Технология

Рэй Курцвейлдің болашақ жайлы болжамдары

Рэй Курцвейль –  Google-дің техникалық директоры әрі танымал футуролог, болашақты болжағыш, жасанды интеллектінің хас маман. Билл Гейтс Рэй Курцвейлді «жасанды интеллектінің болашағын жазбай танитын көреген адам» деп атаған. Ол айтқан, болжаған дүниелердің 86%-ы дәл келген.

Ол сонымен қатар алғашқы CCD планшеттік сканерінен бастап, зағип адамдарға арналған алғашқы оқу машинасына дейінгі технологиялардың біразын жасап шығарған өнертапқыш.

Рэй Курцвейл сингулярлық технология адамдарға қарағанда ақылды болатын кез 2045 жылы болады деп болжаған екен. Бұл болашақта орын алатын қарқыны күшті, адам өмірін қайтымсыз өзгертетін технологиялық өзгеріс.

Оның айтуынша, 2029 жылы жасанды интеллект Тюрингтің танымал сынағынан өтіп, адамның интеллект деңгейіне жетеді. Бұған адам миының бөліктерін  компьютерлік модельдеу арқылы қол жеткізіледі.  Тіпті, ақыл-ойды орналастыруға мүмкіндік туындап, адамзат өз денесін виртуалды әлемге сыйғызып, сонда өмір сүретін болады. Виртуал әлемді шындықтан ажырата алмайтын кез де келеді. Жасанды интеллект тіпті Күн жүйесі мен басқа галактикаларға ықпал етеді.

Курцвейловтың болашақ жайлы болжамдары тек сингулярлықпен шектелмейді. Ол сонымен қатар Илон Маск ойлап тапқан Neuralink сияқты нанороботтар мен нейрокомпьютерлік интерфейс сияқты технологиялар біздің денемізге қалай әсер ететінін алдын ала болжап айтқан. Атап айтқанда, болашақта бұл технологиялар біздің миымыз бен денемізді толығымен механикаландырып,  басқаратын болады. 2043 жылы нанороботтардың көп болуының арқасында адамның ішкі органдары әлдеқайда сапалы кибернетикалық  құрылғылармен алмастырылады. Олар адам жасушаларына қоректік заттарды тасымалдап, ағзадағы қалдықтарды кетіре алады. Содан дәстүрлі тамақтану үрдісінің қажеті болмай қалады.

Р.Курцвейлдің болжамдарының басым көпшілігі қазіргі Калифорниядағы NASA-Google қаржыландыратын сингулярлық Университетінің  нанотехнологиясымен тығыз байланысты. Оның пікірі бойынша, нанотехнология эволюциясы арқасында медицина мен өндіріс қарқынды дамиды.  (2020 жылы деп көрсеткен). 

Өнеркәсіпте нанотехнологияның өркендеуі өнімді өндіруге кететін шығындарды айтарлықтай төмендетеді.  Соның нәтижесінде адамдардың өмір сүру ұзақтығы артады. Адамның сыртқы келбетін, мінез-құлқын, есте сақтау қабілетін де өзгерту мүмкіндігі болады. Сонымен қатар бүкіл адамзат бір мемлекетте өмір сүріп, бір-бірімен сымсыз желі арқылы байланыс орнататын болады.

Егер сіз Курцвейлдің 20 жыл ішінде жасаған бүкіл болжамын жинақтасаңыз, онда ғалымның 2019 жылдан 2099 жылға дейінгі болашақты бейнелеп кеткенін көресіз.

Дайындаған: Толғанай Бейсенбаева

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button