Өнертапқыш студенттердің таңғаларлық жаңалықтары
Бүгін студенттер күні. Ізденімпаз жастардың мейрамы. Студенттік жылдарында-ақ үлкен жетістікке жеткен, ғылыми жаңалықтар ашқан жастар әдемде көптеп ұшырасады.
Әрбір ғылыми жаңалық өз қоғамының талаптарын қанағаттандыруы керек дейміз. Осы уақытқа дейін адамзат өркениетін алға жылжытқан қаншама жаңалықтар ашылды, инновациялық технологиялар ойлап табылды. Ең ғажабы, адамның жасампаздығы түгесілмейді екен.
«Qadam.asia» өнертапқыш студенттер ойлап тапқан өте қарапайым әрі таңғаларлық жаңалықтарды ұсынады.
Ұрланбайтын велосипед
Чилиде велосипедтер өте жиі ұрланады. Сондықтан, чилилік студенттер бөлшектейтін және бүктейтін рама жасап шыққан. Бұл өнертабыс велосипедтің құлыбы рөлін атқарады. Әзірлеушілердің пікірінше, мұндай велосипедті ұрлау әдеттегіден гөрі қиынға соғады. Бұл өнертабыстың тағы бір артықшылығы – велосипедтің құлыбы мен арнайы шынжырды алып жүрмеуге мүмкіндік береді.
Суды тазартуға арналған диск
Вирджиния университетінің бір топ студенттері суды тазарту үшін керамикалық диск жасап шығады. Олардың өнертабысы саз балшыққа күміс микробөлшектерін қосып отқа кептіру негізінде жасақталған. Дискті суға салғанда ондағы күміс иондары толығады да, судағы бактериялар мен патогендік вирустарды өлтіреді. 2013 жылдан бастап Африка елдерінде осы әдіс қолданысқа енді.
Контузияны анықтауға арналған құрылғы
Массачусетс технологиялық институтының студенттері Бен Херветайн мен Сет Берг «ақылды чип» жасап шыққан. Басқа тағуға арналған бұл чип – баланың немесе спортшының басына тиген соққылар мен ми шайқалуы туралы ақпараттарды жазып алады. Өнертапқыш студенттердің қолынан шыққан бұл технология жас спортшылардың ата-аналарына, жаттықтырушылары мен мұғалімдеріне баланың денсаулығын бақылап отыру үшін өте пайдалы болады деп күтілуде.
Сусыз унитаздар
Суды қажет етпейтін портативті унитазды Лиз Моррис есімді студент ойлап тапқан. Бұл үшін ол жағымсыз иістерді өлтіретін және микробтарды жоятын арнайы микробқа қарсы түйіршіктерді пайдаланады. Ungaro деп аталатын бұл ерекше унитаз қазірдің өзінде интернет дүкендерде сатылымға шыққан.
3D принтер арқылы жасалған косметика
Соңғы жылдары 3D принтерлерді пайдаланудың аясы кеңейіп келеді. Гарвард бизнес мектебінің студенті Грейс Чоидың ғылыми ізденістерінің арқасында енді 3D принтерлерде тіпті косметика басып шығаруға болады. Ол 3D принтердің көмегімен көздің қабағын бояйтын, бетті қызартатын, ерінге жағатын опа-далаптар басып шығарған. Грейстің бұл өнертабысы Mink деп аталады.