Бизнес

Бай емес шығарсыз, бірақ орта тапқа жатасыз ба?

«Біздің елде орта тап атымен жоқ. Тек байлар мен кедейлер ғана бар» деген пікірді көп естиміз. «Байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтық өте жоғары» деген пікір де жиі айтылып жүр. 

Бір қарағанда жұмысымыз бар, күнделікті тамағымызды тауып жеп жатырмыз. Өзімізді кедей деп атауды намыс көреміз. Бірақ, біз орта тапқа жатамыз ба?

«Qadam.asia» сіздің орта тапқа жататыныңызды яки жатпайтыныңызды айтып береді.  

Орта тап дегеніміз не?

Бұл ұғым алғаш рет біздің дәуірімізге дейін жазылған Еврипидтің  «Жалбарынушылар» трагедиясында қолданылған. Әйгілі драматург өз шығармасында қоғамды байларға, кедейлерге және орта тапқа бөледі. Ол орта тапты қаланың үміті мен тірегі, өйткені олар салауатты өмір сүреді және заңға бағынады деп сипаттайды.

Орта тап туралы кейінірек Аристотель де жазды. Оның пікірінше, орта таптың адамдары байлардың мүлкін тартып алу және қылмыстық әрекеттер жасау туралы ойламайды.Олар жай ғана тыныш өмір сүргенді қалайды. Өздерінің берекелі өмірлерін мейлінше бұзбауға тырысады.

Орта тапқа қатысты заманауи түсініктерге келсек, ХХ ғасырдың басынан бастап шағын кәсіпкерлер орта тапқа жатқызыла бастады. Кейінірек бюджеттік қызметкерлердің табысы арта бастағанда, олар да осы санатқа жатқызылды. Олар – менеджерлер, бухгалтерлер, адвокаттар, оқытушылар және басқа да мамандықтардың өкілдері еді.

Орта тапқа жату үшін табысыңыз қанша болуы керек?

Зерттеушілер орта таптың келбетін тек болжалды түрде анықтай алады. Яғни, елдегі орташа жалақының 75 %-нан 125 %-на дейін айлық табысыңыз болуы қажет. 

Қазақстандық жекелеген сарапшы мамандардың пікіріне сүйенсек, орта тапқа – басында баспанасы және шетелдік автокөлігі бар, отбасының әрбір мүшесіне 50 мың теңгеден артық табыстан келетін отбасылар жатады. 

Ал негізінде, біздің елде орта тап өкілдерінің табысы отбасындағы жан басына шаққанда 500 доллардан кем болмауы тиіс. Биыл орташа жалақы мөлшері 203,9 мың теңге деп бекітілді. Бұл жоғарыда келтірілген 500 доллармен шамалас. Бірақ, сіз елдегі орташа жалақы алатын адамдардың қатарына жатсаңыз да, орта тапқа кірмеуіңіз мүмкін. 

Ай сайын 200 мың теңгенің төңірегінде табыс табатындар кімдер? Олар – мұғалімдер, дәрігерлер, ғылыми қызметкерлер, заңгерлер, орта және шағын кәсіпкерлер, тағы басқалар. 

Ал енді көрейік, бұл шамамен сіздің өзіңізге тиесілі 500 долларды ғана құрай алады.Жұбайыңыздың айлық табысы да елдегі орташа жалақыға жетеді делік. Отбасындағы тағы бір адамның орта тапқа жатуға қаржылық мүмкіндігі бар. 

Балаларыңыз ше? Балаларыңыздың әрқайсысының киіміне, денсаулығына, білім алуына, түрлі қажеттіліктеріне жұмсайтын ақша қала ма? Әлде, келесі айға ақша артылмақ түгілі, жетпей қалып, қарыз алуға тура келе ме? 

Табысыңызды есептеп көрсеңіз, өзіңіздің орта тапқа жататын, жатпайтыныңызды бағамдай аласыз. Қаржылық мүмкіндігіңіз сізді орта тапқа жатқызудың маңызды индикаторларының бірі. 

Орта таптың өлшемі тек қана ақша емес…

Зерттеушілер адамның табысы елдегі кедейлік шегінен және сатып алу қабілетіненқаншалықты асып түсетінін де ескеруі мүмкін. Бірақ, қаржылық мүмкіндік – адамның қай санатқа жататынын анықтаудың жалғыз жолы емес. 

Яғни, маңыздылық тек қана ақшада емес. Орта таптың өкілдері әдетте жоғары білімді болып келеді және физикалық еңбекпен айналыспайды. Олар ақшасын денсаулығына, табысын арттыру бағытындағы түрлі курстарға, жаны қалаған демалысқа жұмсай алады. Балаларына да қаражат салып, ақылы үйірмелер мен секцияларға беруге мүмкіндігі бар.

Орта тап өкілінің портреті – біз армандаған өмірдің айнымас көрінісі. Мүмкін, тек қаржылық көрсеткіштерге емес, осы факторларға назар аударсақ, біз осы санаттағы адамдарға жататын, жатпайтынымызды анықтай аламыз.

Орта таптың типтік портреті:

  • шетелдік университетте оқуға мүмкіндігі бар; 
  • жоғары білімі бар; 
  • интеллектісін жұмсай алатын жұмыс орнында істейді; 
  • автокөлігі бар (кейде отбасындағы ересек адамдардың әрқайсысына бір автокөлік); 
  • жылына кемінде 1 рет демалуға бара алады; 
  • әрбір отбасы мүшесінің кемінде 40 шаршы метр тұрғын үйі бар.

Ең басты қағида: орта таптағы отбасылар табыс деңгейімен емес, өздерінің жақсы өмір сүруге деген ұмтылыстарымен анықталады. 

Олар жеке баспанасы, автокөлігі болғанын қалайды, зейнетақы қорына тұрақты ақша салады және демалысқа отбасымен бірге шығуға мүмкіндік алу жолында еңбектенеді. Бұған қол жеткізу үшін көп жұмыс істеу керек екенін де біледі. 

Орта тапқа жату дегеніміз – алдыңа мақсат қою және сол мақсатқа жету үшін бар күш-жігеріңді салып еңбектену.  

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button