3 миллион аудиториясы бар ZTB-ны 4 адам ғана жүргізеді
Бүгін еліміздегі ең ірі ақпараттық медиа ZTB-ға 9 жыл толып отыр. Инстаграмда 3 миллионнан асатын аудиториясы бар, күніне мыңдаған оқырман пікір қалдыратын танымал жобаның «ішкі кухниясы» жайында журналист Алтын Нығманмен сұқбаттастық.
ZTB-ға 9 жыл толды. Құттықтаймыз!
Рақмет!
ZTB сайт па, медиа компания ма әлде жастарға арналған парақша ма?
ZTB – қазақстандық БАҚ-тағы жаңа форматта жасалған ақпараттық жоба. Бұл жоба жастар қызығушылығының мүддесі үшін құрылған. Яғни, біз жаңалықтарды дәстүрлі БАҚ-тағыдай бермейміз. Ең маңызды, талқыға салынып жатқан ақпараттарды өзіміздің стилімізде ұсынамыз. ZTB командасында бір қағида бар: біз ұсынған кез келген ақпаратты студенттер де, офис қызметкерлері де, кассир де, министр де, биліктің жоғарғы өкілдері де түсіну керек.Сондықтан да біз тек жастарға ғана емес, барлық қазақстандықтар үшін жұмыс істейміз.
Инстаграмда үш бірдей аккаунт бар. Біреуі екі тілде жаңалық таратады, біреуі тек қазақ тілінде және бір парақша видеоға арналған. Бәрін қосқанда 3 миллион аудиториясы бар. Командада қанша адам жұмыс істейді?
Иә, біздің аудиториямыз үлкен, соған сай артылып отырған жауапкершілік те жоғары. Көпшілік ZTB командасын үлкен деп ойлайды, бірақ дәл қазіргі уақытта олай емес. Біздің жобамыздың бір ерекшелігі – біздің команда. Біз жұмысымызды орындап болып, өз ісімен айналысып кететін әріптес қана емеспіз, бір отбасымыз. Бәріміз жобада бұрыннан бері істеп жатырмыз, сондықтан біз үшін ZTB тірі ағза секілді. Өз әріптестерімді атап өткім келеді.
Медет Айжарықов – бас дизайнер, біздегі видеоның барлығын сол жасайды. Ол команданың ең креативті мүшесі.
Нұрсейіт Советов – дизайнер әрі «Вконтакте» желісіндегі парақшамыздың модераторы. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі ztb_kazakhstan парақшасын жүргізеді. Ал менің міндетім – бізде шығатын барлық мәтінге, сайтқа және жарнамаға жауап беру.
Басшымыз, ZTB жетекшісі Марғұлан Тұрсыновты ең керемет босс деп айта аламын. Ол бізге шығармашылық еркіндік береді, мықты-мықты идеяларын ұсынады және команданы да, жобаны да кез келген сыннан, шабуылдан қорғайды. Командада бәріміз – теңбіз, әрқайсымыздың пікіріміз маңызды. Осындай команданың бір мүшесі болғаныма бақыттымын.
Онлайн жұмыс істейсіздер ме әлде офисте отырасыздар ма?
Биылғы жыл онлайн жұмыс істеудің мүмкіндіктерін көрсетті. Дәл қазіргі уақытта офисіміз жоқ, ал команда мүшелері Қазақстанның әр қаласынан үйде отырып жұмыс істейді. Жобада 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын, сондықтан үйдегі офиске үйреніп қалдым. Карантинде көпшілігі онлайн жұмысқа ауысқанда, біз үшін бұл ерекше жаңалық бола қоймады. Керісінше жұмысымыз екі еселене түсті.
9 жыл ішінде қандай жетістікке жеттіңіздер? Нақты бірнешеуін атап берсеңіз.
1. Өте үлкен аудиориямыз бар және біз туралы бәрі біледі. Статистикамызға сүйенсек, біздің ақпараттық жоба еліміздің барлық аймағына тараған.
2. Биыл ZTB атымен мекеме аштық.
3. Қазақстандық танымал брендтермен жұмыс істейміз.
4. Ең бастысы, осы жылдар ішінде 100% жұмыс жасайтын мықты команда құра алдық.
Алдағы жоспар қандай? Үлкен аудиторияны пайдаланып үлкен жетістікке жеткен медиа компаниялар бар. Сіздердің армандарыңыз қандай?
Біздің жоспарымыз да, мақсатымыз да, арманымыз да көп. Жыл сайын жобамен бірге мақсаттарымыз да өсіп келеді. Болашақта аудиториямызды бұдан да кеңейтіп, жақсы контенттер дайындап, тек жақсы жағынан көрінуді жоспарлап отырмыз. Уақыт көрсетеді. Мүмкін бүкіл әлемді жаулайтын деңгейге жететін шығармыз, кім біледі?!
ZTB-да қандай материал жарық көрмейді?
Кез келген БАҚ-тағыдай біздің де өз жұмыс ережеміз бар. Қысқаша айтқанда, қатты негатив тудыратын, жалаңаштанған, өрескел дүниелерді шығармаймыз. Негатив тудыратын дүниелерді жарияламауға тырысамыз. Бірақ үнемі олай бола бермейді.
ZTB-да жұмыс істеу нені талап етеді?
1. 24/7 жұмыс істеуге дайын болу керек. Түнгі сағат 1 болсын, демалыс немесе мейрам күндері болсын, біз үнемі бір-бірімізбен байланыста боламыз.
2. Жағымсыз реакцияларды қабылдап үйрену қажет. Оқырман жарияланымдардың астына, кейде жекемізге шығып жаман пікірлер айтып жатады, осының бәріне мәдениеттілікпен жауап беруге тырысамыз.
3. Қажетті ақпаратты немесе бейнероликті табу үшін сағаттап іздеу жүйелерінде отырамыз. Шынын айту керек, бұл оңай жұмыс емес.
Салыстырмалы түрде алғанда, мұның бәрі ұсақ-түйек. Өйткені, біз ZTB-ға не берсек, ол бізге еселеп қайтарады. Әрқайсымызға бұл жоба тәжірибе, керемет әріптестер, жақсы ақша табуға және тәуелсіз болуға мүмкіндік берді.
Мен ZTB-ны жақсы көремін және оның өркендеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынмын. Біздің жобаны алда тек сәттілік күтіп тұрғанына сенемін!
Cұқбатыңызға рақмет!