Бизнес

1 млн оқырманы бар Нұрсұлтан танымал болудың құпиясын ашты

Qadam.asia редакциясының бүгінгі қонағы актер, «Жайдарман» ойындарының жеңімпазы, инстаграм әлеуметтік желісінде 1 миллион оқырманы бар әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыген.

Өзі сүйген іспен шұғылданып, табысқа кенелген адамдардың бірісіз. Табысты болу үшін адамға не керек? 

Табысты болу үшін қажырлы қайрат пен тынбай еңбектену керек дер едім. Алланың берген әр ризығына шүкір етем. Бір ағам айтпақшы, қалада ақша жерде жатыр, тек еңкейіп алу керек деген ұғымға саятын секілді. Қаншама табысқа кенелген жандар, осының бәрі оңай жолмен келді деп айтпасы анық. Өзің ләззат алатын сүйікті ісіңнің жемісін көріп, табысқа кенелу – табысты болудың ең басты шарты деп ойлаймын. 

«Армандар орындалады, тек сенетін жүрек болса болды»

Алматыға келгендегі үлкен арманыңыз қандай еді? 

Ару қалаға аңсары ауып келген әрбір жанның арманы асқақ болады. Жалынды жастық шағымның куәсі асқар Алатаудың самал-лебі – шығармашылығыма шабыт сыйлады. Әртіс болсам деген арман көкейімде жаңғырып тұрды. Көпшіліктің құрмет-қошеметін, елдің ыстық ықыласын, қай жерде болсын құрақ ұшып күліп күтіп алатын жандарды көргенде арманымның орындалғанын сездім. Армандар орындалады, тек сенетін жүрек болса болды. 

Студент кезіңізде қандай болдыңыз? 

Студенттік шағымды ешқандай уақытқа айырбастамас алтын сәттер деп бағалаймын. Таңды таңға ұрып жырлайтындай дастан десем де болады. 

Оқу бітірудің екі түрі болады: бірі үйтіп-бүйтіп бітіру, екіншісі аман-есен бітіру. 

Аман-есен, үйтіп-бүйтіп бітірдім ғой, әйтеуір, деймін кейде! Арманға деген соңғы қадамдарға студенттік шақта жеткен соң, ол кез мен үшін ыстық әрі қайталанбас сәттер. Шынайы достарымды, сүйіспеншілікке толы жүректі, қиыншылықтың артынан жақсылық келетінін осы бір сәттерде шынайы сезіндім.

Сіз негізінен комедиялық бағыттағы актерсіз. Комедия қоғамдық мәселелерді көтеруге қауқарлы ма?

Осы мәселені өгізді өлтірмей, арбаны сындармай, сыбап алмай, сипап жеткізіп жатырмыз. Әйтсе де, әлі де шекара бар сияқты. Қоғамдағы қозғалысты әзілдеп жеткізгеннен кейін әрекет болса қанекей. Мырс етіп күліп қойып, шынында солай ғой деп өзгермесе, ол да бір қоғамның әлсіз тұсы деп ойлаймын. 

Қазіргі желдей есіп, жеткізбей келе жатқан ақпараттардан жастардың миы дамыл ала алмай қалды. 

TikTok, одан қалса мән мағынасы жоқ тренд түсірем деп тентіреп бара жатқандар – әзілді арзан, күлкіні бос екен деген түсінік қалыптастырып жатыр. 

Мен бұған келіспеймін. Өзі айтып тұрған жоқ па, әзіл «Ә-ЗІЛ» болуы керек. Көпшілік мені «Жаңа қоныстағы» Арман деп таниды. Пәтерден пәтерге көшіп жүрген қазақты мұртын бұзбай елге жеткізіп жатырмыз. Көшеде кездесе қалған адамдардың «сені өзімнің баламдай көрем» дегенін көргенде, ел-жұртқа айтар ойымыз оң әсерін берген екен ғой деп қуанамын.

«Жоқшылық халықты адами құндылықтардан айырып жатыр»

Қазір құндылықтар алмасып, қоғамдық формация өзгеріп жатыр. Өз замандастарыңыздың, жастардың бойынан қандай өзгерістерді байқайсыз? 

Жастар былай тұрсын, өзім де осынау алмағайып кезеңнің бел ортасында жүрмін. Жастар бұрынғыдай емес, олардың бойынан ерекше лепті, жаңаша ұмтылысты байқаймын. Тек тұтандырып жіберетін оттық болса. 

Қолынан іс келетін жігітттер көп, бірақ көбісі қорқақтап жүр. Өздеріне сенімсіз. Себебі, жан-жаққа таланып қалам ба деп қорқады. Бір жағынан, іскер жастардың көп болғаны жақсы, бәскелестік туындайды. Бәсекелестік болған жерде өрлеу бар, биіктік бар. Құндылықтың түрі көп, ұзаққа баратыны аз. Барлығы нәтижеге бір сәтте жеткісі келеді. Ұлттық құндылыққа қатысты әңгімелер – қымыз үстіндегі қымыз әңгімеге, сауна ішіндегі дүбірге толы дебатқа айналды. Ал, «Өмірде қалай күн көрсе болады?», «Қашан қарызымды қайтарам?», «Қандай іс істесем бастыққа жағады екенмін?» деген үрейге толы үміт құндылықтарды жойып бара жатқан секілді. 

Сізді не толғандырады, еліміздегі ең өзекті мәселелер деп нені атаған болар едіңіз? 

Өзекті мәселе деп дәл қәзір баспананы айтар едім. Халықтың 90 %-ы пәтер жалдап, көлденең көк аттының есігінде жүр. Жаны ашитын жан келіп осы бір дүниенің шешімін тапса, жаншылған жұрт басын көтеріп, еңсесі биік бола түседі деп ойлаймын. 

Жақсылыққа жаны құмар жандар арқашан қолдау білдіріп, қалың көпшіліктің көмегімен үйлі болып жатқандар қаншама?! Соны қарайсың да, Үкіметтен алдамшы үміт қана күтіп отырмыз ба деген ойға батасың… 

Ізденістеріңізбен бөліссеңіз. Қандай кітап оқисыз, қандай фильмдер көресіз? 

Шығармашылық әрқашан ізденісті талап етеді. Ізденісі жоқ өнерпаз көрермендер қатарында қала береді. Кітап оқып шамның жарығын кеш сөндіретін жандардың қатарынан табылғым келеді, бірақ уақыт тапшы болып жүр. 

Киноға келсек, қазіргі таңда киноиндустрия біршама тоқтап қалды. Алла бұйырса, карантин бітсе жанданады деп ойлаймын. Өзіме «Кейкі батыр», «Балуан Шолақ» фильмдері қатты ұнады, жақсы әсер алдым. Сатыбалды Нарымбетов ағамыздың «Аманат» фильмін көруге кеңес берер едім.

Өзіңіз де бір отбасының отағасысыз. Отбасы құндылығын сақтаудың жолы қандай?

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бабаларымыз дөп басып айтқан. Асқар тауым әкемнің өнегеге толы ақылын естіп, анамның маңдайымнан сүйіп, құшырлана қараған мейірімге толы көздерін сезініп өстім. Мен де сол тәрбиені мұртын бұзбай ұл-қыздарымның жүрегіне сіңіруді қалаймын. Үйде қамқор әке, жұмыста іскер адам, өмірде пейілі дархан даладай ақкөңілмін деп айта аламын! 

Отбасы құндылығын сақтаудың ең басты шарты – сенімділік. Қазір көп жастар ажырасып, шиіттей бала-шағасы тағдыр тәлкегіне түсіп жатады. Осының барлығы қымбат та қадірлі болған жақындарымызды түсінбегеннен, сенімсіздіктен ушыққан істің нәтижесі деп айтар едім. Отбасымызға қорған, жақындарымызға жанашыр болуды нәсіп етсін! 

«Танымал болу Тәңірдің сыйы, табысты болу өзіңнен»

Қазір әлеуметтік желідегі танымалдылықпен қоғамдық пікірге әсер етуге болады. Сондай-ақ, бұл табыс көзі. Танымалдылық сізге қандай да бір жауапкершілік жүктей ме? 

Танымал болу Тәңірдің сыйы, табысты болу өзіңнен дер едім. Көшеде көрсе құрақ ұшып амандасып, арқа-жарқа болып суретке түсіп кететін жандарды көргенде бос жүрмегеніңді сезінесің. Қиын шақтарда қол ұшын беріп, танымалдылығың таныстан зор көмектесіп жатады. Әйтсе де, баса көктеп, барын пайдаланып қалам деп айта алмаймын. Бәрін елмен бірге көруге тырысамын, қарапайым болған сайын қадір-қасиетің артатынын жүрегіммен сезінем. 

Елге танылғысы келетін, табысты болуды қалайтын жастарға қандай кеңес бересіз? 

Ең бастысы, шыдамдылық пен сенімділік керек. Танымал болу кейін келетін дүние, табысқа қол жеткізу ұшан-теңіз жұмыстарды атқарғанда ғана ақтарылатын іс. Әр биіктіктің өзіндік қиын кездері болады. Сол кезеңдерден мойымай, жай бір қарапайым сәттерге балап, білек сыбана кешіп өтсек, табыстың өзі тентіреп соңыңнан келеді. Мен оған толықтай сенем. Тынбай еңбек етіп жүрген адамдардың бір үзім нан сұрап жүргенін көргенім жоқ. Барлығы өзімізден, тек көкейдегі жалқаулықтан арыла алсақ болғаны.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button