Бизнес

Жәмиланың басынан кешкені: Кәсіпке дейін (бірінші бөлім)

Халықаралық сән әлемі байқауында қазақтың қызы бас бәйгені жеңіп алыпты дегенді естіп, Алматы қаласындағы “Жәмила” сән салонына бет алдым. Үлкен әрі әсем дизайнда безендірілген салонның ішінде мені шебердің өзі жылы қарсы алды. Амандықтан кейін Жәмила Назарбектің сырын ақтарып, өзі туралы қызық пен шыжығы толы тағдыры туралы айтып бергенін қаладым. Сұхбат екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде кәсіпкер әрі әлемдік деңгейдегі жүлдені жеңіп алған Жәмила Назарбектің 2004 жылы елге көшіп келгеннен бастап көрген қиыншылығы, Қытайдағы өмірі туралы деректермен танысасыздар. 

50 жыл артқа кеткендей болдым…

08.12.2004 жыл. Дәл осы күні Көші-қон арқылы Қазақстанға көшіп келдім. Келе салып, Алматы облысы Қаратал ауылына тұрақтадық. Қыстың кезі, жеміс-жидек жоқ, қурап, әбден сүркей тартып жатқан жерді көрдім. Мен бірінші келдім. Әкем шекарада жүктермен кешігіп өтті. Үйдің тұңғышымын. Ол кезде жасым 23-те. Екі інім, екі сіңілім бар.

Қараталдағы үйдегі осы жақта таныс бір туысқанымыз арқылы сатып алып қойғанбыз. Тек үйдің бар екенін білеміз, келіп көргенім сол кезде. Үйді, айналамды көргенде 50 жыл артқа кетіп қалғандай күй кештім. Біз бірнеше отбасы болып көшіп келдік. Келген кезде ауыл бізді өте жақсы қарсы алды.

Тіршілік мүлде басқа болды. Мен армандап келген Қазақ елі мүлде басқаша әсер етті. Қытайда жүргенде тек журналдардан, теледидардан көріп отыратын армандап кететін керемет елді елестетіп келдім. Судың өзін сырттан тасып ішіп жүргенді көргенде, жүрегім ауырды.  Мен өзім үшін емес, арттағы бауырларым үшін алаңдадым… Ешкімге көрсетпей жылауға да тура келді… Не істеймін басқа?!

Ұядай ғана үй. Иесі орыс болған екен. Жер үйдің қызығын тек көктем, жазға қарай көре бастадық.

Бір аптаға кешігіп келген әкемнің үрейін мен де байқап жүрдім. Үйдің тұңғышы болған соң ер мінезді қылып тәрбиеледі. Әкеммен көп сырласамын. Еңсесі түсіп кеткен ол кісіні көргенде… Әкеме артқа қайтатын жол жоқ екенін, бізді елге әкелдің бастысы деген секілді ойларды айттым.

Әкемнің біз үшін қорқатыны 5 баланың үшеуі қытай тілінде, тек екеуіміз қазақша оқығанбыз.

Қытайда әкем қыстақ бастығы болды

Елге келгенге дейінгі өмір жақсы болды. Беделді, жағдайы жақсы отбасында өмір сүрдік. Әкем біз тұрған қыстақтың басшысы болған. Одан бөлек жартылай ауыл шаруашылығымен айналысатын.

Қараталда жүргенде әкем көтерме саудамен, ұсақ-түйек шаруалармен айналысты. Тек мен өзімді жегідей жедім. “Не істеу керек?” деген сұрақ көкейімде жүрді. Бір күні теледидар көріп отырып (теледидар да дұрыс шықпайды, бір адам төбеге шығып, антенаны бұрау керек) МузАрт тобының әндерін, “Алтын сақа” деген бағдарламаларды қарай бастадым. Іштегі ой “қандай кәсіп ашамын…”. Жеке кәсіпкерлер туралы көп іздендім.

Сыныптастарым универден, мен өмірден сабақ алдым

Арғы бетте жүргенде пысықтау болдым. Шиңжаң университетінің әдебиет факультетіне оқуға түстім. Ол жақта грант деген жоқ, ақылы бөлімге түсудің өзі грантпен тең. Бірақ оқи алмадым. Себебі әкем он ағайынды еді, сол онның бесіншісін біздің қолға берген. Сол ағамыз үйленетін болып, оқуға деген ақшаны қалың малға, тойға деп жинадық. Бізде сондай қалыптасқан үрдіс бар: жақын туыс үйленсе, жан-жақтан ақша жинап, көмектесіп жібереді. Сөйтіп оқудан қалып қойдым.

Сол кездері түрлі аурулар тарап, кішкене абыр-сабыр болып жатқан кез. Ауылға дәрігер керек. Мен өзімді көрсетіп жүріп, ақыры 2 жыл дәрігер де болдым. Дәрігер адамдарға жылы болу керек деген принцип ұстанып, уколды салғанда ауыртпай салып, науқастарға барынша қарап жүрдім. Сол әрекетім бір мектеп директорына ұнап, мені балабақшаға тәрбиеші қылып жұмысқа алды. Себебі науқастың тілін тапқан адам, баланың да тілін табады десе керек. Сөйтіп балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа орналастым. Балабақшада жүргенде “Ерекше және ерекше” деген атақ жеңіп алдым. Өзім бала күнімнен бірдеңе ойлап тапқанды жақсы көремін, сөйтіп жарамсыз қалған заттарды пайдаға жаратып, балабақшада балаларға киім тігіп, сән үлгісін көрсеттік. Сол жерде осы атақты алдым. Сөйтіп жүргенде бір мектепке әдебиет пен тілден сабақ беретін мұғалім керек болып, сонда бардым. 5-6 сыныпқа сабақ бердім. Ал менің сыныптастарым Қытайдың ең үздік деген жоғары оқу орындардында білім алып келді.  Олар универден, мен өмірден сабақ алдым.

ӘлФараби атындағы ҚазҰУда оқығым келді. Үйден қашып шықтым

Елге менен бұрын көшіп келген құрбыларым бар. Солар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқып жүргенін, ол жерде керемет екенін айтатын. Мен құрбыларым айтқан оқу орынды армандадым, сонда барып оқығым келді.

Алғаш көшіп келген кезде Алматыға келген екенбіз деп ойладым. Құрбыларым мен армандаған оқу орнына түсу үшін Алматыға бару керек екенін айтты. Мен тіпті әріп танымаймын ол кезде (кирилица). Қыз бала болған соң үйдегілер мені жібермеді. Тек келесі жылы көктемде үйден қашып шықтым. Қалтамда 5 мың теңге бар. Ол кезде ақшаны да танымаймын (теңгенің қанша екенін білмеймін). Әкеміз өзіміз ақша таппаған соң, бізге рұқсатсыз ақша ұстатпайтын. Үйден қашып шығу үшін әкемнің көрші үйге сиыр саууға кетуін күттім. Сол сәтті пайдаланып Талдықорғанға барып, көлікке отырып Алматыға тарттым. Ол билетті алу үшін де біраз сөз естіп алдым. Себебі ол кезде бес мың теңгенің құны асқақ еді.

ҚазҰУда оқитын құрбым Яланда шай сатады екен

Автобус Сайламға келіп тоқтады (Сайран). Атын да дұрыс айтпаймын. Құрбым күтіп алды. ҚазҰУ-да оқитын құрбым Ялан деген базарда шай сататын болып шықты. Оны ұялып менен жасырған болуы керек. Тұңғыш рет Барахолкаға бардым. Амангелдин деген көше әлі есімде. Сол жерге барғанда түрмеге келгендей күй кештім. Қыздар жатқан бөлмеге әкелді. Шынымды айтайын, ондайды көрмеген мен үшін бәрі қорқынышты болды. Қыздар жатқан бөлмеде тамақ та, киім де, тіпті аяқ киімдер де бір жерде тұрды. Оны қабылдай алмадым.

Бәрінің бір-ақ жауабы болды: “Кейін түсінесің…”

Ертесі күні менің қасыма бір қызды қосып, ҚазҰУ-ға жіберді. Мен әріп танымаймын, жанымдағы қыздың көзі дұрыс көрмейді. Сөйтіп адасып жүріп жеттік. Алайда мен бұл ЖОО-да оқи алмайтынымды түсіндім. Әріп танымайтын, білімі толық емес мен үшін бұл жер жабық күйінде қалатынын іштей сездім. Тек мені елең еткізген, есімде мәңгі қалатын бір сәт бар. Ол – наурыз мерекесі.

Таңғы 6-дан бастап түнгі 12-ге дейін наурыз мерекесін тойладым. Керуендерді, ұлттық киімдерді, МузАрт тобын көріп, шыны керек, жүрегіме бір нәрсе жеткендей болды. Сол әсермен үйге қайтып келдім. Ата-анамнан кешірім сұрап, әріп тану үшін білім аламын деп шештім. Ақыры еңбектеніп, оқып жүріп Аграрға оқуға түстім. Ол кезде еден жуып, бала бағып ақша таптым. Әкем жұмыссыз ауылда еді. Бұдан бөлек туған сіңілімді осында әкелу керек.

Назарбектің ұлқызыай дегізем…

Ауылда үйдегілер де, мен де ауыр жұмыс істедік. Атызға барып түрлі жұмыстарды істедік. Осының бәрі естіп отырған алыс-жақындағы ағайын сөз қылды. Сол сөз әкеме қатты тиді. Ал ол менің намысымды оятты. Шынымды айтсам, осы күнге жетуіме сол кездегі намыс әсер етті. Әлі есімде, әкеме сол кезде: “Әке, Назарбектің ұл-қызы-ай дегізем…”дедім. Дегіздім.

Жалғасы бар…

Сұхбаттасқан: Марғұлан АҚАН

Ұқсас мақалалар

Back to top button