Ғылым

Мектепте оқытуға болатын қызықты пәндер

Жан-жақты, білімді тұлға болып қалыптасу үшін мектеп қабырғасында биология, физика, химия, алгебра, әдебиет, шет тілдері секілді әртүрлі пәндерді оқып, игереміз. Бірақ көптеген ғалымдар міндетті мектеп пәндерінің тізімі мүлдем басқаша болу керек деп есептейді екен.

Фантастикалық роман жазудың негіздері

Бастауыш сыныпта оқитын оқушылар өздерінің қызықты, қиял-ғажайыпқа толы әңгімелерін құрастырып жазғанға әуес келеді. Көптеген ғалымдар баланың образды ойлауын дамыту үшін тек классикалық шығармаларды оқытып қана қоймай, авторлық кітаптарын жазуға талпындырған жөн дейді.

Қолданбалы механика

Әдетте, мектеп қабырғасында әркімге қажет бола бермейтін абстрактілі алгебра мен геометрияны оқытады. Математиканы жақсы көретін таңдаулы оқушылар ғана болмаса, теорияны оқып, есеп шығарумен шектелетін сабақта көпшілігінің іштері пысады. Егер сабақ барысында оқығандарын тәжірибе жүзінде іске асырып, әртүрлі құрылғылар ойлап табатын болса балалардың нақты ғылымдарға деген қызығушылығы екі есеге артар еді.

Киноөндіріс

Кейбір мемлекеттік мектептерде театр, актерлық шеберлік секілді қосымша үйірмелер бар. Бірақ мұндай үйірмелерде тек балалардың орындаушылық қабілеттерін дамыту қарастырылады. Қазіргі таңда киноиндустрия қандай қарқынмен дамып жатқанын ескерер болсақ, оқушыларға кино түсірудің қыр-сырын үйрету артық болмас еді.

Қаржылық сауаттылық

Жоғарғы сынып бағдарламасына қаржылық сауаттылық пәнін енгізудің маңызы зор. Өйткені қазіргі балалар тауарды өз бетінше сатып алуда, пластикалық карталар мен мобильді қосымшаларды пайдалануда өте белсенді. Яғни, олар ерте жастан бастап ақша белгілерімен танысады, сауда-қаржылық қатынастардың белсенді қатысушылары болып табылады. Бұл процесс олардан қаржылық сауаттылықтың белгілі бір деңгейін талап етері анық.

Жыныстық тәрбие

Ерте ме, кеш пе баланы бұл тақырып қызықтырғанда жауабын интернеттен іздеп, әртүрлі ақпарат көздеріне ұрынып, адасатын болады. Сондықтан жас ерекшелігіне байланысты оқушыны жыныстық сауаттылыққа үйрететін пәнді мектеп бағдарламасына енгізу қажеттілігі туындайды. Жыныстық тәрбие – оқушылардың өзара мазаққа айналдыратын немесе бір-бірімен талқылауға ұялатын сабағы болмауы керек. Ол үшін өте білікті педагог-мамандар жұмыс істеуге тиіс.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button