Қоғам

Ұстаз деген – қасиетті мамандық – Президент

«Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. Десе де «ұстаз» қадірін біз кеш білгендейміз. Өйткен өмірлерін өзгенің баласын оқытып, тәрбиелеуге арнаған мұғалімдерді мардымсыз жалақымен алдап қойдық. Сол айлыққа бала оқытты, қала берді мектеп ауласын тазалады. Ол аздай көшелердің қоқысын терді.  Осылайша әр жұмысқа жегілген педагогтердің қоғамда бағасы түсті. Шәкерттерінің алдында беделі қалмады. Жалақысы аз, қадірі кеткен мамандыққа жас түлектің де сұранысы аз болары анық. Тіпті «мұғалімдік» мамандықты бітірсе де «айлығы аз, алған айлығым шайлығыма да жетпейді», – деп тастап кеткендер де жетерлік.

Дегенмен «Жаңа Қазақстанда» педагогтердің статусын көтеру қарқынды қолға алынып жатыр. Президенттің өзі ұстаздардың айлығын көтеру керек деп үкіметке тікелей тапсырма берген болатын.  Сөзімізге тұздық болсын:

«Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бекітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Біз бұған дейін «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік. «Әліппені» қайтардық», – деді  Мемлекет басшысы.

2019 жылы  педагогтердің жалпы орташа жалақысы – 118 мың теңге болған екен. Ал қазір мұғалімдердің орташа жалақсы – 343 мың теңге. Келесі жылы тағы 25%-ға көтеріу көзделген. Осылайша ұстаздардың жалақсы жылда көтеріле бермек. Бүгін Мемлекет басшысы Семейдегі сапарында да педагогтердің мәртебесі туралы сөз қозғады.  Сапар барысында Президент Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге ат басын бұрды. Президент оқу орнының тарихы мен жетістіктеріне, білім ордасынан білім алған ұлы тұлғалардың өміріне арналған көрмені аралап, оқытушылар ұжымымен және студенттермен пікірлесті.

Еркін әңгімелесу форматында өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мамандарға ризашылығын білдірді.

«Ұстаз деген – қасиетті мамандық. Бәріміз ұстазды сыйлаймыз. Себебі ұстаз – жоғары деңгейдегі тұлға. Балаларға лайықты білім беріп жатырсыздар. Білімсіз адам қауқарсыз деп айтуға болады. Қауқарсыз адам қазіргі бәсекеге толы әлемде қалай өмір сүреді? Сондықтан жас мамандарға мен ризамын. Өздеріңіз сияқты жастарды мемлекет те әрқашан қолдайды», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент елімізде жастарға жағдай жасау үшін біраз реформа жүзеге асырылып жатқанын да тілге тиек етті.

«Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі, отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасын асырап, балаларына қамқор болуы керек. Оларға адал еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет. Біз шын мәнінде еңбекқор ұлт болуға ұмтылуымыз керек. Әлемде еңбексүйгіш халықтар аз емес. Бұл қасиет, тіпті, олардың болмысына сіңіп кеткен. Осы асыл қасиет біздің жұртымызға да тән болуы керек. Өйткені, халқымыздың қарым-қабілеті ешкімнен кем емес. Ұлтымызға қатысты айтылатын кейбір жағымсыз сипаттамалардан біз мүлдем арылуымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Әрине Президент айтқан маңызды үш нәрсені жастардың бойына  сіңдіре алатын ұстаз. Демек елдің болашағы ұстаздардың қолында деп толық айта аламыз. Ұстазын бағалаған ұлт – ешқашан ұтылмайды! Мұны Елбасы да жақсы түсінеді:

«Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгерістер бар. Осындай игі шаралар арқылы біз қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз. Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады. Білім – бәсекеге қабілетті және табысты ұлт болудың басты кепілі. Қазір елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өкінішке қарай елімізде мектептер саны тапшы. Тиісінше үш ауысымда оқитын білім мекемелері көп. «Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Сонымен қатар, бұл мәселелерді шешу үшін 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу жоспарда бар, – деді Президен. Ал сол іргесі қаланатын мың мектепте балаларға білім беретін 100 мыңға жуық ұстаз қажет болады.  Осы орайда Елбасы өзінің Семейдегі сапарында:  «сол себепті, облыстағы жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлуді тапсырамын», – деді.

Ұқсас мақалалар

Back to top button