Мәдениет

«Өмірімдегі сәттер суреттермен сақталуда»

Ирина Цой «Аударма ісі» (Корей тілі) мамандығы бойынша ҚазХҚжӘТУ универститетін бітірген. Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяның Sogang университетінде білім алуда. Сондай-ақ инстаграм желісінде атмосфералық фотосуреттерімен белсенді түрде бөлісетін әуесқой фотограф. Бұл сұхбатта, Иринаның фотография саласындағы шағын тарихымен таныса аласыздар.

Суретке түсірумен әуестенуі 2016 жылда басталған. Оның айтуынша, көптеген адамдар сияқты айналадағы бар затты қатарынан түсіріп жүрген. Суреттерінің көпшілігі – көше стилінде.

Ирина көше стиліндегі суретке түсіруде қас-қағым сәттерді ұстап қалуға көбірек назар аударады. Себебі ондағы қозғалыс, жарық, атмосфера ерекше шығады. Ал портреттер тұрғысынан – адамдардың эмоциясы. Өйткені фотография әр түрлі эмоциялардың көріністерін ұзақ есте сақтауға қабілетті.

Инстаграм желісінде түсірген суреттеріне арналған арнайы парақшасы бар. Алматы қаласынан басталған суреттері қазіргі таңда оқырмандарына Сеулдің атмосферасын сыйлауда. Айтуынша, өмірінде болған сәттерді тек жадында ғана емес, кейін сол күнді әрі сәтті көріп, еске түсіру үшін суреттерге жеке парақша ашылған.

«Осы күнге дейін мен өз туындыларымды басқалармен бөлісіп, өз «әлемімді», айналамды және оны қалай көретінімді көрсету үшін фотосуреттерді парақшаға шығаруды жалғастырудамын»,- дейді Ирина.

Әр фотографтың өзіне ұнайтын суреті болады. Көптеген жұмысынан жақсы көретіні – күн сәулесі түскен суреттер. Мұндай фотосуреттер Иринаға күш пен жақсылыққа үміт береді екен.

Иринаның болашақта студиялық фотографияға мамандануы әзірше жоспарында жоқ. Оның сөзінше, алдымен арнайы курстардан өтіп, тәжірибе жинау керек. Ал оған бір ғана қалау жеткілікті емес.

Өз дағдыларын дамытқысы келетін әуесқой фотографтарға Иринадан кеңестер:

  • Сіз туралы басқалардың не ойлайтыны туралы ойламаңыз. Егер сізге суретке түсіру ұнаса, алға қарай ұмтылыңыз. Сонымен қатар оны басқалармен ашық түрде бөлісіңіз. Себебі әлемді әркім өзінше көреді.
  • Қымбат камера сатып алу міндетті деп ойлайтындар бар. Меніңше, қымбат камера жақсы фотосуреттің көрсеткіші емес. Әдемі суретке қарапайым камераның көмегімен де қол жеткізуге болады.
  • Ең бастысы фотографиядағы барлық техникалық сипаттамаларды түсіну қажет. Содан кейін, фото өңдеумен айналысып, жаттығуға болады.

Иринаға шығармашылық табыс тілейміз!

Ақдидар Әбдімаулен

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button