Мәдениет

Дінмұхамед Қонаевтың Шәкәрімнің баласымен кездесуі

1975 жылы Семей елінде Абайдың туғанына 130 жыл толуына орай дүркіреп жиын-той өтеді. Сол мерейтойға Дінмұхаммед Қонаев та қонақ боп келген екен.

Сол жиын-тойда жүріп Димекең қалың халық нөпір болып жиналған бір тұстан «Чайкасымен» кетіп бара жатып, денесі таудай, еңгезердей бір адамды көзі шалып қалады. Димекең де зор денелі адам болғандықтан, өзіне ұқсас дәудің кім екенін білгісі келген көрінеді.

«Ана сорайып тұрған адам кім болды екен. Сұрап біліңдерші» дейді Димекең қасындағылардан. Сонда Абай елінің азаматтары «Ол Шәкәрім қажының ұлы Ахмет» деп жауап береді.

«Онда мұнда шақырып, машинаға отырысыңдар» дейді Димекең.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы – ел басшысының бұлай шақырғанына қажының баласы да біраз сасып қалса керек, аяңдап келіп өзіне күлімдеп тұрған иманжүзді кісімен сәлемдесіп, көлікке отырады.

«Не қызмет істейсің, інім?» деп сұрақ қояды Қонаев. Шәкәрім баласы күмілжіп қалады. Шамасы, дұрыс қызметте болмаса керек. Алашорда адам атанған Шәкәрімнің ұрпағына жөнді қызмет қайдан бұйырсын.

Іштей мұны да сезіп, біліп отырған Димекең қажет нәрселерін сұрап алып: «Ретін тауып осында қайта жолық» деп онымен қол алысып қоштасады.

Той қызып, үкімет адамдары арнайы үйлерге түсіп, Димекең түгілі, мінген қап-қара көлігінің өзі көрінбейтін қарбаласта Ахат қайта Димекеңе жолыға алмайды. Бір жағынан қажының баласы да тартыншақтаса керек.

Арада жарты ай өткенде облыстағы басшылар Шәкәрімнің ұлын іздеп жүріп тауып, Семей қаласындағы Абайдың мұражайына қызметке тағайындайды. «Халық жауының» баласына Дінмұхаммед Қонаев осылай жөн сілтеген екен.

Ойламаған жерден жақсы қызметке тағайындалып, атасы Абайдың мұражайына шырақшы болып шыға келеді.

Ол уақытта Шәкәрім әлі ақталмаған еді. Соған қарамастан Қонаев қажы ұрпағын құрметтеп, қазақтың белді тұлғасына ізет көрсеткен екен.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button