Бизнес

Coca-Cola-ны не үшін жақсы көреміз?

Coca-Cola бір ғасырдан астам уақыттан бері сату және маркетинг саласында көшбасшы болып келеді. Жер шарын мекендеген адамдардың 94%-ы компания логотипінің қандай екенін біледі екен. Тіпті «кока-кола» сөзі бүкіл әлем бойынша ең көп таралған сөздердің ішінде екінші орынды алады. Бірінші орында «окей» сөзі тұр.

«Qadam.asia» сайты Coca-Cola-ның танымалдылығы неге жоғалмайтынын анықтап көруге тырысты.

Coca-Cola сіздің қарапайым инстинкттеріңізге жүгінеді

Әлемдік танымалдылығына қарамастан, Coca-Cola бренді компанияның негізін қалаушылар тұжырымдаған қағидаға адал болды. Бұл қағида – қарапайымдылық. Газды сусынды сатып алушыларға жалғыз нәрсеге уәде етіледі: рахат сыйлауға. «Ләззат ал!» немесе «Бақытқа жол аш!» сынды қарапайым ұрандар ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Сонымен қатар, бұл сөздер әлемнің кез келген тіліне оңай аударылады.

Coca-Cola жетістігінің құпиясы – компания сізге өз өнімін сатып жатқан жоқ, ол сізге бақытты сәт сатып жатыр. Жарнамада сусынның құрамына немесе оның басқа да қасиеттеріне ерекше назар аударылмайды. Өндіруші сізді өзі ұсынған өмір салтын таңдауға көндіргісі келеді: мейірімді, белсенді бол, бақытты өмір сүр дейді. Мұны бәрі түсінеді және бұл сөздер бәріне жақын.

Мысалы, бренд атауы қытай тіліне «бақыт дәмі» деп аударылады.

Әр халықтың мәдениетіне сай арнайы кола жасалады

Қызығы, әр мемлекетке арналған өзіндік колалар бар. Олар бөтелке мен банкілердің дизайнымен, кейде атауымен де ерекшеленеді. Бұл өндірушіге басқа мәдени ортада өмір сүретін тұтынушылармен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Осы тәсіл компанияны кез келген елде өлшеусіз табысқа жеткізіп отыр. Мысалы, Жапонияда түсі мөлдір кола, ал Қытайда кофе қосылған кола сатылады.

Әлемде Coca-Cola-ны заңды түрде сатуға болмайтын 2 мемлекет бар: бұл Куба және Солтүстік Корея.

Coca-Cola-ның жазу шрифті бізді сағыныш сезіміне бөлейді

Расында, шрифт өнімнің өтімділігінде маңызды рөл атқарады. Coca-Cola Spencerian қолжазба шрифтін қолданады. Spencerianшрифті мектеп оқушысының қолымен жазылған жазуға ұқсайды, сондықтан мейірімді әрі жылы көрінеді. Бұл бейсаналы түрде адамның симпатиясын оятады.

Spencerian шрифті әдетте құттықтау хаттарында және үйлену тойына арналған шақыртуларда қолданылады. Жалпы, XIX ғасырда бұл шрифт Батыс елдерінде өте танымал болды: алдымен ол ресми іс-қағаздар мен хат алмасу  үшін қолданылды, содан кейін мектеп оқушылары осылай жаза бастады. Сондықтан, Coca-Cola көптеген адамдарды сағыныш сезімі мен ностальгиялық әсерге бөлейді.  

Сәтті жарнаманың арқасында Coca-Cola мерекелердің символына айналды

«Бақытты сәт» сыйлаумен қатар, Coca-Cola адамдарың жадында Рождество және Жаңа жыл мейрамдарымен байланысты символ ретінде сақталған. Ешқандай мерекені Coca-Cola сусынынсыз елестете алмаймыз.

Бұл сәтті жарнаманың арқасы. Ең танымал жарнамалық ролик, әрине, жаңа жылдық жүк көліктері. Жаңа жылдық жүк көліктерімен алғашқы жарнама ХХ ғасырдың 30-шы жылдары жасалды. Жарнаманы жасауға «Индиана Джонс» пен «Жұлдызды соғыстар» сияқты бестселлерлер үшін арнайы эффекттер жасаған компания қатысқан.

Әлемді шарлаған Санта бейнесі

Coca-Cola сонымен қатар, Санта бейнесін танымал етті. Қызыл костюм, алқызыл жүзді бейне, үлкен дене бітімі – бұның бәрі Coca-Cola-ның еңбегі. Бұрын Санта мүлдем басқаша бейнеленетін. Ол ұзын және өте арық адам немесе ұсқынсыз эльф болуы мүмкін еді. Бұрын тіпті костюмі де басқаша болды, епископтың яки аңшының киіміне ұқсас киім киген образда суреттелді.

Бір қызығы, Санта образын жасау үшін өмірде бар адамның, яғни қарапайым сатушы болып істейтін зейнеткердің бейнесі алынған. Ол адам қайтыс болғаннан кейін, суретші айнаға қарап отырып Санта бейнесінде өзін салған.

Халыққа бұл сурет ұнағаны соншалық, одан сәл өзгешелік байқаса, олар бірден компанияға хат жазатын болыпты. Мысалы, бірде Сантаның суреті неке жүзігінсіз салынады. Сонда Санта мен Клаус ханымның араларында не болғанын сұраған хаттар бірден қарша бораған екен.

Осылайша, Coca-Cola әлемдегі ең танымал өнім болып қана қоймай, адам өміріндегі бақытты, еркіндікті, жасампаздықты бейнелейтін нағыз мәдени құбылысқа айналды.

Мұның бәрі сауатты маркетинг пен дизайнның арқасында.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button