Ғылым

Қазақтар ақшаны қай кезден бастап қолданды?

«Qadam.asia» адамзаттың ақшаны қашан ойлап тапқаны жөнінде материал жазған болатын. Ол мақалада алғашқы монеталар мен оның қоғамға ықпалы жөнінде тәптіштеп баяндалады.

Тарихқа тиынның тасасынан қарау – шынында өте қызық дүние. Әлемдік нумизматикаға көз жүгіртсек, небір қызықты деректерге тап боламыз.

Ал, қазақ даласындағы алғашқы тиындар қашан пайда болды? Зерттеушілер Қазақстан территориясын өте ежелден халықтар мекендегенімен, бұл жерге ақша айналымы кештеу келді дегенді жиі айтады. Расында солай ма? Біздің бабаларымыз ақшаны қай кезден бастап қолданды? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Қазақ даласында қолданылған ең ескі тиындар

Қазақстан территориясында экономикалық екі орталық болған. Бірі Оңтүстік, екіншісі Оңтүстік Шығыс.

Неге? Өйткені, бұл аудандар отырықшылыққа жақын болатын. Осы облыстардан табылған ең ескі тиындар қытай тиындары. Одан кейін Кушан мемлекетінің монеталары Қазақстан территориясында алғашқы қолданылған тиындар болып саналады. Бұл біздің заманымыздың 128 жылдары. Хронология бойынша Сасанидттердің драхмалары ІІІ ғасырларда қолданыла бастаған.

Бірақ, бұл тиындар өте аз кездеседі. Қазақстаннан табылған тиындарға қарап отырып қытай тиындарын негізінен толықтай соғды тиындары ысырып шығарғаны байқалады. Соғды тиындары алғашында қытай тиындарының дәлме-дәл көшірмесі болғанымен, кейіннен бұл тиындарда соғды жазулары пайда бола бастаған.

Қазақстан территориясында соғылған алғашқы тиын

Қазақ даласында соғылған алғашқы тиын Жуантөбе қалашығынан табылды. Бірақ, қай қалада соғылғаны белгісіз. Араб шапқыншылығы өтіп, халық ислам дінін қабылдай бастаған кезеңде соғылған тиын екенін әйгілейтін арабша жазуы бар.

Күміс дағдарысы және алаяқтық

Біз айтып отырған тиындардың барлығы дерлік Оңтүстік Қазақстан территориясынан табылған. Ал, экономикалық тұрғыдан дамыған екі ауданда да кездестін алғашқы тиын – Түргеш қағанатының тиыны.

VIII ғасыр басында соғылған бұл тиындарда соғды жазуы қолданылып, келесі бетінде Түргештердің таңбасы бейнеленген. Бұл тиындардың тағы бір ерекшелігі – құю әдісі арқылы жасалған. Тиындардың бір бөлігі Қырғызстанда, екінші бөлігі Тараз қаласында құйылған.

Түргеш қағанатының тиындарынан соң Қазақ даласында Қарахан мемлекетінің билігі жүрді. Жоғарыда айтқан Еуропадағы күміс тиындарды басқа металдармен араластырып тиын соғу осы Қарахан мемлекеті тұсында пайда болды. Өйткені, Шығыста Х-ХІ ғасырларда күміс дағдарысы басталды.

Араб шапқыншылығы, Шыңғысхан, Әмір Темір және монеталар

Қазақстан территориясында өмір сүрген халықтардың тұрмысы мен экономикасында үлкен із қалдырған екі оқиға бар. Бірінші арабтардың дін жалауының астында келуі, екінші Шыңғысханның шапқыншылығы. Осы екі оқиға Шығыс тарихына мүлдем өзгеше өң берді. Бұл тиындарға, ақша айналымына да қатысты. Мысалы, арабтардың келуімен тиындарда араб жазулары қолданыла бастаса, моңғолдардың келуі өз тиындарын айналымға енгізді.

Қарахан мемлекетінің тиындары мен моңғол тиындары арасында Қазақстан территориясында Хорезм шахтың күмістелген тиындары мен алтыннан жасалған тиындары өте кең көлемде қолданыста болды.

Одан кейінгі оқиға тарихтан хабары бар барша адамдарға таныс. Шыңғысханның саудагерлерін өлтіріп өз күшіне сенген Хорезм шах әскерін дұрыс бөле алмау себебінен моңғол әскерінен жеңілді. Осы шайқаста оның өзі ғана емес, тиындары да тарих сахнасынан кеткен еді.

Осы кезең мен Қазақ хандығы құрылғанның арасында Әмір Темір мен Шайбани әулетінің тиындары қолданыста болды. Әсіресе, ақша айналымы Шайбанилердің кезеңінде өте қарқынды дамыды. Өйткені, дәл осы кезеңде оңтүстіктегі ең үлкен қалалар бір хандыққа қарады. Самарқант, Ташкент, Отырар сынды қалалардың барлығында дерлік біркелкі ақша қолданыста болды.

Қазақ хандығында соғылған алғашқы және соңғы тиын

ХV ғасырда шаңырақ көтерген Қазақ хандығында өз атынан тиын соқтырған хан болған жоқ. Бұл Қазақ хандарының саудаға салғырт қарағанынан емес, апалаң-топалаң заманның кесірі.

Қазақ хандығы тарихында соғылған тиын болған. Бірақ, ол хан дәрежесіне ұлттық тұрғыдан көтеріле алмаған сұлтан соқтырған тиын болатын. Әңгіме өзін Ташкентке билеуші етіп қалдырған Есім ханға қарсы шығып, кейіннен қазақ тарихындағы «Қатаған қырғынына» себеп болған Тұрсын хан туралы. Иә, тақ таласы тоқтап, тұрақтала бастаған мемлекеттің бір бөлігін бөліп алып, заңсыз билікке ұмтылған Тұрсын хан Ташкентте өз атынан тиын соқтырып үлгерген еді. Бұл Қазақ хандығында соғылған алғашқы және ең соңғы тиын болатын.

Орыс патшайымдары соқтырған тиындарды қазақтар қолданған ба?

Қазақ хандығы мен Ресей патшалығы арасындағы байланыс ертерек басталғанымен, экономикалық қарым-қатыстар 1800 жылдарға қарай дамыды. Бірақ, Қазақстан территориясынан орыс патшайымдары Елизавета Петровна мен Екетерина ІІ соқтырған тиындары көптеп табылып жатады. Қалайша?

Өздеріңізге белгілі, Қазақ хандығы қалмақтармен өте ұзақ уақыт соғысты. Тек Абылай хан тұсында ғана қалмақтарды толықтай күйреткен болатын. Ұзаққа созылған соғыс жылдарында Қазақстанның шығысында өмір сүретін қалмақтардың біраз бөлігі Ресей империясының территориясына өткені белгілі.

Шығыстағы қалмақтар толықтай жеңіліс тапқаннан кейін, Ресей империясының территориясындағы халық өз еліне өту үшін Қазақ ханы Абылайдан саяси корридор сұраған еді.

Еділден шыққан көш қалмақтардың атамекеніне ары тартса айшылық уақытта жетеді. Бірақ, бұл көш Қазақстан территориясын 8 ай жүріп өтті. Өйткені, халқын қан қақсатқан қалмақтарды қазақ рулары жәй өткізе салған жоқ. Олардың өздеріне «Ақтабан шұбырынды» оқиғасын қайталады. Ал, жоғарыда айтып кеткен патшайымдардың тиындары сол қалмақтардан түсіп қалып, жоғалған тиындар болатын. Міне, осы тиындарды қуалай отырып, қалмақтардың қандай жолдармен жүріп өткенін нумизматика ғылымы зерттеп шықты.

Қазақстан нумизматикасының қазақ тарихына қосқан үлесі қандай?

Археология сынды нумизматика да тарих ғылымы үшін маңызды сала болып табылады. Тіптен, ғылымға белгісіз жаңалықтардың бірқатары нумизматтардың арқасында ашылған.

Біз өз тарихымызды түгендегіміз келеді. Сондықтан, Шығыс нумизматикасының маманы Павел Николаевич Петровқа жүгіндік.

Павел Николаевич Петров, Шығыс нумизматикасының маманы:

«Ілебалық» деп аталатын қалашық туралы көбі біле бермейді. Бұл қала жайлы деректер В. Рубруктің, М. Қашқаридің, М. Хайдардың еңбектерінде кездеседі. Осы деректер арқылы қаланың орнын табуға В. Бартольд, Ә.Марғұлан сынды атақты ғалымдар талпыныс жасаған.

Беріге дейін орналасқан жері былай тұрсын, болған-болмағаны белгісіз болып келген қаланың табылуы – нумизматика ғылымының еңбегі. Біз белгілі қазақстандық нумизмат Дархан Ересеновпен бірігіп, Іле өзенінің бойындағы қалалардан табылған тиындарды зерттей келе ол қаланың шынында да болғанын дәлелдеп, орналасқан жерін толық анықтадық.  

Тағы бір жайт, Алматы маңындағы атақты «Қарқара» жәрмеңкесі барлығыңызға таныс шығар. Ол ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың бас кезеңінде Жаркент пен Пржевальск уездерінің арасында тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратын сауда-саттық орталығы болатын.

Сол жәрмеңкенің орнын бүгінгі күні тереңірек қазып, ғалымдар таң-тамаша қалуда. Өйткені, Қарқара жәрмеңкесінің орнынан ең ескісі V ғасырға тиесілі тиындар табылып жатыр. Сонда, бұл жер тек ХІХ ғасырдың ортасынан бастап емес, ежелден-ақ сауда-саттық орталығы болған. Бұл тарихи жаңалық та нумизматтардың еншісінде.

«Коллекционерлерді музейге жұмысқа алмайды». Неліктен?

Павел Николаевичтан өзінің коллекциясындағы ең құнды тиындар туралы сұрағанда, «мен қазір коллекционер емеспін» деп жауап берді. Қалайша, нумизматтардың негізгі жұмысы тиын жинау емес пе?

Шығыс нумизматикасының маманы өзінің коллекция жинамайтынын былай түсіндірді.

Павел Николаевич Петров, Шығыс нумизматикасының маманы:

Нумизматика – ғылым. Ал, нумизмат – сол ғылыммен айналысатын адам. Ол коллекционер емес. Иә, мен де бір кездері коллекционер болғанмын. Бірақ, бар коллекциямды сатып жібердім. «Коллекционерлерді музейге жұмысқа алмайды» деген түсінік бар. Олар, өйткені, өте құмарпаз келеді. Оларға ғылым мен тарихтан гөрі өз коллекциялары қызық. Қандай құнды тиын табылмасын, коллекционер өз коллекциясында қалдырғысы келеді. Ал, бұл жағдай өз кезегінде ғылымға берілуге кедергі келтіреді. Сондықтан, коллекционерлерді музейге жұмысқа алмайды…

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button