Kazakhstan Growth Forum: конференциялардың пайдасын білесіз бе?
Жыл сайын елімізде түрлі сала бойынша даму, қарым–қатынас орнату, нетворкинг арқылы өзара байланыс құру секілді салалық әрі жалпылама конференциялар өтеді. Бұл конференциялардың басты мақсаты – еліміздегі кәсіп саласын дамыту, нарыққа бейімделген мамандықтарды игеру және жаңа технологияларды меңгеру.
Бейсенбі, 28 қаңтарда Kazakhstan Growth Forum ұйымдастырған Kazakhstan Marketing Conference өтті. Онлайн өткен іс-шараға маркетинг саласындағы мамандар қатысып, өз мамандығы бойынша жеке тәжірибелері мен шешімдерімен бөліскен болатын. Айта кету керек, бұл шараға 3 мемлекеттен, 14 спикер қатысты.
Конференция спикерлері салалар бойынша қандай трендтер қадағаланатыны, атап айтқанда, пандемия нарық пен аудиторияға қалай әсер еткені, сондай-ақ қалыптасқан жағдайда қандай құралдар танымал болып отырғанын айтып берді.
Дәл осы конференцияларды ұйымдастырып, мамандар арасында қарым-қатынас орнатуға түрткі болып жүрген, бір жылдың өзінде 10-нан астап түрлі іс-шаралардың жүзеге асуына бастамашы болып жүрген «Сентрас» холдинг тобы және Kazakhstan Growth Forum-ның атқарушы директоры, Professionalize Kazakhstan (K-Pro) білім беру бағдарламасының директоры Гүлжанат Құсайыновамен болған сұқбатты ұсынып отырмыз.
Жыл сайын түрлі конференциялар ұйымдастырасыздар. Бұл кәсіпкерлер мен халық үшін пайдалы. Конференциялардың ерекшелігі туралы айтсаңыз?
Ең бастысты бізде сапалы контент. Біздің спикерлер халықаралық дәрежедегі сарапшылар мен өз саласының білікті мамандары. Тағы бір ерекшелігіміз – тұрақтылық. Біздің барлық конференцияларымыз жыл сайын өтеді және жаңа қатысушыларға серіктес табуға, өзін дамытуға мүмкіндік жасаймыз.
Жылына кем дегенде үлкенді-кішілі қанша конференция ұйымдастырасыздар? Олардың негізгі форматы мен мақсаты қандай?
Біз жылына 10 түрлі салалық іс-шаралар өткіземіз. Атап айтқанда: Kazakhstan Growth Forum; CFO Summit; HR Forum; Kazakhstan Marketing Conference; Kazakhstan Technology Conference; Urban Forum; Healthcare Forum; K-Professionalize Kazakhstan( K-Pro) – білім бағдарламасы; Centras Venture Day (жылына 2 рет), өткен жылы Адизес институтының семинарын өткіздік, біз олардың Қазақстандағы серіктесі болдық.
Мақсатымыз: сарапшылар мен білікті мамандар арасында тәжірибе алмасатын, білім жинап, өзін-өзі дамытуды қолға алатын алаңды қалыптастыру.
Қазақтілді аудиторияның қатысу белсенділігі қандай деңгейде?
Біздің конференциялар негізінен ағылшын және орыс тілінде өтеді. Қазақтілді аудитория аз ғана ауқымды қамтиды. Біз AIF 2020-да қазақ және орыс тілінде синхронды аударма жасадық, алайда қазақтілді аудиторияның белсенділігі өте төмен болды. Бар-жоғы 3-5 адамды құрады. Өкінішке қарай, қатысу көрсеткіштері өте төмен.
Әлемде пайдалы конференция ұйымдастыру қалыпты үрдіске айналған. Біздің елде ше? Қандай да бір қиындықтар кездесе ме?
Елімізде өтетін түрлі тақырыптардағы конференциялардың саны өте көп. Ең алдымен оның сапасына және спикерлердің деңгейіне қарау керек. Қиындық туралы айтсақ, аудиторияның назарын ұстап отыру шығар. Себебі қазір конференциялар онлайн өтіп жатқандықтан, адамдарға бірнеше сағат онлайн отырып, назарды бір жерге салу қиынға соғады. Дегенмен біз бұл мәселемен де күресіп жатырмыз. Онлайн болса да сапалы әрі тәжірибеден өткен контент ұсынамыз. Интерактивті байланысты көп қарастырамыз. Ал басқа жағынан ешқандай қиындық жоқ.
Түрлі конференция ұйымдастырып жүріп, ондағы спикерлердің айтқан кейстері арқылы қандай нәтижеге қол жеткізе алдыңыздар?
Біздің ұйымдастырған конференциялардан біз өзіміз де сабақ алып отырамыз. Бұл мәселені мен үшке бөліп қарастыратын едім:
1. Серіктестердің қарым-қатынасы, бәлкім бірігіп жобалар жасауы да мүмкін;
2. Біз өзіміз де компания ретінде дамып, жаңа заманға бейімделіп отырамыз. Алдыңғы дамыған технологияларды пайдаланамыз, бұл бізге жаңа әлемде тануға, үйренуге және олармен қарым-қатынас орнатуға жол ашады;
3. Бұл біздің беделіміз және компаниямыздың брендін қалыптастыру.
Сіздердің ұйымдастыратын конференцияларыңыз туралы адамдар хабардар болу үшін ақпаратты қай жерден алғаны дұрыс?
Біз туралы facebook-тегі «Kazakhstan Growth Forum» ресми парақшамыздан немесе k50.kz сайты арқылы конференциялар туралы ақпарат алуға болады.
Сұқбатыңызға рақмет!
«Qadam.asia»