Технология

2025 жылы ғарышта алғашқы қонақ үй ашылады

The Gateway Foundation қоры Von Braun Space Station қонақ үйін Жер орбитасына шығаруды жоспарлап отыр. Айналмалы дөңгелек түріндегі бұл қонақ үй ғарышта өмір сүруге арналған.

Бұл туралы АҚШ-тың The Gateway Foundation компаниясының ресми өкілдері «Dezeen» басылымына берген сұқбатында айтты. Олар сұқбат барысында әлемдегі алғашқы Von Braun Space Station ғарыштық қонақ үйінің дизайнын ұсынды. Қонақ үй 2025 жылға қарай ашылады деп жоспарлануда.

The Gateway Foundation бұл қонақ үйді 1950 жылдары айналмалы дөңгелек түрінде орбиталық станция құру идеясының негізін қалаған ғарыштық зымыран техникасының дизайнері Вернер фон Браунның есімімен атады.

Von Braun Space Station қонақ үйінің диаметрі 190 метр болады. Жоба Халықаралық ғарыш станциясы (ХҒС) қолданатын технологияларға негізделген. Дегенмен, ХҒС-тан айырмашылығы – бұл ғарыштық қонақ үйде  гравитация қамтамасыз етіледі.

Дөңгелек пішінді қонақ үй айналып тұрғанның арқасында Айдағы тартылыс күшіне ұқсас гравитация туындайды. Бұл ғарышта жүруге мүмкіндік береді және жайлылықты қамтамасыз етеді.

Қонақ үйде 400 адамға орын қарастырылған

Ғарыштық қонақ үйге 400 адам сияды және тұруға арналған 24 капсуланы құрайды. Сондай-ақ мейрамхана, бар, кинотеатр және концерттер мен семинарларға арналған залдар қарастырылған.

Компания аптасына 100-ге тарта жаңа қонақтар қабылдауды жоспарлап отыр. Кейбір модульдер жеке адамдарға, ал кейбірі ғылыми мақсаттарды жүзеге асыру үшін үкіметке жалға беріледі екен.

The Gateway Foundation фильмдерде жиі кездесетін футуристік интерьерден бас тартып отыр. Өйткені, өзіміз үйренген қарапайым үй жағдайының аурасын қалыптастыруды көздейді.

Ғарыштық қонақ үй іске қосылғаннан кейін, компания бірден сыйымдылығы 1400 адамнан тұратын тағы бір станция салуға ниет танытып отыр.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button