Қоғам

«Әлем ана тілінен бас тартып жатқанда қазақ тілі керек пе?»

Қазақ тілі туралы сөз болса, ең бірінші тіл үшін күресіп жүрген белсенділер мен патриоттар ғана еске түсетіндей… Қоғамда қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін жыл сайын түрлі бағдарлама, арнайы ұйымдастырылған шаралар өтеді. Тек нәтижесі құмға тамған тамшыдай, жұтылып кетеді.

Ақпан айының 11 күні yvision.kz басылымында «В Казахском языке нет смысла?» атты блог жарық көрді. Автор өзінің аты-жөнін толық көрсетпеген. Тек ON_EN атымен жазылған блогта қазақ тілі туралы сөз болған.

Блог авторы «қазақ тілін дамытудың қажеті бар ма?» деген сауалға жауап іздемек болады. Жауапты факт түрінде іздеуден бұрын, жалпылама көзқарас танытқан автордың ойынша, қазақ тілі бір орында тұралап қалған. Тіпті оның керегі бар ма деген ойға келеді. Бұл бір.

Екіншіден, автор «Вавилонның аспалы бағын» мысалға алады. Солай ойын жалғап келіп, неге бүкіл әлем бір-ақ тілде сөйлемеске дегенге шақырады. Солай болған кезде ғана ғылым мен техника дамиды дейді.

Үшіншіден, біздің көрші Ресеймен қарым-қатынасты тоқтатуға біздің тіліміз әсер етеді-міс. Яғни, автор қазақ тілі көршімізбен тату болуға кедергі болады дегенді айтады. Бұдан бөлек Сингапурды мысалға алған. Ол ел өзінің ана тілінен бас тартып, ағылшын тілінде дамыған, әлемдегі ең қуатты елге айналған дейді. «Неге бізге солардан үлгі алмасқа?!» деп ойын қорытқан автор, одан әрі қоғамдағы тіл белсенділерін, патриоттарды сынайды.

Аталған блогты 22 мыңнан аса адам оқыған. Түрлі пікірлер білдірген. Автор сөз соңында бұл оның жеке пікірі екенін жазған. Мәселе онда емес, мәселе автордың бұл ойының көп оқылатын басылымдардың бірінде жарық көруі және көп оқылуында.

Шындығында, қазақ тілі осындай күйге түсті ме? Ол расын да тұралап қалды ма?

Дәл қазіргі қазақ қоғамын 5-10 жыл алдындағы қоғаммен салыстыруға болмайды. Қазақ тіліне деген құрмет артты. Әлеуметтік желілерде қазақ тілінде контент дайындайтын, ақпарат беретін парақшалар, жеке блог платформалар мен түрлі сайт, басылымдар көбейді. Бәлкім, автор бұл үрдістен алшақ болар.

Ағылшын тіліндегі әлемдік еңбектер қазақ тіліне аударылды. Оқырманға жол тартып, өзінің бағасын да алып үлгерді. Тәуелсіздік жылдарында жазылған еңбектер аз шығар. Алайда қазіргі ақын-жазушылардың еңбектерін сүйіп оқитын да ұрпақ бар.

Қазір мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын шенеуніктер немесе басқа да ұйым өкілдері халықтың сынына ұшырап жатады. Бұл мәселеге автор қандай көзқарас білдірер екен?

Қазақ тілі – 10 жыл бұрын ғана пайда болып, бір ұлттың тіліне қатысты жасалған тәжірибе емес. Бұл ғасырлар бойы келе жатқан, ұлттың басты құндылықтарының біріне айналған, қарым-қатынас құралы. Егер автордың жазбасына үңілер болсақ, қазақ деген ұлттың бабалардан келе жатқан еңбектерін жоққа шығарамыз.

Автор сөз соңында «жастарды қазақ тілінің аясында ғана тәрбиелесек, біз олардың дамуына кедергі боламыз», дейді. Сіз бұл оймен келісер ме едіңіз?

«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», дегенді айтқан батыр Бауыржан Момышұлының сөзін, оның ерлігін қайтеміз?

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді», деген Ғабит Мүсірепов ше?

«Абайдың барлық өлеңі – қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш, қырдағы қалың қазақтың осы күйге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, соның сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл – Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі», деген Мұхтар Әуезовты қайда қалдырамыз?

Алашордалықтардың еңбектерін жоққа шығара аламыз ба? Шындығында, олар тек күрескер емес, ғылым ға да, білімге де өздерінің үлесін қосқан ғалымдар.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button