Денсаулық & Психология

Босанғаннан кейінгі депрессияға түскен келіншектермен сырласу

Босанғаннан кейінгі депрессияға төтеп беру үшін де әйелдерге үлкен күш керек. Себебі, бұның психологиялық салдары өте көп.

Ер адамдар «бұрын аналарымыз мұндай депрессияға түспеген, сенікі не» дегендей түсінбеушілік танытуы да мүмкін. Біз осы босанғаннан кейінгі депрессия деген не екенін білеміз бе? Оның сипаттары қандай? Неге көптеген келіншектер осындай депрессияға түседі?

«Qadam.asia» редакциясының тұрақты сарапшысы, педиатр Жайна Батырханқызына осы сұрақтарды қойдық.

«Босанғаннан кейінгі депрессияның психикалық және физиологиялық сипаты болады»

Жайна Батырханқызы (@dr.batyrhanqyzy), педиатр:

Босанғаннан кейінгі депрессия – бұл жақында босанған әйелдердің 10-20%-на әсер ететін көңіл-күйдің бұзылуы, көп жағдайда босанған соң 1 айдан 12 айға дейінгі аралықта кездеседі.

Ол қандай жағдайда туындайды?

  • Отбасылық жағдайда күйеуінен, жақындарынан қолдаудың болмауы;
  • Аналық міндеттерге дайын болмай жүкті болып, бала босану;
  • Әлеуметтік жағдайының төмен болуы. Қаржының жетіспеуі, жалғыз басты ана болу, сондай-ақ, жасы 18-ден аспаған аналарда бұл жағдай жиі ұшырасады;
  • Босанудың ауыр өтуі, баладағы даму ақауларының болуы, нәрестесі туылғаннан соң немесе басқа да жағдай салдарынан қайтыс болуы;
  • Мінсіз болуға тырысу, өзіне жоғары талаптарды қойып, сол ойының орындалмауы;
  • Бітпейтін мәселелер, шаршағыштық, баланың жиі мазасыздығы;
  • Кесар тілігімен босану, өзім босана алмадым деп іштей қынжылу.

Сипаты қандай?

Психикалық тұрғыдан – әйелдің үнемі көңіл-күйі болмауы, жиі жылауы, алаңдап жүруі, өз-өзіне көңілі толмауы, «жаман анамын» деп ойлауы, бұрын көңілін көтерген заттарға қызықпауы.

Физиологиялық тұрғыдан – тәбетінің нашарлауы (шамадан тыс немесе аз тамақтану), ұйқысының бұзылуы (көп ұйықтай беру немесе аз ұйықтау), жүрек айну, бас ауруы, жүрек соғысының жиілеуі, ентігу.

Депрессияға түскен келіншектер не дейді?

Бұл кәсіби маманның пікірі. Біз Жайна Батырханқызына «Өз басыңызда мұндай жағдай болды ма?» деген сауал қойып көрдік.

Жайна Батырханқызы бұл сауалымызға: «Болмады деп айта алмаймын, жанымда көмектесетін адам жоқ болған соң болып тұрады, бірақ өзімді тез ретке келтіріп аламын. Себебі, емізулі болған соң, сүт жиналуға әсер етпей қоймайды», – деп жауа берді.

Маман болғаннан кейін, депрессиядан шығып кету оңай болады деп ойлауымыз мүмкін. Біз кәсіби медициналық білімі жоқ, қарапайым келіншектерден де босанғаннан кейінгі депрессияға түсуі қалай болғанын сұраған едік.

«Босанғаннан кейін депрессияға түскенімізге ешкім кінәлі емес екенін түсінуіміз керек»

Мөлдір Нұржаубаева (@moti__official), екі баланың анасы:

Иә, босанғаннан кейін менде депрессия болды. Әрине, ешкім депрессияға бой алдырған келіншекке бақытсыздықтың болғанын қаламайды, сондықтан білу керек ең басты нәрсе – бұған ешкім кінәлі емес.

Жаңадан оянған аналық мейірім, яғни аналық инстикт бейімделудің барлық қиындықтарын, ұйқының болмауын және өзіңізге күтім жасау мүмкіндігінің жоқтығын жояды. Кез келген әйел баланы босанғаннан кейін бірден сүйе бастайды, өткен өмірін ұмытып, жөргектерге, кіндік жараларына, емізуге және сонымен бірге өмірін қамтамасыз етуге дайын.

Бірақ шын мәнінде, бәрі мүлдем басқаша болуы мүмкін. Бұған барлық отбасы дайын емес.

Дәл осы жағдай менде де орын алды. Баланы дүниеге әкелгеннен кейін, ұйқымның қанбауы, одан кейін шала ұйқымен күні бойы үй тірлігімен, баланың жылағанымен жүріп арпалысу психологиялық тұрғыдан соққы берді десем де болады.

Сөйтіп, бірден депрессияға түстім. Өзімді кінәлай бастадым. «Мен ана болуға лайық емеспін» деп өзімді жегідей жедім. Туылған бала мен үшін үлкен проблема болғандай…

 «Баланың жылағаны», «жұбайыңның жұмыстан шаршап келуі», «ата-ененің қас-қабағы», «өзіңе артық уақыттың болмауы», тіпті «ас іше алмауым» мені жегідей жеп, тіпті азып кеттім… Қатты күйзелдім…

«Күйеуім күнде жұмыстан гүлмен келетін болды»

Босанғаннан кейінгі депрессия – бұл барлық отбасы мүшесі үшін үлкен сынақ.

Себебі, үнемі көңіл-күйің нашар боп жүрсе, әрбір отбасы мүшесіне қиын. Біреуге агрессия туғызуы мүмкін… Қарапайым мысал, кейде түк түсінбейтін шақалаққа ұрысып кететінмін.

Ең бастысы, бұл жерде жолдасымның қолдауы, тосынсыйлары маған бұл депрессиядан шығуға көмек берді.

Күнде жұмыстан гүлмен келетін болды.

Мен гүл алып үйреніп қалған соң, алдынан жарқырап шығып, ол келем дегенше бәрін тез бітіріп, дәмді асымды әзірлеп, баламды емізіп, томпитып, жарымды асыға күтетін болдым. Өзгеруге, үнемі жайнап жүруге тырысатын болдым.

Солай, 4 күннің ішінде мен өзгеріп шыға келдім… Яғни, депрессияда жүрген күндерімді күліп еске алатын болдым.

Мен тайм менеджментті үйрендім, уақытымды үнемдеп, күндік стратегиямды күнделікті жазып, сол бойынша орындап отырдым. Ютубтан хадис-уағыздар тыңдап, ананың бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербететіндігін түсініп, барлығына уақыт табатын болдым. Әрі көңіл-күйім, «состоянием» қалпына келді.

Босанғаннан кейінгі депрессиядан шығудың жолы қандай? Маман кеңесі

Жайна Батырханқызы, педиатр:

Босанғаннан кейінгі депрессиядан шығу үшін төмендегі кеңестерге құлақ түріңіз:

  • Бала күтімі мен тәрбиесі жөніндегі істерді жолдасыңызбен бөлісіңіз немесе көмекке жақындарыңызды шақырыңыз;
  • Мінсіз ана болуға тырыспаңыз;
  • Сөйлесетін адам табыңыз, сырларыңызды, мәселелеріңізді айтып ақтарылыңыз, баламен бір өзіңізге қиын екенін айтыңыз. Әсіресе осы жағдай басынан өткен адамдарға (құрбыңызға, әпкеңізге, анаңызға т.б);
  • Кішкене нәрселерге қуана білуді үйреніңіз. Мысалы, балаңыздың шықылықтап күлгенінен, томпаңдап жүргенінен, тәтті ұйқысынан, періштедей нәзік келбетінен, дамып, өсіп жатқанынан ләззат алып үйреніңіз;
  • Өзіңізді дамытатын істермен айналысыңыз, сол ісіңізге бала мен үй шаруасынан бөлек уақыт табуға тырысыңыз.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button