Бизнес

Қазақстанда әлемдегі ең үздік жобалардың бірі іске қосылды

Елімізде тұңғыш рет әлеуметтік желіде отырып, банк қызметтерін орындауға болатын (төлем жасау, ақша аудару және бірлік салу секілді) қазақтың төл әріптері бар Forte банктің сервисі іске қосылды.

Бұл сервистің ерекшелігі туралы, кімдер жасады және мақсаттары қандай деген сұрақтарға жауап алу үшін  «ForteBank» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Сәрсебеков, «One Technologies» ЖШС бас директоры Алмат Жапаров және осы IT компанияның жобасы жетекшісі Самат Мансурбекпен сұқбаттастық.

Неге «ForteKey»?

Нұрлан Сәрсебеков: «Key» дегеніміз «кілт». Яғни бұл кілт арқылы Forte банктің кез келген тұтынушысы банк қызметтерін пайдалана алады деген мағынада. Ал біздің жаңа әрі Қазақстанда тұңғыш рет іске асырып жатқан сервис «ForteKey», бұл әлеуметтік желіде және кез келген мессенджерде отырып төлем жасауға, бірлік толтыруға және басқа да қызметтерге арналған. 

Ең басты ерекшелігі – халыққа түсінікті әрі ыңғайлы. Біздікі әлеуметтік жоба болғандықтан, бұл тікелей халыққа арналған, солардың пайдалануына жеңіл болу үшін жасалған.

Жоба идеясы қайдан келді? 

Самат Мансурбек: Әлемде бұл сервисті қолданады. Бұрыннан бар. Әрі бұл әлемдегі ең танымал сервистердің бірі. Қазір бәріміз әлеуметтік желіде отырамыз. Олардың тығыз жұмысы болады, мессенджерден шықпай, банк қызметін пайдалану секілді. Осы кезде «ForteKey» көмектеседі. Қазақстанда бұл бірінші рет жүзеге асып жатыр.

ForteKey адамдардың күнделікті пайдаланатын сервисіне айналады деген үміттеміз. Себебі әлеуметтік желіде отыратындар үшін бұл өте ыңғайлы.

Алмат Жапаров: Нұрланның қызы Мәскеуде оқып жүрген кезде осы идея туралы әкесіне айтқан. Кейін бұл идеяны маған айтты. Мен бұл жоба туралы сол авторлармен сөйлесе бастадым. Кейін БАҚ-та Бразилияда whatsapp арқылы төлем жасауға болады деген ақпарат тарай бастады. Біз осыдан кейін жаңағы жігіттермен байланыс орнатып, бірге жұмыс істуге шақырдық. Қазір олар біздің стратегиялық жақтан серіктесіміз. 

 ForteKey-дің қазақстандықтар үшін 3 пайдасы қандай?

Нұрлан Сәрсебеков: Біріншіден, қазір елімізде қазақ тіліне деген көзқарас өзгерді. Жаппай қазақ тілін білу және үйрену секілді бастама көтеріліп, мемлекеттік деңгейде қолдау тапты. Әрине, ана тіліміз қазақ тілі болғаннан кейін біздің бұл бағытта да жұмыс істегіміз келеді. Сондықтан қазақ тіліне біздің де үлесіміз болса деген ниетпен осы жобаны қолға алдық. 

Мәселен, сізде үш тілге дайын пернетақта болады (қазақ, ағылшын және орыс тілінде). Әр тілге арналған T9 бар. Яғни қателескен жағдайда сізге дұрыстап беруге тырысады. 

Алмат Жапаров: Екіншіден, өткенде ғана Whastapp-та досым ақша салып жіберуді өтінді. Мен ешқандай қиындықсыз, сол жерде отырып Фортенің пернетақтасымен оған ақша аударып жібердім. Мен оның карта нөмірін, қайда салу керек деген сұрақтармен мазаламай-ақ бірден тіркелген телефон нөміріне аударып жібердім. Өте ыңғайлы. Маңызды диалог болып жатқан кезде де сол жерде отырып ақша аударып жіберуге болады. 

Үшіншіден, бұл халыққа арналған, әр тұтынушыға бағытталған сервис. Кез келген адам, кез келген жерде пернетақтасын пайдаланып отырып, төлем жасай береді. 

ForteKey қанша уақыт ішінде операцияны орындап үлгереді?

Самат Мансурбек: 20 секунд ішінде досыңа ақша аударуға, төлем жасауға болады (тексерілген). Бұл сервис өте жылдам әрі тұтынушының уақытын да алмайды. Банктің қосымшасына кіріп, нөмірін теріп, іздеп отырудың қажеті жоқ.

Елімізде IT бағыт енді дамып, технологияға деген көзқарас өзгеріп жатыр. Бұл жобаны жасаған кімдер? 

Алмат Жапаров:  Біз 3 айдың ішінде бұл сервисті іске қостық. Қазір қолында самсунгі немесе айфоны бар адам бұл қызметті пайдалана алады (нақтыласақ, IOS және Android жүйесінде бар. Бұл автономды бөлек қосымша емес, негізгі Forte қосымшасының кеңейтімі. Сондықтан AppStore немесе PlayMarket-тен Forte қосымшасымен бірге ForteKey пернетақтаны жүктеп ала аласыз.

Бұл жобаны техникалық жақтан толық жасап шыққан «One Technologies» компаниясы. 

«One Technologies» қандай компания? 

Алмат Жапаров:  Бұл Форте банкпен серіктес IT компания. Біз негізінен олардың техникалық жұмыстарын жасаймыз және реттеп отырамыз. Біздің ForteKey-ден басқа бірнеше жобамыз бар. Мәселен, ForteMarket, ForteKassa т.б.

Нақты сұрақ болсын, ForteKey-ді тек Whatsapp-та отырып пайдалана ма?

Самат Мансурбек: Жоқ. Телеграм, инстаграм, facebook, вконтакте, дегендей жалпы пернетақтаны қай жерде пайдаланасыз, сол жерде отырып төлем жасай беруге болады.

Сіз тіпті басқа банк қызметін пайдаланып отырған кезде де «ForteKey» функционалдығы қол жетімді болады. Себебі ол пернетақта сіздің смартфонға орнатылған. 

Менің ForteKey-ді пайдаланғым келеді. Не істеу керек?

Самат Мансурбек: Алдымен смартфонға App Store немесе Play Market дүкендерінен «Forte» мобильді қосымшасын жүктеп аласыз. 

Жүктеп алған соң, телефон «баптаулар» бөлімінде ForteKey пернетақтасын қосу қажет. Бұл туралы толық инструкция нұсқаулар веб-сайтта қолжетімді – https://forte.kz/kk/fortekey/ немесе негізгі Forte қосымшада аударымдар мен төлемдер жасалғаннан кейін қадамдық нұсқаулық бар. Соны пайдалануға да болады.

Тұтынушы басқа банк картасына ақша аудара ала ма?

Алмат Жапаров:  Әрине! Аудара алады.

Сұқбаттарыңызға рақмет! 

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button