 5 мақсатты анықтау үшін де ұшқышқа біраз уақыт қажет болады. Дегенмен, алғашқы бестікте тұрған негізгі мақсаттарын таңдап жазады.

3-қадам:

Үшінші қадамға аттағанда Флинтте екі тізім бар еді. Ең негізгі бес мақсаты А тізіміне енеді де, қалған 20 мақсат Б тізімін құрайды. Флинт енді бірден А тізіміндегі 5 мақсатын орындауға кіріседі.

Осы кезде Баффетт Флинттен Б тізіміндегі мақсаттарды не істейтінін сұрайды. Сонда Флинт: «Ең негізгі 5 мақсатымды анықтап алдым, енді осылармен жұмыс істеуді бастаймын. Бірақ қалған 20 мақсат та маңызды, сондықтан оларды асықпай, мүмкіндігінше орындайтын боламын», деп жауап береді.

Сонда Баффетт: «Майк, сен дұрыс түсінбедің. Өзің таңдап алған негізгі 5 мақсатыңнан басқасына мүлдем көңіл бөлмеуің керек. Қандай жағдай болмасын, осы бесеуін іске асырғанша Б тізімін ұмыт», деген екен.

Осы үш қадамнан тұратын әдісті пайдалана отырып, орындалмай жатқан көп жоспарлардың ішінен уақыт бөлуге тұрарлық ең маңызды істерді ғана таңдап алыңыз. Баффеттің бұл ерекше әдісі маңызды шешімдер қабылдауға, уақытты ысырап ететін дүниелерден қашуға көмектеседі.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button