Биыл ҰБТ-ға қанша бюджет қаржысы жұмсалмақ?
Биыл Қазақстанда алғаш рет ҰБТ электронды форматта өтпек. Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік бермек.
ҚР ҒЖМ Ұлттық тестілеу орталығы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, ҰБТ-ны электронды форматқа көшіру арқылы бюджетті екі есе қысқартуға болады.
«Бұрын ҰБТ-ны өткізуге 1 млрд теңге бюджет қаржы жұмсалатын. Биыл біз мұны 600 млн теңге дейін үнемеуді жоспарлап отырмыз. Яғни, электронды тестілеуге 400 млн теңге ғана жұмсалады«, – деп түсіндірді Смағұлов.
Оның айтуынша, қазір ұлттық бірыңғай тестілеу функционалды бағытқа қарай өзгеруде. Яғни, бұрынғыдай құр қарабайыр тестілеу емес. Қазір тест сауалдары баланың санасы мен зияткерлік қабілетін, білімі мен үйренген дүниесін барынша қолданбалы бағытта қолдануға мүмкіндік беретіндей етіп жасалған.
«Қазір тестілеу жүйесі – әлемдік білім деңгейін тексерудің халықаралық тәжірибесі болып отыр. Одан біз бас тарта алмаймыз«, – дейді Смағұлов.