Ғылым

Президент тапсырмасымен ұлттық ойындар мектеп сабақтарына енгізілді

ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли ұлттық спорт түрлері балабақша, мектеп пен жоғары оқу орындарының дене тәрбиесіне сабақтарына толық енгізілгенін жазды.

Оның айтуынша, дене шынықтыру пен бұқаралық спортты дамыту жөнінде 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданған.

«Елімізде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 5,9 млн адамға жетті, оның 560 908-і – балалар мен жасөспірімдер. 127 703 спорт секциясы, балалар мен жасөспірімдерге арналған 477 спорт мектебі, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің 686 дене шынықтыру клубы жұмыс істейді», – деп жазды Берік Уәли Facebook-те.

Балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубтары мен дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің желісі кеңейтілді.

«Білім берудің барлық деңгейінде дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті комоненттер енгізілді. Әрбір ауылдық округ үшін спорт жөніндегі 3 мың нұсқаушы белгіленді», – деп түсіндіріп жазды ол.

Айта кеткен жөн, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы жария еткен «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», – деп атап өткен еді.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button