Қаржы пирамидалары жаңа әдіске көшті: белгілері қандай?
Қаржы пирамидасы – бұл алғашқы салымшыларға келесі салымшылар есебінен табыс төленетін алаяқтық. Сөйтіп соңғы салымшылар бүкіл ақшасынан айырылады.
Негізі қаржы пирамидасының қалай жұмыс істейтінін бәріміз білетін сияқтымыз. Тіптен, қаржы пирамидасына бас сұғып көргеніміз қаншама. Алайда, әлі күнге қаржы пирамидасына алданып жатқан адамдардың саны азаймай отыр.
Мұның себебі неде? Неге осындай алаяқтардың құрбаны болып қала береміз?
Қаржы пирамидасының белгілері:
- Егер компания жақында ғана тіркелген, жарғы капиталы тым аз және жалғыз құрылтайшысы болса, тексеріңіз;
- Ұйымның жарнамасы тым белсенді және нарық деңгейінен әлдеқайда жоғары, бұрын-соңды естімеген кіріске уәде береді. Ал қор нарығында мұндай мәлімдемелерге тыйым салынған;
- Қауіп-қатер жоқ деп айтады. Ал нақты инвестициялық компания инвестицияның қауіп-қатерін ескертеді;
- Алдын-ала жарна – жобаға ақша салып, содан кейін орасан зор дивидендтер алу үшін аз мөлшерде қолма-қол ақша салуың керек. Бұл алаяқтықтың белгісі;
- Егер компания ақшаңды жоғары рентабельді кәсіпорындарға (мұнай немесе алтын өндірісі, құрылыс) саламын десе, сол қызметтің құжаттарын сұра. Құжаттары жоқ болса, онда олар 100% алаяқтар;
- Келісім-шартта компания саған жауап беретіні анық емес болса, тағы бірдеңелер түсініксіз болса немесе ешкім жауапкершілікті мойнына алмаса, ақша беруден үзілді-кесілді бас тарт;
- Сенен жаңа клиент тартуды сұрайды – бұл басқалардан пайда көргісі келетін алаяқтық қаржылық схема.
Қаржы пирамидасының түрлері
- Пирамида күйінде
Кейде пирамиданы ұйымдастырушылар оның мәнін жасырмайды. Олар әсер ету механизмін жанталасып түсіндіріп, логикалық есептеуін көрсетіп береді. Мысалы былай дейді: «Интернеттің арқасында көптеген жаңа серіктес тартуға болады, бүгінде бұл бизнес ғаламтордың арқасында 90-жылдарға қарағанда керемет сәтті жүреді». Осылайша адам сенгісіз пайда, үстеме табыс уәде етіледі. Жоғары табыс келетіні жөнінде уәде тек бір рет ұйымға тарту кезінде орындалуы мүмкін, бірақ ары қарай одан да көп қаражаттан айырылып қалу қаупі өте жоғары.
- Инвестициялық компания ретінде
Алаяқтар өз қызметін «қаржы пирамидасы» деп ашық айтпайды. Олар көбінесе өзін инвестициялық кәсіпорын деп ұсынып, атағы жер жаратындай тартымды атау ойлап табады. Мысалы, IT-компания, интернет-компания, инновациялық жоба. Сөйтіп акцияларды, облигацияларды сатып алуды ұсынып, табысты құрылысқа, алтын өндіруге немесе өте тиімді өндіріске инвестиция салуға уәде береді. Ал шын мәнінде олар шынайы экономикалық немесе инвестициялық қызметпен айналыспайды. Пирамида өзін тауар, несие, туристік, құрылыс компаниясы ретінде таныстырады. Бірақ шындап келгенде ескі салымшының барлық төлемі жаңа салымшылардың жарнасы есебінен төленеді. Жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ.
- Несиелік ұйым ретінде
Қаржылық айла-шарғының тағы бір түрі – несие тарихы нашар болғандықтан банктен несие ала алмайтын немесе оны төлей алмайтын адамдарды алдау. Пирамида өзін микроқаржы ұйымы немесе тіпті банк деп, «несие бюросы», «қарызға қарсы бағдарлама», «қаржылық қызмет орталығы» деп атап, мынадай қызметтерді ұсынады:
«Банк сізге несие бермеді ме? Онда біз көмектесеміз!»
Несие сомасының тек 20%-ын салуды ұсынып, қалғаны компания есебінен болады деп алдайды. Дәлірек айтсақ, жаңағы айтылған «компания есебінен» деген – ол «тартымды» несие алғысы келетін жаңа адамдардың есебінен. Нәтижесінде барлық салымшы құр алақан қалады. Егер несие тарихыңыз жаман болса, күмәнді компаниялардан аулақ болыңыз.
«Несиеңізді қайта қаржыландырамыз! Қарыздан құтқарамыз!»
Мұның ережесі – несие сомасының 30%-ын салады, жаңа борышкерлердің келуіне байланысты қалғанын компания төлейді деп алдайды. Сөйтіп компанияның «жомарттығына» үміттенген борышкерлер банктерге несиесін қайтармақ түгілі, қолындағы азын-аулақ ақшасынан айырылады.
Қаржы пирамидасын анықтайтын ең маңызды ереже – лицензиясының жоқтығы
Алаяқтардың қулығында шек жоқ. Олар өзін басқарушы компания, тұтыну кооперативтері, танымал компания атынан ұсына береді. Кейде оны нақты компания ма, әлде жалған ба, ажырату қиын.
Қаржы пирамидасын анықтайтын ең маңызды ереже – ҚР Банкі лицензиясының, Республикалық бағалы қағаздар нарығы бойынша комиссия лицензиясының, Қаржы нарықтары бойынша қызмет лицензиясының жоқтығы. Яғни, уәде етілген қызметті жүргізу туралы лицензия оларда мүлде болмайды. Тіпті ресми құжатын көрсетсе де, оны қайта тексеруге ерінбеңіз.
Кез келген салым егер сыйақының мерзімі мен мөлшерлемесі көрсетілген болса, ол депозит болып саналады. Халықтан салым алу үшін ҚР Ұлттық банкінің лицензиясы қажет, және ол екінші деңгейдегі банктерде бар.
«ҚР екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңына сәйкес, банктер халықпен жұмыс жасап, салынған қаражаттың қайта берілуіне кепілдеме береді.
Бірақ қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары лицензияны қажет етпейтіндігін мәлімдейді. Осыдан-ақ алаяқтықпен айналысатын компания екенін ажырата беріңіз.
«Qadam.asia»