Жұмыссыз жандарға жаңадан тағы бір мүмкіндік пайда болды
Енді Жұмыспен қамту орталығына бармай-ақ үйде отырып, жұмыс іздеуге болады. Ал жұмыс табылмаса, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алуға, басқа да мемлекеттік несие бағдарламаларына қатысуға болады. Ол үшін Enbek.kz порталына өтініш жазу керек.
«Жұмыс іздеп, жұмыспен қамту орталығына барғысы келетін азаматтарға үйден шығудың қажеті жоқ. Мұның бәрін бірнеше минут ішінде Enbek.kz порталында жасауға болады. Ол үшін тек интернеті бар компьютер мен электронды цифрлық қолтаңба керек. Қызмет толықтай автоматтандырылған. Бұл дегеніміз, егер үш жұмыс күні ішінде порталда адамға лайық жұмыс табылмаса, онда Электронды еңбек биржасы ол адамды автоматты түрде «жұмыссыз адам» деп тіркейді«, – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
Ал жұмыссыз деп тіркелген адамға (әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар) әлеуметтік төлем алуға, мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламаларға қатысуға болады. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар бар.
Сондай-ақ, жеңілдетілген несие не грант алып кәсіп ашуға да болады. Мұның бәріне Еңбек порталында өтініш бересіз. Электронды еңбек биржасына мына сілтемемен өтіп, тіркелсеңіз болды.