Бизнес

Азық-түлік бағасы неліктен қымбаттай береді?

Қай базарға барсаңыз да азық-түлік бағасының шарықтап тұрғанын көресіз. Қарапайым дүкендерден бастап, ірі сауда орындарына дейін тағамдық өнімдердің бағасы өсу үстіне өсіп жатыр. 

Неге олай? Қымбатшылықтан құтылудың амалы бар ма? Азық-түлік бағасына мемлекеттік бақылау жасалмай ма? Біз сапалы өнімдерді тұтынып жатырмыз ба? 

Qadam.asia сайтының ұжымы халықты толғандырған осы сынды сауалдарға жауап іздеп көрді. 

Азық-түлік қауіпсіздігі неген не?

Елімізде «азық-түлік қауіпсіздігі» деген ұғым алғаш рет Қазақстан Республикасының «Астық туралы» Заңында көрініс тапты. «Астық туралы» Заңда: «азық-түлік қауіпсіздігі – тұтынудың физиологиялық нормаларын және демографиялық өсуді қанағаттандыру үшін жеткілікті болатын сапалы азық-түлік тауарларына халықтың нақты және экономикалық қол жеткізуін қамтамасыз етуге мемлекеттің қабілетті екендігін білдіретін экономиканың жай-күйі» деген анықтама берілген. 

Алайда, бұл әлі шешуін таппаған мәселе екенін экономикалық сектор да, ғалымдар да мойындайды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету дегеніміз – барлық қажетті саналатын отандық өнім түрлеріне халықтың еркін қолжетімділігін қалыптастыру, импортқа тәуелділіктен арылу мен баға тұрақтылығын сақтау деген сөз. 

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзіндік қағидалары бар:

  • қоғамның барлық мүшелерінің денсаулығын және белсенділігін сақтау үшін жеткілікті мөлшерде қоректену; 
  • ел азаматтарының барлығы сапалы азық-түлік ресурстарын пайдаланатындай жағдай қалыптастыру; 
  • азық-түлік қауіпсіздігінің макроэкономикалық жағдайын бақылауда ұстау;
  • қоғамдық өндірістің тиімділігін арттырып, импортқа тәуелділіктен арылу; 
  • бағаның халық табысымен сәйкес келуі; 
  • экономиканың азық-түліктік секторын жолға қою. 

Негізінде кез келген мемлекет әрбір азаматының жеткілікті деңгейде тамақтану, денсаулығын сақтау және аштықтан ада болу құқығын қамтамасыз етуге, ұлттық тәуелсіз азық-түлік жүйесін қалыптастыруға міндетті. Бірақ, көптеген елдер бұл міндеттің үдесінен шыға алмай отыр. 

Қазақстан азық-түлік импортына тәуелді

Бір ескеретін жағдай, қазіргі кезде әлемнің көптеген елдері белгілі дәрежеде азық-түлік импортына тәуелді. Импортқа тәуелді елдердің қатарында Қазақстан да бар. Бүгінгі күні әлемнің тек 7 елі өзін-өзі азық-түлікпен 100 %-ға қаматамасыз етіп отыр. Ал 75 ел өзін-өзі 70-80 %-ға қамтамасыз еткен. Сонымен қатар, 1 миллион халқы бар 50 ел өзін азық-түлікпен 50-60 %-ға ғана қамти алған.

Бұдан байқайтынымыз, аграрлық саланы жалпы ішкі өнімнің негізгі бағытына айналдырудың өзектілігі дүниежүзілік мәселелер қатарына жатады. Себебі, жер шары тұрғындарының саны өскен сайын халықты азықпен қамтамасыз ету мәселесі күрделеніп отыр.  

Қазақстанның азық-түлік нарығының жағдайы сыртқы нарыққа тәуелділіктің шекті деңгейімен сипатталады. Отандық өндіріс халық тұтынуының тек аз ғана бөлігін қамтамасыз етеді. Мәселен, еліміздегі ауылшаруашық өнімдері 1990 жылы жалпы ішкі өнімнің 36 %-ынқұраған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 4 %-дан аса алмай отыр. Азық-түліктің тек 40 % ғана өзімізде өндіріліп, қалған 60 % шетелден тасымалданады. 

Шетелден келген азық-түлік сапасы алаңдатады

Импортқа тәуелділіктің өзіндік салдары бар. Шетелден келетін азық-түлік өнімдері халықтың денсаулығына қауіпті емес пе деген сауал туындайды. Соңғы жылдары бұл мәселе аса зор маңыздылыққа ие, себебі, тамақ өнімдерінің отандық нарығына түсетін өнімдердің төменгі сапалы деңгейі байқалуда. Отандық өнімдер нарығына сақтау мерзімі күмәнді, адам денсаулығына қауіпсіздігі жөнінен сапаға жауап бермейтін, көп жағдайда генетикалық түрлендірілген шикізаттардан жасайтын импортты өнімдер келіп түсуде. 

Аталған жайттар ұрпағымыздың болашағына кері әсерін тигізбей қоймайтыны сөзсіз. Мұндай факторлардың орын алуы тамақ өнімдерінің сапасына мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесінің тиімсіздігінен болып отыр. Яғни, елімізге әкелінетін тамақ өнімдеріне, балалар тамақтарына, гендік түрлендірілген организмдердің, тамақ қоспалары мен бояғыштардың, биологиялық белсенді қоспалардың айналымына әлі де болса бақылаудың күшейтілуі қажет. 

Адамдардың белсенді және салауатты өмір салты үшін қажетті нәрлі заттар – көмірсутектер, майлар, ақуыздар, витаминдер, минералдар пайдалану өте маңызды. Ел азаматтарының бұл нәрлі ингредиенттермен қамтамасыз ететін тамақтың жеткілікті мөлшерін пайдалана алмауына импорт пен қымбатшылық себепкер. 

Азық-түлік бағасы халық табысына сай емес

Еуропалық сарапшыларға сілтеме жасаған «РИА Аналитика» агенттігі Қазақстан 2011 жылдың өзінде азық-түліктің бағасы тым тез өсіп бара жатқан елдердің арасында 4 орынды иеленгені жөнінде хабарлады. Содан бергі 9 жылдың ішінде азық-түлік бағасының өсімін халық күнделікті сезініп жүргені жасырын емес. 

Нақты мәліметтерге жүгінсек, өнімді сату бағасы жылдан-жылға өсіп келеді. Мысалы, кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы 2010 жылмен салыстырғанда екі еседен көп өскен.Әсіресе, ет бағасы едәуір қымбаттаған. Соған сәйкес тамақ өнімдері түрлеріне байланысты тұтынуда да алшақтықтар байқалады. Мәселен, 2017 жылға қарағанда 2019 жылы бидай өнімдері мен сиыр және қой етіне сұраныстың қысқарғанын көруге болады. 

Бұдан қорытынды жасасақ, азық-түлік қауіпсіздігі туралы сөз болғанда, біз көбінесе отандық өнімдер көлемінің халықтың тұтыну сұранысын қанағаттандыруы тұрғысынан қараймыз да, оның шешуші көрсеткіші – халықтың сол өнімдерге экономикалық тұрғыдан қол жеткізу мүмкіндігін, яғни, олардың бағасының халықтың табысына сәйкес болуын ескере бермейміз.

Қымбатшылық неден туындайды?

Жоғарыда айтқанымыздай, елімізде азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету проблемасын шешудің бірден-бір жолы – рыноктағы тұтыну бағасын тұрақтандырып, оны халықтың басым көпшілігінің қолы жететіндей деңгейден асырмауды қамтамасыз ету болып табылады. 

Азық-түлік бағасы қымбаттауының басты 3 себебі бар:

  1. Еркін рынок жағдайына делдалдардың араласуы;
  2. Өнім өндірушілердің, яғни, егіншілердің азық-түлік базарларына еркін шыға алмауы;
  3. Агро сектордың шикізат күйінде қалуы.

Еркін рынок жағдайына делдалдардың араласуы

Еркін рынок жағдайы дегеніміз – кез келген сауда орындарында, базарларда, дүкендерде ерікті баға саясатын ұстану. Әлемнің көптеген елдері секілді Қазақстанның да тұтынушылық тетігі еркін рынок жағдайына негізделген. Еркін рынок жағдайында кез келген тауарға баға сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы негізінде реттеледі деген түсінік бар. Алайда, нарықтық экономика жолымен дамыған елдерде тек қана ерікті баға саясаты жүргізілмейді. 

Еркін рынок жағдайының ең негізгі кемшілігі – өнім өндірушілер мен оны тұтынушылар арасында жүрген делдалдар мен алыпсатарлардың көптігі. Делдалдар мен алыпсатарлар көбінде көтерме сауда базарларында жүргендіктен мемлекетке салық төлемейді. Олардың бағаға әсерін мемлекеттің бақылауы қиын. 

Өнім өндірушілердің, яғни, егіншілердің азық-түлік базарларына еркін шыға алмауы

Қазіргі жағдайда азық-түлік базарларына өнім өндірушілер тікелей өздері шыға алмайды. Сондықтан, мемлекет ауылшаруашылық өнімдерін орталықтандырылған жүйемен шаруалардан кепілді бағамен сатып алудың тетіктерін және көтерме сауда базарларында, бөлшек сауда орындарында ұтымды жүйенің қалыптасуын жолға қоюуы қажет.

Осы орайда айта кететін жағдай, қай елде болмасын ауыл шаруашылығының өркендеп дамуы алдымен қаржыландыру мәселесіне тікелей байланысты. Бәрімізге белгілі, қазіргі күні банктер агро салаға қаржы беруге, ал инвесторлар қаржы салуға қызығушылық білдірмейді. Ал агросектор табиғи жағдайға барынша тәуелді сала болуына байланысты қомақты қорды қайтаруға көп уақыт қажет етеді. Бұл да ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдаудың ауадай қажет екенін дәлелдейді.

Агро сектордың шикізат күйінде қалуы

Ауыл шаруашылығы өнімдерін тағам өндірісіне пайдалану тетігі дамымай отыр. Осының салдарынан кейбір оңай олжа тапқысы келетіндер рынокқа жалған өнімдер жасап шығара бастады. Әсіресе, тамақ өнімдерінің белгілі бір құрамдарын арзан да сапасыз қоспалармен алмастыру арқылы олардың санын немесе салмағын молайту, өнімнің сыртқы орама қапшығына оның құрамы мен тағамдық құндылығы туралы жалған ақпараттар беру сынды заңсыз әрекеттер жиі ұшырасады.

Жалған өнім жасаушылар тұтынушыларды алдап қана қоймайды, кейбір жағдайларда сол жалған өнімдерімен адам денсаулығына зиян келтіріп, өміріне қауіп төндіруі де мүмкін. Мұндай фактілердің жиілеуінен қауіптенген қазақстандық ғалымдар мәселені шешудің жолын ұсынды:

«Шикізат шығарушы ауыл шаруашылық өндірісі мен тағам өндірісін біріктіріп, сервистік қызметпен байланыстыра қарау, оларды бір жүйе есебінде қаржыландыру, аудан және ауыл деңгейінде микрокластерлер қалыптастыру. Нәтижесінде, осы күнге дейін басы бірікпей жүрген шаруа қожалықтары мен үй шаруашылықтары кооперацияланады, тиімді өнім шығаруға бірыңғайланады».

Аграрлық саясат бұрынғыша шикізат өндіруге мемлекеттік қолдау көрсетумен ғана шектелмеуі тиіс. Ендігі жерде аграрлық саясат ауылшаруашылық дақылдарынан жасалатын қазақстандық тағам өнімдерін дайындауды қолдауға бағытталуы қажет.Осының арқасында ауыл экономикасын индустрияландыруға жол ашамыз. Тіпті, мыңдаған жұмыс орындарының ашылуы мен ауылда тұратын адамдардың материалдық жағдайының көтерілуіне жағдай туғыза аламыз дейді ғалымдар.

Әлем елдері азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қандай шаралар қолданды?

Бірқатар экономикасы дамыған мемлекеттерде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы кешенді нормативтік құқықтық актілер қабылданған. 

Мәселен, көршілес Ресейде 2010 жылдың ақпан айында «Азық-түлік доктринасы» қабылданады. Доктринаның федеративтік субъектілерінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету заңнамасы бекітілген. Ал, іргеміздегі Қытай елі болса 2011 жылы азық-түлік қауіпсіздігіне қылау түсіретін қылмыс үшін өлім жазасын енгізген. Бұл Қытай Үкіметінің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударып, оған қатысты жазаның қатаң түрін қолдану арқылы азық-түлік айналымына мұқият бақылау орнату керектігін айқындайды. 

Әлемдік тәжірибелерге көз жүгіртсек, 70-80 жылдары-ақ Германия, Франция, Швеция, АҚШ елдері азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты ең алдымен фермерлердің құқығын ерекше қорғайтын заңдар қабылдап, аграрлық секторға ерекше мән берген. Ал, Жапония ауыл шаруашылығының негізгі өнімдерінің бірі күрішті тауар өндірушілерді ынталандыру мақсатында әлемдік бағадан 6-8 есе жоғары бағамен сатып алады. Сонымен қатар бұл өнімнің импортына шектеу де қойылған.

Мемлекет азық-түлік бағасына бақылау жасай ала ма?

Азық-түлік қауіпсіздігі еліміздің ұлттық қауіпсізідігінің бір бөлігі болып табылады.Өйткені, бірде-бір мемлекет халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпей тұрып, елдің экономикалық, саяси немесе ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі мүмкін емес.

2004 жылы «Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы» заң қабылданды.Кейіннен осы заңды жүзеге асыруға байланысты 20-дан астам Үкіметтің қаулылары, Денсаулық сақтау министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің нұсқаулықтары мен бұйрықтары қабылданды, бірқатар заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 

Бірақ, бұл актілер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қатынастарын жанама реттейді. Сарапшылардың пікірінше, арнайы «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» заңын қабылдаудың қажеттігі туып отыр. Әлемнің 95 %-ға жуық елінде мұндай заң қабылданған. Егер әлемдік тәжірибеде әбден сыннан өткен осы заң қабылданса, азық-түлік бағасын тұрақтандыру біршама жеңілдеген болар еді. 

Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу өнеркәсібі экономиканың негізгі бір саласына айналуы қажет. Біздің елде де азық-түліктің бағасын реттеу мен оның тұрақты қорын жасау үшін ауыл шаруашылық өнімдерінің әлеуметтік маңызды түрлерін мемлекет кепілді бағамен өнім өндіруші шаруалардан сатып алу механизмін жетілдіру өте маңызды. 

Жуық арада нақты шаралар қабылданбаса, азық-түлік бағасы қайтадан шарықтап кететініне ешкім таласа қоймас. Ең бастысы, халықтың сапалы тағам өнімдерін тұтынуға, азық-түлікті қолжетімді бағада сатып алуға құқығы бар екенін ұмытпайық. 

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button