Бизнес

TOP 5: 2020 жылдың ең бай TikTok-блогерлері

Forbes-тің соңғы рейтингі бойынша TOP 5-ке кіретін тиктокерлердің жалпы кірісін қосқанда 18 миллион доллардан асады. Ең қызығы, бесеуінің де жасы әлі 20-ға толмаған. 

Әйгілі Forbes журналы өз тарихында алғаш рет ең бай TikTok-блогерлердің тізімін ұсынып отыр. Бұл тізімге бұрыннан танымал жұлдыздар кірмеген. Тек осы платформаның арқасында танылған пайдаланушылар ғана тізімді құрайды.  

«Qadam.asia» бүгін қысқа бейнелер түсіріп жүріп-ақ қалай ақша табуға болатыны туралы айтады. 

5 орын 

Джош РИЧАРДС: 1,5 миллион доллар табыс тапқан 

22,5 миллион жазылушысы бар 18 жасар тиктокер әлеуметтік желілерде «бұзық» жігіттің образында көрінсе де, оқырмандардың сүйіктісіне айналған. 

Ерте жастан ол актерлікке әуестеніп, 2017 жылдан бастап қысқа музыкалық бейнелер түсіре бастайды. Жасөспірім Джош бір кездері өз аккаунтын жауып тастауды да ойлаған. Өзі оны «сенімсіздік құрсап алды» деп түсіндіреді. 

Сенімсіздігін жеңе алғанының арқасында бүгінгі жетістіктерге жеткен ол әрбір блогер өз жұмысын дұрыс монетизациялауды үйренуі керек деп санайды. Мысалы, компания акцияларын сатып алу немесе өз ісіңді ашу секілді жұмыстарды қолға алуды ұсынады. 

Джош Ричардс солай жасады да. Қазір ол TikTok-тағы танымалдылығының арқасында пайда табудың көздерін тапқан:

  • Reebok брендімен серіктестік орнатқан;
  • House Party топтық бейне қоңырауларға арналған қосымшасын жасаушылармен серіктестік орнатқан;
  • Өзінің жеке киім желісін ашқан;
  • YouTube жарнамаларын сатумен айналысады;
  • Warner Records жапсырмасымен әндер шығаруға қол қойды; 
  • Triller видеосервисінің топ-менеджерлерінің қатарына кірді. Бұл сервис аз уақытта TikTok-ты алмастыруы мүмкін деп күтілуде;
  • Дарындыларға арналған TalentX агенттігіне иелік етеді; 
  • Сондай-ақ, Ani Energy энергетикалық сусындар өндірісімен айналысатын бизнесі бар.

4 орын

Лорен ГРЭЙ: 2,6 миллион доллар табыс тапқан

48,3 миллион жазылушысы бар Лорен алдағы уақытта модель ретінде танылғысы келеді. 

Пенсильвания штатында дүниеге келген TikTok жұлдызы бала кезінен музыкаға бейім болады. Алтыншы сыныпта оқып жүргенде оны енді пайда болған әлеуметтік желіге қызыққаны үшін өзге балалар мазақ етеді. Бұл жағдай балаларының психологиясына әсер еткендіктен ата-анасы Лос-Анжелеске көшуге шешім қабылдайды.

Америка киноиндустрияның астанасында кішкентай Лорен өзінің сүйікті ісі – TikTok түсірумен ешқандай кедергісіз айналыса алды. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде жұлдызға айналды.

Қазір ол TikTok-тағы танымалдылығының арқасында болашақ карьерасын жасауда:

  • 2018 жылы Virgin Records дыбыс жазу лейблімен келісім-шартқа отырып, дебюттік альбомы үшін 550 мың доллар аванс алады. 

Ұзақ уақыт бойы Лорен Грэй тиктокерлер арасында ең үлкен фанаттар базасына ие болды, сол себепті: 

  • Skechers;
  • Hyundai;
  • Burger King сынды ірі компаниялар онымен серіктестік орнатқан; 
  • Қазір ол модель ретінде Revlon косметикалық брендінің келбеті болып табылады; 
  • Тұрақты түрде сән көрсетілімдеріне қатысады;
  • Танымал әншілердің клиптеріне түседі; 
  • Жақында ғана Тейлор Свифттің «The Man» әніне арналған клипке түсіп, оқырмандарын сүйсінтті. 

3 орын 

Дикси ДАМЕЛИО: 2,9 миллион доллар табыс тапқан 

TikTok желісінде 41,3 миллион оқырманы бар Дикси өзінің шығармашылық жолын Instagram-да бастаған.  

Дегенмен, нағыз танымалдылық оған TikTok арқылы келді. Диксидің танымал болуының тағы бір себебі сіңілісі Чарли Дамелионың арқасы. Ол кезде Чарлидің жазылушылары тұтас армияға айналып үлгерген еді. 

Қазір апалы-сіңлілі Дамелиолар Лос-Анжелесте тұрады. 

Бұл қыздардың ата-аналары да TikTok-қа тіркелген. Тіптен, әкелері Марк Дамилионың аккаунтына 6,4 миллион адам жазылған. 

Қазір Дикси де TikTok-тағы танымалдылығының арқасында пайда табудың көздерін тапқан:

  • Ол әпкесімен бірге Hollister киім брендімен серіктестік орнатқан;
  • Morphe косметикалық компаниясымен ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойды; 
  • Екі қыз әкелерімен бірге United Talent Agency продюсерлік орталығымен келісім жасасқан. Бұл орталық Бенедикт Камбербэтч, Мэрайя Кэри сынды атақты адамдардың жұлдызын жаққан; 
  • Биыл ол өзінің «Be Happy» атты дебюттік синглін ұсынды; 
  • Бұл бейнебаян аз уақыттың ішінде YouTube-те 63 миллионнан астам қаралым жинаған. Ең қызығы, Диксидің бейнебаяны қаралым жағынан мега жұлдыздар Канье Уэст пен Трэвис Скоттың сол күні шыққан жаңа бейнебаяндарынан озып кеткен.

2 орын

Чарли Дамелио: 4 миллион доллар табыс тапқан

94,3 миллион оқырманы бар 16 жасар қыз TikTok-та аккаунт ашпас бұрын би билеп, конкурстарға қатысып жүретін болған. 

Оның TikTok-тағы алғашқы бейнелерінің өзі 2 миллионнан астам қаралым жинаған. Бір жылға жуық уақыт өткен соң Чарли жанкүйерлер саны бойынша видеосервистің көшбасшысына айналады және «TikTok патшайымы» атағын алады. 

Чарлидің өзі мұндай аудиторияны қалай қызықтыра алғанын толық түсінбейтінін мойындайды. Десе де, 18-ге де толмаған қыздың адамдарды соншалық қызықтыратын бір ерекшелігі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. 

Сонымен, Чарли Дамелионың TikTok-тағы танымалдылығының арқасында жеткен жетістіктеріне тоқталайық:

  • Әлемге әйгілі Дженнифер Лопес және Биби Рексамен бірлесіп жұмыс істеді;
  • Америкалық танымал ток-шоулардың түсіріліміне қатысты; 
  • Атақты мультфильм кейіпкерлерін дыбыстады; 
  • Хумус тағамдық өнімінің жарнамасында ойнады;
  • «Өте қызықты іс» сериялының жұлдызы Ноа Шнаппен бірге ролик түсірді; 
  • EOS косметикалық компаниясыменкелісім-шартқа отырды; 
  • Өзінің брендке айналған жеке киім желісін және аксессуарлар желісін ашқан; 
  • Отбасымен бірге қайырымдылық кештерін ұйымдастырады. 

1 орын

Эддисон Рэй Истерлинг: 5 миллион доллар табыс тапқан

65,8 миллион оқырманы бар 19 жастағы қыз Forbes рейтингі бойынша ең бай тиктокер болып табылады.

Чарли Дамелио сияқты ол да бала кезінен би билеп, көптеген жарыстарға қатысқан. Бірақ та Эддисон тек билеп қана қоймай, TikTok-қа арнап скетчтер түсірумен де айналысады. 

Қазір TikTok жұлдызы тележурналистика бойынша білім алуда. Сарапшылардың сөзіне сенсек, Эддисон бір жыл ішінде 5 миллион доллар табыс тапқан. 

Ең бай тиктокердің TikTok-тағы танымалдылығының арқасында жеткен жетістіктеріне тоқталайық:

  • Reebok компаниясымен келісім-шарт жасасқан;
  • Шведтік Daniel Wellington сағат брендімен келісім жасасқан. Эддисон 5 миллион табысының үштен екісін осы екі келісімның арқасында тапқан;
  • American Eagle ретейлерімен ынтымақтастық орнатқан;
  • Spotify сервисінде өзінің апта сайын жүргізетін шоуы бар; 
  • Өзіне қарасты Item Beauty косметикалық желісін іске қосқан; 
  • Оның әйгілі әнші Мэрайя Кэридің әніне билеген биі әлеуметтік желілерде өте жоғары бағаланды;
  • Отбасымен бірге өте танымал William Morris Endeavor продюсерлік агенттігімен келісім жасасқан; 

Әлемге әйгілі Forbes журналының ең бай TikTok-блогерлер тізімін келтіруі тегін емес. Өйткені, қазір тиктокерлер үлкен танымалдылыққа ие және табысқа кенелудің өзгеше тетігін тапқандар. Олар тіптен қоғамдық ойға ықпал ете алады. 

Ал, сіздің ең танымал қазақстандық тиктокерге айналғыңыз келе ме? 

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button