Бизнес

Еліміздегі ең бай студент

«I go to school» деген сөзді айтқан кезде көз алдымызға бірден «Бизнес по казахский» комедиясы елестейді. Себебі дәл осы сөзді жастар арасында қалжыңға айналдырып, сіңдіріп жіберген фильмдегі актер Рамазан еді.

Біз актер әрі еліміздегі ең бай студент атанып үлгерген Рамазан Амантаймен сырласқан болатынбыз.

Рамазан, шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? Түркиядағы түсірілім жұмыстары қалай өтті? 

Шығармашылықта жаңалық көп. Оның бәрін алдағы уақытта біле жатарсыздар. Карантинге қарамай жұмыстарымыз жалғасып жатыр… 

Түркиядан жақында келдік. Сапар сәтті болды дей аламын. Себебі бұл кино Түркия елінде үлкен масштабта түсірілген алғашқы қазақ киносы болды. Актерлік құрам мен киногерлер екі жақтан да жақсы іріктелініп алынды. Бірақ, жоба әлі аяқталған жоқ. Елде төрт-бес күндік түсірілім жұмыстары қалды. 

Сіз көбінде комедиялық фильмдердің актеры ретінде танылып жүрсіз. Өмірде қандай адамсыз? 

Өте мұңды адаммын (күліп алды – QA). Әрине, актердің өмірдегі болмысында кейіпкерінің кейбір қасиеттері болмаса ол рөлге бекітілуі екіталай. Сондықтан, қазір сіздер білетін кейіпкеріме ұқсас жерлерім де бар. Бірақ, өмірде салмақтырақпын.

«Танымалдылықтың да өз қиындықтары бар»

Қазір әлеуметтік желідегі танымалдылықпен қоғамдық пікірге әсер етуге болады. Сондай-ақ, бұл табыс көзі. Танымалдылық сізге қандай да бір жауапкершілік жүктей ме? 

Әрине, үлкен жауапкершілік жүктейді. Елдің көз алдында жүргесін сөйлеген сөзің, істеген ісің үнемі назарда болады. Оның үстіне, Құдайдың берген нығметін жақсы жолда, еліңнің болашағы үшін, тым болмаса замандастарыңа үлгі болу үшін пайдалана алмасаң ол да сын. Ол үшін де ертең жауаптысың. Сол себепті, сырттан әдемі көрінгенмен бұл нәрсенің қиындығы да көп… 

Сізді көптеген хит әндердің мәтінінің авторы ретінде де білеміз. Әнге сөз жазғанда нені басты назарда ұстайсыз? 

Иә, бұл енді бала арман ғой. Айтыскер ақын болсам деген арман. Сол арманмен әнге сөз жазып бастадым. Екі жылдай уақыт болыпты… 

Аллаға шүкір қазір ел білетін аға-әпкелеріміздің орындауында тыңдалып жүр. Сіздерге мақтанып қояйын (күліп алды – QA). Ал, енді әнге сөз жазар кезде айтар ойдың дәл жетуін, ән мен сөздің әдемі ұштасуын, мәтіннің көркемдігін басты назарда ұстаймын. Бір саланы толық меңгере алдым дейтін адам жоқ шығар. Әлі шыңдалу, үйрену үстіндемін. 

Актерсыз, өлең жазасыз, ән айтасыз. Өзіңізге қайсысы жақын?

Өлең жазу жақын. Неге екенін білмеймін… 

«Әкем жыршы, анам күйші, мен қайда барайын!»

Естуімізше, әкеңіздің таңды таңға ұрып жыр айтатын өнері бар екен. Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз…

Мен өнерпаз ата-ананың ұлымын. Бойымда азын-аулақ өнер болса, сол кісілерден дарыған. Әкем жастайынан жыршылыққа қызығып, біраз ұстаздардың алдынан өтіп, батасын алған адам. Бірақ, ол уақытта өнер мен өнерпаздарға деген қоғамның көзқарасы дұрыс болмағаннан атам әкемді өнерге жібермей қойыпты. Сөйтіп, ғылым жолына түскен. Қазір ұлағатты ұстаз. Анам консерваторияның түлегі. Кәсіби күйші, музыкант. Өздері өнерге бармағандықтан, менің бетімнен қақпады. Қазір сіздердің алдарыңызда жүргенім сол кісілердің арқасы. 

Сізде негізгі табыс көзі қандай? Өзіңізді табысты адам деп есептейсіз бе? 

Ол жағын айтпай-ақ қояйын. Кином бар, әнім бар, тағы да басқа ұсыныстар бар… Бір сөзбен айтқанда бай студентпін (күліп алды – QA).

«Замандастарыма сын айтуға хақым бар деп ойлаймын»

Қазір құндылықтар алмасып, қоғамдық формация өзгеріп жатыр. Өз замандастарыңыздың, жастардың бойынан қандай өзгерістерді байқайсыз? 

Енді ол жағы бізге қарағанда аға-әпкелерімізге айқындау шығар. Десе де, замандастарымның бәрі бірдей танымалдылыққа, жеңіл дүниелерге ұмтылып жүргендігі қынжылтады. Мен осы өнерде бала күнімнен бастап жүрмін. Осы турасында замандастарыма сын айтуға хақым бар деп ойлаймын. Әрине, қазір табыс көзі де, бәрінің назары да әлеуметтік желіде: блогерлерде, вайнерлерде. Бірақ еліміздің дамуына сеп болатын басқа да мамандық иелері көп болып жатса қуанар едім. 

Елге танылғысы келетін, табысты болуды қалайтын жастарға қандай кеңес бересіз?

Елге танылғысы келетін, жұлдыз болғысы келетін замандастарға айтар тілегім, одан да ғылымның, білімнің шоқ жұлдыздары болғайсыздар! Бәріңізді жақсы көремін!

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button