Мәдениет

«Маған Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі үгіт-насихат плакаттары ұнайды»

Компьютерлік графиканы, иллюстрацияны сүйіп тамашалаймыз. Осындай картиналарды қызықтап, смартфонға телміріп сағаттап отыра беретініміз де рас.

Ал, біз осы бағыттағы заманауи қазақ суретшілері туралы білеміз бе? Олардың жұмыстарымен таныспыз ба?

«Qadam.asia» бүгін белгілі карикатурашы, иллюстратор-суретші Мұрат Ділмановпен сұқбаттасты.

«Менің картиналарым ойлануға шақырады, бірақ наразылық акцияларына шақырмайды»

Картиналарыңыздан протесттік көңіл-күй аңғарылады. Сіз үшін реалдық шындық маңызды ма, көркемдік шындық маңызды ма?

Менің карикатураларымнан тек қана протесттік астар іздеумен келіспес едім. Карикатура ең әуелі – көрнекі тіл. Ол ойлануға шақырады, бірақ наразылық акцияларына шақырмайды. Шығармада негізгі объективті шындық болады, ал картинаның эстетикасы мен әлеуметтік сипаты оның субъективті қырлары болып табылады.

Соңғы кезде суреткер үшін сұлулық ең басты нәрсе емес деген қорытындыға келіп жүрмін. Кей жағдайда ойыңды жеткізу үшін сұлулық қажет емес болып қалады. Оған қарағанда суретшінің идеясы мен ойы едәуір мағынаға ие.

Білуімізше, сіз тәуелсіз суретшісіз. Яғни, ешқандай мекемеде ресми қызмет атқармайсыз. Табысты қайдан табасыз?

Мендегі табыс көзі коммерциялық иллюстрация және авторлық тауарлар. Яғни, кәдесый өнімдері деуге болады. Бұл маған ойыңды ашық жеткізуге, азды-көпті еркін болуға мүмкіндік береді.

«Иллюстраторлар өзгеше ойлайды…»

Картиналарыңыз сатылымға шыға ма?

Картиналарым қазірдің өзінде сатылымда тұр. Бірақ мен көбінде компьютерлік графикамен жұмыс істейтін болғандықтан, қолмен салынған графика онша көп емес.

Комикспен де айналысады екенсіз. Қазіргі жастардың қандай кейіпкерлерді көргісі келеді?

Иә, комикстер саламын. Алайда өзімді комикстердің суретшісімен деп айта алмаймын. Мен иллюстратормын және бұл өз алдына басқаша ойлауды қажет етеді. Өз басым динамикадан оқиға көре алмаймын. Сондықтан, жастарға не қызық екенін білмейтін шығармын. Менде жалпы түсінік бар, бірақ нақтылап айта алмаймын.

«Компьютер дәстүрлі сурет өнерін алмастыра алмайды»

Өзіңіз айтқандай, көбінде компьютерлік графикамен жұмыс істейтініңіз байқалады. Майлы бояумен, қылқаламмен достығыңыз бар ма?

Расында, мен компьютермен салатын суретші ретінде танылдым. Дегенмен, үнемі дәстүрлі материалдармен сурет салып тұрамын. Сүйікті материалдарым – түрлі-түсті қарындаштар, маркерлер және тушь. Бірден кесіп айтайын, компьютермен жасалған ешқандай картина да, графика да, мүсін де дәстүрлі материалдардың орнын баса алмайды.

Қай бағыттағы суретшілердің стильдерін жоғары бағалайсыз?

Мен үшін белгілі бір стандарттар жоқ. Маған Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі үгіт-насихат плакаттары да, қазіргі жапон графикасы да ұнайды. Бірақ бұл шығармашылық өсу жолындағы ізденістер деуге болатын шығар.

Сіз үшін кескін маңызды ма, бояу маңызды ма? Немесе, философия маңызды ма, эстетика маңызды ма?

Бұл енді әр сурет бойынша нақты не айтқыңыз келетініне, картинаның табиғатына байланысты. Басқаша қалай жауап беруге болатынын білмеймін.

Суреткердің бойынан табылуы тиіс негізгі қасиеттерді атап берсеңіз.

Егер суретші эстет болатын болса, көркем суреттің техникасын жақсы меңгеруі қажет. Егер суретші философ болса, онда оған мықты теориялық негіз керек.

«Біреулер үшін президенттің портретін салу арманының шегі»

Өзіңізді дәстүршілмін деп есептейсіз бе, әлде…

Өзге дегеннен гөрі, дәстүршілмін деуім орынды болар. Мен қанша жерден компьютерлік технологияны қолдансам да, дәстүрлі формада ойлаймын.

Қазір қазақ суретшілерінің әлеуметтік жағдайы қандай? Оларды не толғандырады?

Тәуелсіз суретшілердің қызығушылығы бір басқа да, сарай маңындағы суретшілер мен пейзажистердің мүдделері бір басқа. Әркім өз жолын өзі таңдайды.

Біреулер үшін президенттің портретін салу арманының шегі болса, біреулер үшін бүкіл галактика аздық етеді. Біреу өз шығармашылығында дала жусанының иісін бейнелейді, ал, біреу заманауи қала тіршілігін визуалды түрде суреттейді.

Әңгімеңізге рақмет!

Мұрат Ділмановтың үздік жұмыстары:

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button