Қоғам

Роза Қарабекова: Әлеуметтік кәсіпкерлікте қомақты қаржы жоқ, бірақ бақыт бар

Халыққа жанашыр, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға дайын тұратын азаматтардың бар екені бәрімізді қуантады. Әсіресе, кәсіпкер азаматтардың ерікті, саналы түрде ауқымды қайырымды істерге барғаны көңілге медет әкеледі. Сондай тұлғалардың бірі – әлеуметтік сала кәсіпкері Роза Қарабекова. Ағабек Қарабеков атындағы қоғамдық қорды құрушы.

Ағабек Қарабеков – елге танымал педиатр-ортопед, хирург, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лаураеты. Кемтар-мүгедек балалар мен жасөспірімдердің мұқтаждығын жеңілдету жолдарын зерттеген жан. Қызы Роза Қарабекова да әке жолын ұстанып, медицина ғылымына келген. Қазір бала хирургы, Астана медицина университетінің доценті. Әлеуметтік салада кәсіпкерлік бастаған. 

Қайырымды істерді жүйелі түрде қолға алған кәсіпкердің екі әлеуметтік медициналық орталығы, тігін шеберханасы мен саз балшық шеберханасы бар. Ерекшелігі сол – мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар, ерікті студенттер жұмыс істейді. Дамуында кінәраты бар балалардың ата-аналары да осында жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Ал медициналық орталық мүмкіндігі шектеулі және дамуында кемістігі бар балаларға қолдау көрсетумен, ем жасау, сауықтыру шараларын қолданумен айналысады.

«Мұндай балалардың ата-анасы жұмыс істегісі-ақ келеді. Бірақ көп жер жұмысқа ала бермейді. Өйткені график сәйкес емес. Мүмкіндігі шектеулі, дамуында ерекшелігі бар балаларға көп күтім керек. Күндіз-түні жанында болып, сауықтыру, ем-домын жасау қажет. Мұның бәрінен ананың қолы босай бермейді. Бөлек график пен шарт керек. Біз мінекей, сол жағынан көмектесеміз. Аналар жұмысқа орналасқанда, неге екенін білмеймін, ерекше шабытпен кіріседі. Шығармашылық ойлауы жақсарады. Бір сөзбен айтқанда, өмірге деген құштарлығы артады«, – дейді Роза Ағабекқызы.

Қор құрамындағы әлеуметтік медициналық орталық кемтар балаларға тегін ем жасап, ата-аналарына тегін медициналық кеңес береді. Әсіресе, қан тамыры паталогиясы бар балаларға ем-шара аса қажет. Оларға шетелдік мамандармен консультациялар ұйымдастырады. Соның арқасында былтыр 600-ден астам балаға тегін кеңес берілген екен. Ата-аналар шетелге шығып шабылған жоқ. Қаржысын үнемдеп, баланың ем-домы мен сауықтыруға жұмсауда.

«Бұл жерде біздің міндетіміз, уақытты жоғалтпай дер кезінде ауру мен дерттің себебін анықтау. Әрі сонымен күресу. Мұндай балалардың кемістігін ерте анықтау өте маңызды. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз«, – дейді қордың иесі.

Әлеуметтік медициналық орталық Мәскеудің қан тамыры патологиясы орталығымен меморандум жасап, бірге жұмыс істеп жатыр. Соның арқасында балалар шетелге шықпай-ақ, елде жүріп ем қабылдайды. Тегін қаралудан өтеді.

«Қазір біз медициналық орталықты кеңейту үшін құрал-жабдықтар сатып алуға талпынып жатырмыз. Ислам даму банкімен келісіп, лазерлі қондырғы алу бойынша келіссөздер өтуде«, – дейді кәсіпкер.

Қордың мамандары кем балалармен жұмыс істейтін клиника мен аурухананың медиктерін оқытумен, менторлық жасаумен де шұғылданады. Бұған да шетелдік мамандарды тартады.

«Мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеудің маңызы зор. Соған орай біз 2019 жылы әлеуметтік коваринг орталығын ашқанбыз. Бұл – ашық алаң. Балалармен еріктілер жұмыс істейді. Басқа балалармен кездесіп, араласады. Мұның бәрі балаға сауығуға көмектеседі«, – деп түсіндірді Роза Ағабекқызы.

Баланы бейімдеу үшін қор тіпті арнайы сазбалшық шеберханасын да ашқан екен. Балалар сазбалшықтан қолөнер заттарын жасайды. Балшықты қолмен ұстап, тағанмен  айналдырады. Мұның бәрі моторика мен психологиялық жай-күйді жақсартады деседі.

«Мұны эрготерапия дейді. Балалар кәсіп мен мамандық алып шығады. Өзге де балалармен араласып, сөйлесіп, еңбек сауықтыру шарасынан өтеді. Олардың арасында сау балалар да бар. Бәрі бір-бірімен аралас-құралас болып, әлеуметтік жағынан бейімделеді. Соның арқасында бала бұл қоғамға керек екенін сезінеді. Әрі келешекте қоғамға еңбегі мен пайдасы тиер тұлға боп қалыптасарына сенемін«, – дейді кәсіпкер дәрігер.

Қордың жетістігі аз емес. 2017 жылы ғана құрылған қор бірнеше рет үздік деп танылған. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласының ең үздік әлеуметтік жобасы атанса, Ozgeris Ustasy қоғамдық сыйлығының «Ең үздік әлеуметтік кәсіпорын» номинациясын, 2020 жылы «Birgemiz: Taza Alem» жалпыхалықтық жобасы байқауы мен Есo-Zhastar жобасының жеңімпазы атанған.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік елімізде енді ғана пайда болған бағыт. Енді ғана дамып келеді. Бірақ біз жасап жатқан іс әлі талай кәсіпкерге үлгі болары сөзсіз. Себебі әлеуметтік кәсіпкерлік адамның өзіне мейірім мен рақат сыйлайды. Қуаныш пен бақыт әкеледі. Қоғамды жақсылық алға сүйрейді. Еңбек бәрін жеңеді. Әлеуметтік кәсіпкерлікте үлкен қаржы жоқ. Бірақ бақыт бар«, – дейді сөз соңында Роза Ағабекқызы.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button