Ғылым

Ауылда интернет ұстамағандықтан, студенттер қаладан пәтер жалдауға мәжбүр

Еліміздегі ЖОО-ның студенттері күзгі семестрде онлайн оқып бастағандары мәлім. Білім және ғылым министрлігі Қазақстандағы пандемиялық жағдайды ескере отырып, оқу форматының бұған дейін ұсынылған үш нұсқасының ішінде қашықтықтан оқыту форматын таңдаған еді. Алайда, министрліктің бұл шешіміне көңілдері толмаған 1-курс студенттері @1_kurs_studentteri инстаграм парақшасында Асхат Аймағамбетовке ашық хат жолдап, өз наразылықтарын білдірген болатын. Олардың айтуынша, «дұрыс дағдыға қойылмаған Zoom программасы әлі ештеңені жетік білмейтін 1-курс студенттері үшін қиындық тудырып жатқан» көрінеді. 

Сабақ өтуде білім алушы мен білім берушіге бірдей ыңғайлы болатын онлайн-платформаны шұғыл іске қосу керектігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтып өткен еді: 

«Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет».

Осы ретте біз студенттер мен оқытушылардан онлайн оқудың тиімділігі мен қиындығы жөнінде сұрап көрдік.

«Студенттердің жағдайы мен ыңғайына қарап сабақ өтемін».

Сәтбаев Университетінің 4курс студенті Нұролла Ержан:

Қазіргі таңда Сәтбаев Университетіндегі барлық білім беру бағдарламаларының материалдары мен сервисті қолдану туралы нұсқаулықтар Polytech Online қашықтықтан білім беру порталында орналастырылған. Ішкі сервиспен қатар студенттер Zoom, Skype, Google-класс және Microsoft Teams секілді басқа да балама IT-құралдарды қолдана алады, оларға қол жеткізу мүмкіндіктерін Сәтбаев Университеті қамтамасыз етеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 3курс студенті Жәлел Әсем:

Сабағымыз күнделікті сабақ кестесіндегі уақытпен өтеді. Тапсырмаларды бекітілген уақытқа дейін орындап, univer.kaznu  сайтында  жеке кабинетімізге салып отырамыз.   Кейбір сабақтардан оқытушы айтқан программаны жүктеп, солай әртүрлі платформалар арқылы ауызша сабақ қорғаймыз. Мысалы, Whatsapp, Microsoft Teams, Google Meet, Zoom платформаларын қолданудамыз.

Л.Н.Гумелев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 1курс студенті Қайрат Нұрасыл:

Университет әр баланың ыңғайлылығы үшін көптеген платформаларды пайдалану үстінде. Zoom, Microsoft Teams программалары арқылы қашықтықтан болса да,  ұстаздармен бетпе-бет отырып сабақтар айтылып, тақырыптар түсіндіріледі.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің 3курс студенті Тұрсынбек Лаура:

Сабақтарымыз уақытылы, бекітілген кестемен жүргізіледі. Лекция Zoom платформасында өтсе, тапсырмаларымыз SemguAIS порталында тіркеліп тұрады. Орындаған тапсырмаларымызды порталға саламыз немесе оқытушының электронды поштасына жібереміз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы Абдибеков Уәлихан:

Біздің университетте қашықтықтан оқыту бұрыннан бар еді. Оның арнайы платформасы да болған. Бірақ мұндай жүйе бойынша өте аз студенттер білім алған соң, мұғалімдердің көпшілігі ол платформаны қолдануды білмеді. Оның үстіне, ол көпшілікке арналмаған. Сондықтан біз Zoom платформасында оқытып бастаған едік. Көп адам бір уақытта пайдаланғандықтан, оның жұмыс істеуі өте баяу болды. Сондықтан әркім өзіне ыңғайлы WhatsApp, Microsoft Teams, Универ жүйесі секілді қосымшаларды пайдалануда. Мен үш түрлі платформамен жұмыс жасаймын. Zoom, Microsoft Teams, Google Meet. Студенттер әр жақта болғаны үшін, олардың телефондары әртүрлі, бірінде ноутбук бар, бірінде жоқ. Солардың жағдайы мен ыңғайына қарап сабақ өтемін. Ал ұйымдастыру сәті WhatsApp арқылы болады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы Саметова Айгерім:

Платформа өтілетін сабақтың түрі мен форматына байланысты таңдалады. Сабақ өту барысында студенттермен келісе отырып университетіміздің «Moodle» қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы, сонымен қатар, қазіргі таңдағы ең қолайлы платформалардың бірі Zoom бағдарламасы арқылы сабақ өтудемін.

Қашықтықтан оқу денсаулыққа зиян ба?

«Таңғы 09:00-16:50 аралығында сабақ болатын күндер бар. Одан кейінгі уақытта үй тапсырмасын орындау үшін 5-6 сағат экранның алдында отырамыз. Денсаулығымызға үлкен зиян келіп жатқанына күмәнім жоқ»,  дейді ҚазҰУ-да оқитын Әсем. Әсемнің бұл сөзін Шәкәрім университетінде оқитын Лаура да қолдап отыр: «Маған бұл оқу жүйесі ұнамайды. Таңнан кешке дейін смартфон мен ноутбуктың алдында отырамыз. Физикалық қозғалыс жоқ»– дейді ол.

Ал онлайн білімнің сапасы қалай?

ҚазҰУ оқытушысы Абдибеков Уалиханның айтуынша, онлайн оқудағы білім сапасы өте төмен екен. Ол «студентті білімге қызықтыру керек» дейді. Бұл әзірше онлайн форматта мүмкін болмай тұрған сыңайлы. 

Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің Өнер және музыка кафедрасында дәріс беретін Шаяхметов Үсен: «Онлайн оқытудың өзіндік минусплюстері бар. Бірақ дәл мен сабақ беретін Бейнелеу өнері мамандығы үшін бұл жүйе өте қолайсыз боп отыр. Өйткені, біз студенттермен тығыз жұмыс істеп, бірге сурет салып, шығармашылық қарымқатынаста болуымыз керек. Өнер сабақтарын онлайн форматта өтудің кемшіліктері көп»,  дейді.

Сәтбаев Университетінің студенті Ержан үйде сабақ өтудің университеттегідей атмосферасы болмайтынын айтуда: «Үйде отырып оқығанда көңілің басқа нәрселерге бөлініп кетеді. Сондықтан сабаққа дұрыс кірісе алмай жатырмын»,  дейді онлайн форматтың тиімсіздігін алға тартып. Әсем мен Лаура техникалық мамандықта оқыған соң «зертханалық жұмыстарды қолмен жасап, көзбен көрген бір бөлек, ал жай видеосын көрген мүлде бөлек» дейді олар. Ал ЕҰУ-дың 1-курсына түскен Нұрасыл группаластарымен жүзбе-жүз танысып, араласа алмай отырғанына іштей қынжылады.

«Ауылдағы студенттер бірігіп, қалада пәтер жалдап тұрып жатырмыз».

Бұдан бөлек студенттерге ортақ проблема – интернеттің әлсіздігі. Әсіресе ауылдық жерде тұратындар үшін осы проблемадан көптеген қиындықтар туындаған. 

«Үйде 4-5 бала болып бір мезетте интернет пайдаланған кезде ол интернетіміз қатып қалып, үй тапсырмаларын уақытында сала алмай жатамыз», – деген Нұрасыл өзі тұратын ауылда интернет желісі ұстамаған соң, көрші ауылдағы туысының үйінде сабақ оқып жатқанын айтты. Ал кейде ауылда жаппай жарық сөнгенде онлайн сабаққа қатыса алмай қалады екен. 

Лаураның да ауылында интернет құрылмаған кезде әкімшілік ғимаратының уай-файын пайдаланып сабақ өткен. Бірақ қазір желі тартылып, ондай олқылықтар жөнделді деп отыр. 

Ал ҚазҰУ студенті Жәлел Әсем интернеттің қол жетімсіздігінен Семей қаласында пәтер жалдап тұрып жатқан көрінеді: «Наурыз айында барлық студенттер  еліміздегі ТЖ-ға байланысты үйлеріне қайтарылған болатын. Біздің ауылымызда интернет желісі болмағандықтан,  тапсырмаларды уақытында жіберуге, дәрістерге қатысуға мүмкіндік болмады. Қазіргі кезде де ауылымызда интернет жоқ, сол үшін ауылдағы студенттер бірігіп,  қалада пәтер жалдап тұрып жатырмыз»,  деп жауап берді.

Елімізде қашықтықтан оқытудың өзіндік проблемалары мен қиындықтары шешілмей отыр. Мұғалімдер мен студенттер білімнің сапасына алаңдаулы. Десе де, еліміздегі пандемиялық ахуалдарға байланысты сабақтарды онлайн өтуге мәжбүр екеніміз анық.

«Егер технология жақсы дамып, өзіндік методикасы жасалса, онлайн оқуды қолдар едім. Кемкетігі болса да, бұл болашаққа жасаған бір қадамымыз деп ойлаймын»,  дейді Ұлттық университеттің мұғалімі Абдибеков Уәлихан мырза. Әріптесінің бұл сөзін Саметова Айгерім ханым да қолдауда: «Қашықтықтан оқыту жүйесі оқытушы үшін де, студент үшін де жаңа технологияларды игеруге, оларды тиімді пайдалана білуге үйретті. Қатып қалған дәстүрлі сабақ беру үлгісінен алшақтап, жаңа әдістерді, жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып білім беруге болатындығын көрсетті. Алайда, тезірек қауышып, бұрынғы өмір салтымызға келгенге не жетсін?!»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button