Қоғам

Аналарға арналған өлеңдер топтамасы

«Qadam.asia» ұжымы көктемдей құлпырған аруларымызды, әпке-қарындастарымыз бен аналарымызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтайды!

Аяулы жандардың отбасыларына береке, шаңырақтарына шаттық тілей отырып, аналарға арналған өлеңдер топтамасын ұсынамыз.

Бұл өлеңдердің арасында бала кезімізден көңілімізге жатталған әндердің мәтіндері де бар. Қазақтың біртуар ақындары аналарға арнаған өлең жазып, қайталабас әнге айналдырған.

Ана туралы жыр

Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.

Сен берген құстардың
Қанатын самғаған,
Балалық құштарым
Өзіңе арналған.

Әлдилеп, аялап,
Өсірген жемісің.
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.

Есейіп кетсем де,
Мен саған сәбимін.
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен танимын.

Өтеуге борышын
Анашым, жан сырым.
Іздедім сен үшін,
Әлемнің асылын.

Әлемнің байлығын,
Сыйлар ем, кеш мені.
Сыйлар ем ай-күнін,
Қолыма түспеді.

Ете гөр қанағат,
Әзірге берерім.
Балалық махаббат
Балалық жүрегім.

Бол риза, анашым,
Қолдағы осы бар.
Өзіңе арнаған
Әнімді қосып ал.

Ғафу Қайырбеков

Әже туралы ән

Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған,
Сағынышым – сары ормандай самсаған.
Әке болып жүргенімді ұмытып,
Әлі күнге еркелеймін мен саған.

Құлындаймын асыр салған аңғарда,
Қозыңдаймын ойнақтаған албарда.
Өзің барда қысылмаймын күлуге,
Жылауға да қысылмаймын сен барда.

Мен өзіңнен қабылдаппын сүюді,
Мен өзіңнен қабылдаппын күюді.
Сенің жаның жүрегіме ораулы,
Менің жаным жаулығыңа түюлі.

Тұра тұршы түзелгенше бұзығың,
Жүре тұршы жалғанғанда үзігің.
Маған дәулет неге керек, ақ әже-ау,
Өзің бірге көре алмасаң қызығын?!

Қадыр Мырза Әлі

Мама

Мен сені Тәңірден сұрадым, мама,
Осы арудың құрсағына бітемін деп.
Мен сен үшін талай жыладым, мама,
Ақынның анасы боп өтеді деп. 

Мен сені жұбата алмаймын, мама,
Арайлы бір таңың атады деп.
Мен бұл өмірді ұната алмаймын, мама,
Қабырғама бар мұңы батады кеп. 

Мен өмірді сонда да сүйіппін, мама,
Сыздайды тек іште, жарам ғана.
Мен бар мұңнан биікпін, мама,
Мен үшін алаңдама! 

Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама?
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп.
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама,
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек. 

Сен мені қазаққа сыйладың, мама,
Ғажаптардан қағылсаң да.
Мен сені азапқа қимадым, мама,
Қанша жыл сағынсам да. 

Әйтпесе, білсең ғой, жаным, мама,
Ішім менің – шексіз әлем.
Бұл менің сорым әрі бағым, мама,
Жанарымдағы өксік өлең. 

Ішім менің гүлдерге толы ғой, мама,
Нұрға да толы жүрегім ақ.
Біздің тағдыр – азап жолы ғой, мама,
Әйтеуір тілегім ақ. 

Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама,
Ал, мен – Құдайдың баласымын.
Сен бәрібір маған ұнайсың, мама,
Көзімдегі қарашығым..!

Ақберен Елгезек

Ана жайлы ең жақсы сөз…

«Əке, əке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?» деді,

Ана жайлы...
Ана жайлы пайғамбарлар сəлемі,
Ана жайлы ақындардың өлеңі.

Ана жайлы – қара жердің төзгені,
Ана жайлы – уақыттың безбені,
Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса əлемде,
Ол да ананың айта алмаған сөздері.

Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым,
Тыныштықты,
Тауды,
Көлді,
Ай сəулесін,
Күн нұрын,
Ана жайлы сенің тəтті қиялдарың, арманың,
Ана жайлы менің барлық шындығым.

Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Мен де анамды жақсы көрем, себебі!
Білесің бе, бұл əлемге адамдар,
Ана жайлы айту үшін келеді!

Адамзаттың ең бір асқақ бар əні,
Жыр еткенмен, пір еткенмен ананы,
Бұл өмірді қалай сүріп өткені –
Ана жайлы айтқан сөзі болады.

Ана жайлы – кең дүние – бесігің,
Ана жайлы аманат пен кешірім,
Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде –
Ұлым, сенің есімің!..

Ерлан Жүніс

Сәлем хат

Қасиетім де, киелім де сен,
Тұмар қып бойға түйерім де сен.
Сенесің бе, әлде, сенбейсің бе енді?
Әкемнен артық сүйемін десем.

Кешір, бұл сөзім асылық болар?!
Ақымақ ұлың тасынып толар.
Санамды мұжып, сансыз ойларым
Күн бата көкке шашылып қалар.

Мен үшін жайған құдайға қолды,
Көзіңнен көрдім шырайлы әлемді.
Дәл қазір шексіз мейіріңді айтсам,
Мыналар өксіп жылайды-ау енді.

Көз жасын қайтем?!
Айтпадым, мақұл.
Өткіздің бе аман ақпаныңды ақыр?
Әудем-ақ жерде басын бұлт басып,
Әкемдей болып ақ тауым жатыр.

Шаршата берме санаңды, күнім,
Аймалап жеткен самал – бұрымың.
Түсіме кеше әкем кіріпті,
Сағынып жүр-ау жаман құлынын.

Жалыны шығар сол берген оттың,
Қоздайды келіп кеудемде көп мұң.
Шіркін, сіздің шал – асыл ғой, асыл!
Мен ондай еркек көрген де жоқпын.

Не деймін, шеше, бәрі аман ба өзі,
Оң болсын хақтың қараған көзі.
Өзіңдей қамқор ауылды ойласам,
Кеткім келеді қаладан безіп.

Басы той жалған, баяны сұмдық,
Арманымды алдан жаяды ту қып.
Аманмын, шеше, несін айтайын,
Мендегі сол ғой.
Баяғы тірлік.

Түнеріп, төніп қара аспан өңі,
Тентегің талай адасқан еді.
Тіл тиді, ойбай!!!
Туған тауымның
Аршасыменен аласта мені.

Құшағына еніп, шабыт сайтанның,
Кешір, жан анам, бағыттан тайдым!..
Омырауыңды иіскеп емделемін ғой,
Аман бол алда барып қайтармын.

Қайсар Қауымбек

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button